Қоғам • Бүгін, 21:45

Ақтөбеде жауын-шашын рекордтық деңгейге жетті

1 мин
оқу үшін

Соңғы үш апта ішінде Ақтөбеде бір жылға жуық жауын-шашын нормасы түсті. Соның салдарынан аулалар мен жолдарды су басып, су жүйелері нөсерді өткізе алмай жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Ақтөбеде жауын-шашын рекордтық деңгейге жетті

Фото: Диапазон

Ақтөбеде күн сайын дерлік жаңбыр жауып тұр. Кей кездері нөсер жаңбыр бұршақпен және найзағаймен қатар жүруде.

8 маусым күні аз уақыт ішінде қала көшелері өзенге айналды. Тұрғындар су кешіп жүруге мәжбүр болса, көліктер үлкен шалшықтардан әрең өтуде.

Тұрғындардың айтуынша, әсіресе қала орталығы су астында қалып отыр. Жиналған су уақытында тартылмайды, ал нөсер су жүйелері бар жерлерде де олардың мүмкіндігі жеткіліксіз.

Қала әкімдігінің мәліметінше, соңғы күндері жауған жауын-шашын мөлшері қаланың нөсер су жүйесіне айтарлықтай салмақ түсірген.

Қазіргі уақытта қала көшелерінде 110 ассенизаторлық көлік, бес сорғы стансасы және мотопомпалар жұмыс істеп жатыр. Ең алдымен көшелер мен жолдардағы су сорылып алынуда.

«Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларынан суды шығару жұмыстарын пәтер иелері кооперативі мен мүлік иелері бірлестігі төрағалары тұрғындармен бірлесіп ұйымдастыруы тиіс. Жауын суын ағызу үшін арнайы 30 орын белгіленді», деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Қазгидромет» болжамына сәйкес, өңірде нөсер жаңбыр аптаның соңына дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар