19 Тамыз, 2015

Игі іс

366 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
IMG_8953 Назарбаев Университет ғимаратында Медицина мектебі ашылды Жаңа оқу жылының қарсаңында Назарбаев Университет Питтсбург университетімен (АҚШ) стратегиялық әріптестік негізде Медицина мектебін ашты. Мектептің алғашқы деканы болып Глазго университеті Медицина мектебінің (Шотландия) деканы, атақты патоморфолог және жасуша адгезиясын зерттейтін биомедицина саласындағы ғалым, доктор Массимо Пинателли тағайындалды. Сондай-ақ, Массимо Пинателли Питтсбург университетінің адьюнкт-патоморфология профессоры болып табылады. «Медицина мектебі елдегі әрбір медици­налық жоғары оқу орны үшін модель болып табылады, – деді доктор Пинателли. – Жобаның мақсаты: медициналық білім беру және биомедицина саласында Орталық Азия бойынша хаб құру. Инфрақұрылымды, ресурстар мен саяси тұрақтылықты қоса алғанда, осы мақсатқа жету үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған». Мектептің ашылуы рәсімінде сөз алған келесі мейман: «Медицина мектебі тарихи кезеңді бастан кешіруде, ол өзінің алғашқы студенттері үшін есігін айқара ашты. Қазақстанның білім кеңістігін өзгертетін бірегей жобаның бір бөлігі болу біз үшін үлкен құрмет», – деді Питтсбург университеті Медицина мектебінің деканы Артур С.Левайн. Назарбаев Университет 2013 жылы Питтсбург университетінің Медицина мектебін Қазақстанда денсаулық сақтау саласында, сонымен қатар, медициналық білім беру және биомедициналық зерттеулер жүргізу саласында жаңа көшбасшылар болуы тиіс дәрігер-зерттеушілерді даярлауға бағытталған Медицина мектебін ашу үшін әріптес ретінде таңдап алды. «Медицина мектебін ашу Назарбаев Университеттің өз алдына қойған стратегиялық міндеттерінің біріне жету – білімді, ғылым мен клиникалық тәжірибені біріктіретін, сол арқылы Қазақ­станда медициналық қызмет көрсетудің жаңа үлгісі болатын интеграцияланған академиялық денсаулық сақтау жүйесін құру үшін жасалған қадам», – деді осы жөнінде Назарбаев Университет Президенті Шигео Катсу. Бұл Медицина мектебі Назарбаев Уни­вер­­ситет мектептерінің жетіншісі болып табылады. Ол университеттің ғы­лыми орталықтарымен, сондай-ақ, Астана қаласындағы Ұлттық медициналық холдингтің алты медициналық клиникаларымен тығыз ынтымақтастықта жұ­мыс істейтін болады. Басым көпшілігі Назар­баев Университетте жоғары білім алған Медицина мектебінің алғашқы 20 студенті қазақстандық және халықаралық оқытушылардан ағылшын тілінде білім алды. Питтсбург университетінің зерттеу әдістемесі жақын арада Медицина мектебінің төрт жылдық академиялық бағдар­ламасына енгізіледі. Медицина мектебінің академиялық бағдарламасы Питтсбург университетінің қолдауымен америкалық модель бойынша әзірленетін болады. Осылайша, білім беру инфрақұрылымы құрылады, ұйымдық және әкімшілік құрылым жоспарланады, қағидалар мен рәсімдер бекітіледі, оқу жоспарлары әзірленеді, сонымен бірге, қазақстандық клиникалардан оқытушы-дәрігерлерді тарту арқылы клиникалық тәжірибе де қамтамасыз етіледі. Назарбаев Университеттің Медицина мектебі Қазақстанда медициналық білім­нің сапасын жақсарту, медицина саласына қажетті өзгерістерге үлес қосу және еліміздің денсаулық сақтау жүйесіндегі жаңа реформаның талаптарына сай болу мақсатында құрылды. Мектеп әлемдік санаттағы білім беру ұйымы болуды, меди­циналық білім беру мен биомедициналық зерттеулерде тұрақты дамуды және ынталандыратын, көтермелейтін академиялық ортаны құру арқылы пациенттерге қамқор болуға, жаңашылдыққа қолдау көрсетуге, үздіксіз білім беру мен ғылыми жаңалықтар ашуға бағытталған. Мектеп терең білімі мен клиникалық тәжірибедегі заманауи технологиялар мен биомедициналық зерттеулерде дағдылары бар, Қазақстанда медицинаны және медицина ғылымын дамытуға үлес қосатын жоғары білікті және парасатты кәсіпқой дәрігерлерді даярлайтын болады. Бұл оқу орны, сондай-ақ, ағылшын тілінде оқитын медицина докторларын (MD) даярлайтын америкалық модельді ұсынады және денсаулық сақтау, білім беру және биомедицина ғылымы саласындағы болашақ медицина көшбасшыларын даярлайды. Қазіргі кезде Медицина мектебі 20 студент пен 23 оқытушыны Биомедицина ғылымдарының кафедрасына қабылдады. Ал Питтсбург университетінің Медицина мектебі жөнінде айтатын болсақ, ол биомедициналық зерттеулер саласындағы үздік академиялық орталықтардың бірі бола отырып, кең ауқымды пәндер арқылы озық технологияларды базалық ғылыммен біріктіреді. Көбінесе Медицина мектебі мен оның бөлімшелерінің арқасында Питтсбург университеті 1998 жылдан бастап Ұлттық денсаулық институтының (АҚШ) тарапынан берілетін қаржыландырудың негізгі алушыларының ондығына кірді. Ұлттық ғылым қорының (АҚШ) рейтингінде Питтсбург университеті федералдық ғылым мен инженерия саласындағы ҒЗТКЖ рейтингінде америкалық университеттердің арасында бесінші орынға ие болып отыр. Медицина мектебі инновациялар саласында көшбасшы бола отырып, өзінің академиялық және медициналық бағдар­ламаларының сапасы мен тиімділігін жақсартып келеді. Әлемдік санаттағы зерттеулерді жүргізуге қабілетті, жоғары білікті, парасатты дәрігерлер мен жаңашыл ғалымдарды даярлайды. Бұған қоса аталған мектеп Питтсбург университеті Медициналық орталығының әріптесі де болып табылады. Өңірлік экономиканың денсаулық сақтау жүйесін жетекші күшке айналдыру үшін Питтсбургте медициналық қызмет көрсетудің үздік үлгілерін дамытады. Назарбаев Университет елімізде әлем­дік деңгейдегі зерттеу университеті ретінде танылу үшін құрылды. ЖОО халық­аралық академиялық стандарттарға сәйкес жұмыс істейді, академиялық еркіндік және институттық дербестік қағидаттарын басшы­лыққа алады. Биылғы жылы маусым айында Университет өзінің ең алғашқы түлектерін ұшырды. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.