19 Тамыз, 2015

Ән ырғағына бөленген аспан

507 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
2064_oko_4 Шымкентте барша алаш жұрты ардақтайтын Шәмші Қалдаяқовтың 85 жылдық мерейтойына байланысты «Арыс жағасында» ретро фестивалі және «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауы өтті. «Шәмші – қазақтың басына берген бақ қой. «Заман озады, өмір тозады», дейді. Шәмшінің әндері қанша ғасыр өтсе де әрін де, сәнін де жоғалтпайды. Сонау алпысыншы жылдардан бері қалың қазақты махаббат бесігінде тербетіп келе жатыр. Шәмшіде жылауық ән жоқ. Қилы кезеңде халқын жасампаз әнімен рухтандырып, бәрін бір мақсатқа жұмылдыра алды. Қазақ даласын бөлшектеп, қазақ баласын кеудеден итерген келімсектерге елдің, жердің иесі кім екендігін, намысшыл Алаш баласының ешкімге кеудесін бастырмайтынын «Менің Қазақстаным» атты рухы мықты әнімен танытты. Шәмшідей рух сардары бар біздің халық бақытты ғой». Облыстық клиниканың бас дәрігері, облыстық мәслихаттың депутаты, медицина саласында өз орны бар азамат Мұхан Егізбаев осылай деген. Осымен алтыншы рет өткізіліп отырған ретро фестивальдің құрметті қонақтары Мұхтар Шаханов, Нұрғали Нүсіпжанов, Көпен Әмірбек және Нұрлан Өнербаев ұлы композитор жөнінде жүрек тербейтін естеліктер айтты. Фестиваль аясында облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Мәңгілік ән қалдырған» көрме ашылды. «Шәмші әлемі» гүл­зар­ында атақты композитордың толқын үстіндегі шабытты сәтін бейнелейтін еңселі ескерткіші бар. Қонақтар ескерткішке гүл шоқтарын қойғаннан кейін «Жұлдыздар аллея­сына» есімдері жазылған, бүгінде өнерлерімен барша жұрттың сүйіп тыңдайтын әншілеріне айналған Заттыбек Көпбосынұлы мен Қайрат Нұртасқа куәлік тапсыру рәсімінің куәсі болды. Осылайша аллеяға аты жазылған оңтүстік әнші-сазгерлерінің саны 50-ге жетті. Фестивальда облыстық филармония мен облыстық опера және балет театрының әншілері, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры, облыстық орыс драма театры, облыстық өзбек драма театры, облыстық әзіл-сықақ және сатира театры ұжымдары, «Оңтүстік циркі», Сүгір атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрі, «Қазына», «Тұмар» би ансамбльдері және балет тобы өнер көрсетті. «Арыс жағасында» ретро фестивалінде Шәмшінің отызға жуық жауһар әндері орындалды. Шымкент аспаны ән ырғағына балқып, тіршіліктің мың сан күйбеңін ұмыттырып жіберді. Ән арбаған, қосыла шырқаған тыңдармандарда есеп жоқ. Халықтың сүйікті ұлына деген махаббатында шек жоқ. Әнін жатқа айтпайтын қазақ және жоқ. Осындайда еске түседі. Айтпай бүгіп қалуға және болмайды. Композитордың «Ақсудан ұшқан аққулар» әніне байланыс­ты үлкен дау туған. Алматы облысының Ақсу ауданында жолындағы қойтастарды жаңқадай домалататын Ақсу атты өзен бар. Атақты Ілияс Жансүгіров пен ақын Сараның кіндік қаны тамған жері. Елде жазық жоқ, естігенін, көргенін айтады. Осындағы ақын-сазгер «Ақсудан ұшқан аққулар» әнін айтып жүреді екен. Менікі, өзім шығардым деп кесіп айтпаған. Кітаптарына да кіргізбегенге ұқсайды. Дүниеден өткен соң сол ақынға мүлде телініпті. Бір күні «Ақсудан ұшқан аққулардың» сөзін жазған Мұхтар Шаханов, әнін жазған Шәмші Қалдаяқов болып хабарланғанда әлгі ақынның туыстары шу көтереді. Қысқартып айтқанда, Шәмші мен Мұхтар өзгенің туындысына жиендік жасапты-мыс. Турасын айтсаң, ұрлап алған. Себеп бар. Шәмші өткен ғасырдың ән шыққан жетпісінші жылдары сол ақынның үйінде біраз қонақтап жатқан екен. Орайы келіп тұр. Құдай дегенде, Мұхтар Шахановтың тірі жүргені өтірікті өрге бастырмады. «Ақсудан ұшқан аққулар» 1971 жылы емес, 1968 жылы шыққан. Арынды Ақсу Оңтүстікті бойлап ағатын өзен. Төле би ауданы, Мәдени ауылы тұсындағы Ақсу ұзын жыраның түбінде жылтырап ағады. Кей жерінде атақты өзеннің екі сағасына екі аяғыңды қойып тамашалай аласыз. Тілік жердің түбінде сарқырап жатыр. Былай өте жалпақ жағалауға айналады. Ән осы Ақсуға арналған. Шаха­новтың ұтқан жері, әні мен сөзі нотасымен бірге жергілікті 1968 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетіне шыққандығы. Әнді алғаш орындаған, радиоға жаздырған сол кезде студент, бүгінде респуб­ликаға мәшһүр кәсіпкер Серікжан Сейітжанов. Осылайша көңілсіз дауға нүкте қойылды. Шәмші біреуден ән ұрлайтын адам ба? Біз бұл сұрақтың жауабын композитор Ілия Жақановтың бір естелігінен тапқандай болғанбыз. Бұл өзі «Ақсудан ұшқан аққулар» дауына дейін жазылған дүние, Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Талдықорған облыстық мәдениет басқармасының шақы­руымен бір топ ақын-сазгерлер Жетісу жеріне келеді. Ас та төк ас. Жарқын қабақ, кішіпейіл көңіл. Дастарқанға ащы су міндетті түрде қойылады. Шәкеңнің дүркіреп жүрген кезі. Көңілі шалқығанда салфеткаға нота жазып, «жігіттер, мен ән жаздым» дейді екен. Бір емес, екі емес, бес-алты рет солай жасаса керек. Ілия ағамыз үстел үстінде қалған, жерге еденге түсіп кеткен әлденеше салфетка қағазды қалтасына салып алыпты. Арада екі-үш апта өткеннен кейін Шәкеңнің үйіне келеді. Сөз арасында: «Шәке, мен жаңа ән жаздым», дейді. Шәмші елп етіп «орындашы» дейді. Бірінші әніне мақтау айтады. Екінші әнін орындайды. Үшінші. Төртінші. «Ілия-ау, тамаша әндер жазыпсың ғой», дейді Шәкең шаттанып. – Шәке аға, шынымен мына әндерді танымадыңыз ба, сіздікі ғой десе, Шәмші таңданады дейді. «Мен мұндай әндер жазған жоқпын ғой», деп. Міне, Талдықорған сапары, әнге мұхит Шәмшінің біреуден ән ұрламақ түгілі дос композиторына ән сыйлағанын естігенбіз. Шәмшітанушы сазгер Қалдыбек Құрманәлі: «Шәмшінің ән ырғағы, өзіндік стилі атақты бір-екі композиторлардың туындыларынан байқалып қалатыны рас. Бірақ, көзі тірісінде Шәмші ыңғай бермегеннен кейін, бұл тақырыпқа енді оралмауға келіскенбіз» деген. Дұрыс, есті сөз. Бір әннің екіншіге ұқсап тұратындығы болады. Ол ұрлап алды дегенді білдірмесе керек. Бірақ, бізде арзан дақпырт қуалағандар кейде асырып жібереді. Кезінде Тынышбай Рахы­мовтың «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнін Қытай қазақтарының әні деп ақынды әбден күйдіріп еді. Кейінгілер одан асып түсті. Атақты композитор Нұрғиса Тілендиевтің шоқтығы биік туындысы «Ата толғауын» Шыңжаңдағы Іле-Қазақ автономиялық облысындағы белгілі қарт күйшіге теліді.Тіпті, біздің аты шыққан белгілі күйшіміз: «Нұрғиса Тілендиев-композитор емес, мықты әрлеуші», дегенді баспалап айтып жіберді. Тасада жатып тас ататындар Шәмші мен Нұрғисаны композитор емес десе жетіскен екенбіз. Бұл екеуі кейбір жүз миллиондаған халқы бар мемлекетте жоқ хас талант, су түбінде жататын маржан, рухани байлығымыз емес пе?! Мұның бәрін таусылып айтпас та едік, кейбір тыңдармандар жақсыға сөз лақтырған айтаққа сеніп қалады. Пәленшекең мықты ма десек, ұры екен ғой дейді. Сонымен 800-ге жуық Оң­түстік өнерпаздары Шәмші Қал­дая­қовтың туындылары мен оған арналған әндерді орындады. «Менің Қазақстаным» ән байқауында үміткерлер байқаудың бірінші кезеңінде Шәмшінің бір әнін, екінші кезеңінде жергілікті композиторлардың әнін нақышына келтіре орындады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Астана қала­сында өтетін Ш.Қалдаяқов атын­дағы халықаралық «Менің Қазақ­станым» ән байқауына жолдама алды. Ән-күйге бөккен екі күн Оңтүс­тік халқының ғажайып күндеріне айналды. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». ШЫМКЕНТ. Суреттерді түсірген Мақсат ШАҒЫРБАЕВ.