Елорда • Бүгін, 08:37

Арманға жетелеген Астана

6 мин
оқу үшін

Дамуы уақытпен жарысқан елорданың негізгі қуаты – жастар. Жасампаз идеяға толы олар Астананың тыныс-тіршілігіне жаңаша серпін беріп келеді. Волонтерлік қозғалыстағы белсенділігімен қатар, шағын және орта бизнестегі үлесі, ғылым мен инновация саласындағы жобалары бас қаланың әлеуметтік-экономикалық тамырына қан жүгіртіп отыр.

Арманға жетелеген Астана

Бүгінде елорда халқы 1,6 миллионнан асты. Ресми деректерге сәйкес, шаһарда 14-35 жас аралығындағы 516 мыңнан аса азамат шоғырланған. Соның бірі – 18 жасында Жетісу­дан арман қуып келген Айбол Арғынғазинов. Бүгінде ол «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы бас­қарма төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Оның айтуынша, Астана инвестиция тарту тұрғысынан үлкен әлеуетке ие. Дамыған инфрақұрылым, креа­тивті хаб пен технопарктер, тіп­ті халықаралық форумдар бас қала­ның тартымдылығын еселей түседі.

– Осы қалада оқып, бас ша­һар­­­да еңбек етіп жүргеніме 15 жыл­­ға жуықтады. Мен секілді жас­­­­та­рдың елордаға ағылуы Астана­­­ның жаһандық нарыққа шы­­ғуына қауқарын арттырады. Ислам даму банкінің «Цифрлық эко­номикалық форматқа кө­шіру­ді ын­таландыру арқылы инвес­ти­циялық үдерістердің сапасын арттыру», Еуразия даму банкінің «Ин­вестициялық жобаларды ақпа­рат­тық-мониторингтік бақы­лау платформасын әзірлеу» грант­тық жобаларының жетекшісі болдым. Осы аралықта байқағаным, елорданың әлеуеті жыл өткен сайын ашыла береді. IT-хабтардың дамуы, IT-қызметтер экспортын ұлғайту жөніндегі мемлекеттік бастамалар мен инновациялық жобалар Астананың жаңа экономика­лық келбетін қалыптастырады. Жас әрі болашағы зор мега­полис бүкіл өңір­дің маңызды эконо­микалық, көлік және ин­новациялық орта­лық­та­ры­ның біріне айналады, – дейді Айбол.

Елорданың адам капиталына иек артқанын жастардың білімге, инновацияға, қоғамдық жауап­кер­шілікке деген белсен­ділігінен бай­қауға болады. Мәселен, елордалық Жәңгір Әбуов әр адам­ның қанша су тұты­натынын есептей­тін арнайы платформа ойлап тапты. «Су ізі» деп аталған қосымша пайдаланушы енгізген деректерді автоматты түрде өңдеп, ұсыныс жасайды.

– Судың да сұрауы бар деп ата-бабаларымыз бекер айтпаған. Қазіргі әлем ел­деріне тіршілік нә­рі­не тапшылық бар. Бұл бізді де айналып өтпейтіні бел­гілі. Сон­дықтан үнем­ді пайдалануға көшу уақыт күттірмейді. Біз­дің плат­форманың көз­дегені де мақсаты да осы – әр адам­ның суға деген көз­қарасын өзгерту. Жүйе пайда­ланушының тұрмыстық қажетті­лік пен тамақтану кезіндегі тіке­лей не жанама су тұтыну кезіндегі күнделікті әдеттерін автоматты түрде есептейді. Ол үшін арнайы 17 сұраққа жауап беріп тестілеуден өтесіз. Кейін 2 минутқа жетпей суды қай жерде шектен тыс жұмсап жатқанын көрсетіп, нақты ұсыныстарымен нәтижесін шығарады, – дейді Жәңгір.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда су ресурстарын ұқыпты пайдалану үшін ІТ шешімдермен қатар қоғамның суға деген оң көзқара­сын қалыптастырудың маңызына тоқталған еді. Өйткені  елімізде 2030 жылға қарай су тапшылығы 15 млрд текше метрге дейін жетуі мүмкін. Жәңгірдің жаңа платформасы күнделікті қарапайым әдеттердің өзінен жылына мыңдаған литр су шығынын едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Мұны жоғары бағалаған Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жас өнертапқыштың жобасын мемлекеттік деңгейде енгізуге  ата-анасымен арнайы келісімге қол қойды. Осылайша, мектеп оқушысының стартапы елдегі су тапшылығын шешуге көмектеседі, әзірге жүйе жетілдіріліп жатыр.

Жастардың қалалық инфра­құ­рылымды оңтайландыруда да орны бар. Қоғамдық көліктердің жүктемесін барынша азайтуға UvU.kz компаниясының маршруттарды оңтайландыруға арналған жасанды интеллект алгоритмдері мен жолаушылар тасымалы сала­сындағы өзіндік операциялық тәжірибені біріктіретін Mobility-as-a-Service (MaaS) автобус платформасы 2021 жылдан бері жұмыс істейді. Мұны да жастардан құралған команда іске қосты. Бұл – Астанадағы кептеліс пен жаңбыр не қар жауса, бағасын шарықтатып жіберетін такси қызметіне балама ретінде ұсынылған.

– Мектептерге және қалаларға арналған автобус шаттлдары платформасы. Қазір UvU.kz Алматы, Астана және Жидда қала­ла­рын­да жұмыс істейді. Платформа арқылы 30-дан аса компания мен 15 жекеменшік мектеп тасымал және трансфер қызметін пайдаланып отыр. Шағын автобустар белгіленген бағыттарда қатынайды. Жол жүру құны – 800 теңгеден

1 200 теңгеге дейін. Көліктерде тек отыратын орындар қарастырылған, әр шағын автобус 15-18 жолаушыны тасымалдай алады. Кейбір бағыттар арнайы бөлінген автобус жолағын пайдаланады. Жақында Әзербайжанның ірі инвестициялық қорынан қаржы тарттық. Енді күн сайын қатынайтын шаттлдар санын 600-ге дейін жеткіземіз, – дейді UvU.kz компаниясының тең құрылтайшысы әрі бас директоры Мадияр Төлеуғали.

Бүгінде Астанадағы әрбір үшінші тұрғыны – жас. Инвестиция тартып жүрген басқарушы да, су үнемдеудің цифрлық шешімін ұсынған оқушы да, қоғамдық көліктің жаңа моделін іске қосқан кәсіпкер де – осы буынның өкілі. Демек, елорданың ертеңгі келбеті жастардың бүгінгі бастамасымен қалыптасып жатыр деуге толық негіз бар.

Соңғы жаңалықтар

Болған ана шапаны

Руханият • Бүгін, 09:47

Жастар жиі оқитын кітаптар

Қоғам • Бүгін, 09:44