Білім • Бүгін, 08:35

Зияткер ұрпақ – ұлт келешегі

2 мин
оқу үшін

Өңір басшысы Асайын Байханов халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми конкурстарда топ жарған, жүлдегер атанған дарынды оқушылармен кездесті.

Зияткер ұрпақ –  ұлт келешегі

Аяқталған оқу жылы Ертіс-Баян өңірі үшін аса нәтижелі болды. Павлодарлық жас өрендер түрлі деңгейдегі беделді зияткерлік жарыстарда 307 медаль жеңіп алып, жыл қорытындысы бо­йынша облыс құрамасы «Үздік олимпиадалық команда  – 2026» атанды.

Оқушыларды жетістіктерімен құттықтаған өңір басшысы жас таланттардың табыстары бүкіл облыс үшін ерекше мақтаныш екенін атап өтті.

– Бүгін осы залға жиналған талантты жастар – Отанын шынайы сүйетін патриот ұрпақтың үздік өкілдері. Биыл облысымыз 307 медаль жеңіп алып, еліміздің көшбасшы өңірлерінің қатарына енді. Халықаралық деңгейдегі 56 марапат баршамызға үлкен мақтаныш. Бұл павлодарлық оқушылардың жоғары зияткерлік әлеуетінің айқын дәлелі, – деді Асайын Байханов.

Ол қазіргі әлемнің технология­­­лар­дың ықпалымен қарқынды өзгеріп жатқанын атап өтіп, бүгінгі оқушылар ертеңгі жаңашыл өзгерістердің көшбасшылары болатынын айтты. Сонымен қатар адалдық, жауапкершілік, әділдік секілді құндылықтардың маңыз­дылығына тоқталды. Ұстаз­дар мен ата-аналарға да алғыс сөздер айтылды. Әрбір жоғары жетістіктің артында ұзақ жылғы еңбек, отбасының қолдауы мен ұстаздардың кәсібилігі тұр­ғанын ерекше атап өтті.

Өңір басшысы халықаралық және республикалық зияткерлік жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Алғысхаттар мен ақшалай сертификаттар табыстады. Ал оқушылар облыс басшылығына көрсеткен жан-жақты қолдауы мен қамқорлығы үшін алғыстарын білдірді.

– Өңірімізде мақтан тұтуға тұрарлық талантты әрі дарынды жастар өте көп. Жас дарындарға қолдау көрсету бізді одан әрі дамуға, жаңа білім алуға ынталан­дырады, – деді Павлодар қала­сындағы ер балаларға арнал­ған «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушысы, ашық халықаралық олимпиаданың және биология пәні бойынша республикалық олимпиаданың алтын медаль иегері Ерсұлтан Қайыркен.

«Бүгін осы жерде болу – әрқай­сымыз үшін үлкен мәртебе әрі зор мақтаныш. Олимпиадалардағы жеңіс­теріміздің артында облыс басшылығы тарапынан көрсетілетін үлкен қолдау тұр. Жастардың әлеуетіне сеніп, әр таланттың ашылуына жағдай жасап отырғандарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз»,  деді Павлодар қаласындағы №8 мек­теп-лицейінің оқушысы Юлия Катунина. Ол қыздар арасындағы Еуропалық олимпиаданың және республикалық олимпиаданың күміс жүлдегері, сондай-ақ Азия-Тынық мұхиты халықаралық олимпиадасы мен «Жібек жолы» халықаралық олимпиадасының қола жүлдегері.

 

Павлодар облысы

Соңғы жаңалықтар

Болған ана шапаны

Руханият • Бүгін, 09:47

Жастар жиі оқитын кітаптар

Қоғам • Бүгін, 09:44

Әлемдік додада топ жарды

Технология • Бүгін, 08:50

Пайдасы көл-көсір көмір күлі

Аймақтар • Бүгін, 08:49