Медицина • Бүгін, 10:08

Кеңгір ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды

6 мин
оқу үшін

Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласынан небәрі сегіз шақырым жерде орналасқан Кеңгір ауылдық округінде жаңа фельдшерлік-дәрігерлік амбулатория ашылды. Елді мекенде шамамен 3 мыңға жуық халық
тұрады.

Кеңгір ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласын да­мытуға, әсіресе ауылдық жерлердегі медициналық инфрақұрылымды жаң­ғыртуға ерекше көңіл бөліп келеді. Президент тапсырмасына сәйкес Ұлытау облысының қала-аудандарында жаңа медициналық нысандар салынып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы жақсара бастады. Өңірде медици­на саласының сапасын жақсартуға қатысты жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Облыс құрылғалы бері 26 жаңа нысан ашылды. Екі медициналық мекемеде күрделі жөндеу жұмысы то­лық аяқталды. Қазіргі уақытта тағы бес нысанда жөндеу жұмысы жалғасып жатыр.

21 бірлік «Жедел жәрдем» көлігі сатып алынды. Жасанды интеллект көме­гімен радиологиялық зерттеулердің бір­ыңғай деректер базасы құрылды. Барлығы 333 бірлік жабдық сатып алынды, оның ішінде жоғары технология­лық құрал-жабдық – роботты микроскоп, ­128 кесінді компьютерлік томография, ангиограф аппараттары бар.

Өңірде ауылдағы медицинаның дамуына мән берудің маңызы зор. Биыл Ұлытау ауданында жаңа аурухана пайдалануға беріледі. Жаңа­арқа аудандық ауруханасында күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Шалғай елді мекендердегі жиырма шақты фельдшерлік-акушерлік, медициналық пункттер, дәрігерлік амбулаторияларды жаңарту жұмыстары қолға алынған.

Салаға білікті дәрігерлер тарту басты назарда. Облыстық бюджет есебінен медицина қызметкерлерін ынталандыру, әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі. Өңірге келген 84 дәрігерге көтерме жәрдемақы төленді. Оның ішінде ауыл­дық жерлерге келген 23 маманға 8 млн теңгеден қаражат берілді. Оған қоса тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

«2025 жылы облыстық көпсалалы ­ауруханада күрделі жөндеу жұмысы бас­талды. Аурухана үш жыл ішінде толық жаңартылады. Мұнда кардиология, ­гастроэнтерология, пульмонология, ревматология, госпитальдық фармация сияқты бес жаңа бөлімше ашылады. Онкологиялық аурулардың алдын алу, ерте анықтау, емдеу жөніндегі жұмыстар күшейтіліп келеді. Егер үш жыл бұрын 20 төсектік бөлімде небәрі екі маман жұмыс істесе, бүгінде жеті маман жұмыс істейді. Онкохирургтарды даярлау жө­ніндегі жұмыстар да жүргізі­леді. Бөлімше қажетті жабдықпен толық жабдықталған. Сонымен қатар 100 төсектік облыстық аурухананың жаңа ғимаратын салу арқылы бөлімшені кеңейту жоспарда бар», деді облыс әкімі Дастан Рыспеков.

Кеңгір ауылындағы 25 кереуеттік жаңадан салынған фельдшерлік-дәрі­герлік амбулатория «Ауылда ден­сау­лық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынып, пайдалануға берілді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» қанатқақты жобасының бас­ты міндеттерінің бірі – жетіспейтін медициналық-санитарлық алғаш­қы көмек ұйымдарын, атап айтқанда, медициналық, фельдшерлік-акушер­лік пункттер, дәрігерлік амбулато­рия­лар салу арқылы барлық ауылдық елді мекен­дерді сапалы медицина­лық инфра­құрылыммен қамтамасыз ету. Екінші міндеті – ауылдық денсаулық сақтау ны­сандарын медицина кадрлары­мен қамтамасыз ету. Демек, ауылдық ден­саулық сақтауды жаңғырту ісі халық­тың өмір сүру ұзақтығын, әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді.

Жаңадан ашылған дәрігерлік амбу­латория ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмекті сапа­лы әрі дер кезінде алуға мүмкіндік береді. Әсі­ре­се аналар мен балалар ден­сау­лығын сақтау, профилактикалық жұмыс­тар жүргізу, ауыл тұрғындарының денсау­лығын бақылауда ұстауға бұл нысан аса қажет. Жаңа амбулаторияның ал­ғаш­қы медициналық көмек көрсету каби­неттері, профилактикалық тексеру бөлмелері, қолданылатын медициналық жабдықтары талапқа сай.

Медициналық нысанның құры­лыс жұмысын мердігер – «Астана прем­­и­ум құрылыс» ЖШС жүргізсе, «Достар құрылыс тобы» ЖШС техникалық қада­ғалау жасады. Дәрігерлік амбулатория құрылысына 416 млн 971 194 теңге қаражат жұмсалды. Медициналық ны­сан 2025 жылы Мемлекет басшысы­ның тап­сырмасын орындау мақсатында елі­міздің Бас прокуратурасы қайтарған активтер есебінен салынды. Денсау­лық сақтау нысаны тәулігіне 20-дан аса тұрғынға қызмет етеді. Сонымен қатар мұнда күндізгі стационар жұмыс істей­ді, онда 10-ға жуық ем түрі көрсетіледі. Ден­саулық саласының қызметкерлеріне барлық жағдай жасалған. Кеңгірлік­тер заманауи медицина жабдығының көмегіне сүйене алады.

Нысанның ашылу салтанатында өңір басшысы облыста қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік маңызы бар нысандардың кезең-кезеңімен салынып, халық игілігіне беріліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ жүйелі жұмыстардың жүзеге асуына қолдау көрсеткен Бас прокуратура мен облыс прокуратурасына ризашылығын білдірді.

«Осы ауылда мейірбике болып жұмыс істегеніме 46 жыл болды. Бірталай қиын баспалдақтан өттік. Бұрын отбасылық дәрігерлік амбулатория ғимараты жеке­­­меншік еді. Иесі сатып жіберген соң Жезқазған қаласының емханасына ауыстық. Одан кейін Кеңгір ауылдық окру­гінің әкімдігі өз ғимаратынан тегін бөлме беріп, жеті жыл бойы жұмысы­мызды сонда жалғастырдық. Енді жаңа медициналық ғимарат ашылып, қуанып жатырмыз», дейді Гүлсім Алтаева.

Сөйтіп, Кеңгір ауылында қайтарыл­ған активтер қаражаты есебінен салын­ған жаңа дәрігерлік амбулатория енді халық игілігі­не айналады. Медициналық нысанның ашылу салтанатында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков пен Ұлытау облысы­ның прокуроры Жасұлан Еламанов құттықтау сөз сөйлеп, Кеңгір ауыл­дық ардагерлер кеңесінің мүшесі Шай­­мұхамбет Нұрымов ақ батасын берді.

Ұлытау облысы

Соңғы жаңалықтар