18 Тамыз, 2015

Азаматтық біртектілік деңгейі мақсаты ортақ халықтың ұстанымы

721 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
IMG_8214 Қоғамдағы біртектілік пен бірлік ұғымы Қазақстан дамуы­ның ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарындағы айрықша басым­дыққа ие болып отыр. Ол бола­шақтың бірыңғай ұлтын қалып­тастырудағы институттық рефор­маның негізін де қалыптастырады. «Біз өзіміздің тұрақтылық және келісім моделін дамытуда айтар­­­лықтай табыстарға жеттік. Соны­мен қатар, қазақстандық біртек­тілікті одан әрі нығайту қажет. Ол азаматтық қағидатына негізделуі тиіс. Осындай жағдайда азаматтық орнықты және табысты мемлекет­тің ең сенімді іргетасы болады», деп атап көрсетті Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясы­ның ХІV съезінде сөйлеген сөзінде. Марзият ЮсупонаОсынау маңызды мәселелерді шешудің нақты жолдары «100 нақты қадам» Ұлт жоспары стратегиясында ашып көрсетілді. Қазақстан Конституциясына сай барлық азаматтар құқықтың бір көлемін пайдалануы, жауап­кершіліктің бір жүгін арқалауы және тең мүмкіндікке қолже­тімділікті иеленуі керек. «Мәңгілік Ел» идеясы арқауындағы жұмыл­дырушы құндылықтар – азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық, оқымыстылық пен білімді қастер тұту, зайырлы ел – тағаттылық елі. Тәуелсіз еліміздің қарышты да­муы халқымыздың ортақ ниеті мен тілегінің салтанат құруы­на жол ашты. Мемлекеттік саясат­тың беріктігі мен ашықтығы нәти­жесінде біздің елімізде 17 кон­фес­сияның өкілдері бейбітшілік пен келісімде тату-тәтті тұрып жатыр. Бұл орайда, Елбасының стра­­­тегиялық ой-пайымдары не­гізін­де құрылған Қазақстан халқы Ассам­блеясы қоғамдық өмірдің қозғаушы күші деңге­йіне көтерілді. Құрылған 20 жыл ішінде беделді ұйым жалпы­­­халық­тық өкілеттегі әлеумет­тік бас­тамалардың орталы­ғына айналып, кезек күттірмес мәселе­лерді шешудегі ғылы­ми-шығармашылық зор әлеует­тегі ­институт ретінде танылды. Ақмо­ла облыстық ассамблеясы да сан-салалы қызметін аталған талаптар деңгейінде ұйымдастыруға күш салуда. Қазақстан халқы Ассам­блеясы Төрағасының тап­сырма­­­ларын орындау үшін аймақ­тық құ­рылымымыздың атқарушы орган­дармен, азамат­тық қоғам инс­ти­тут­тарымен ынтымақты қарым-қаты­­насы қалыптасып, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты орнық­тыру­­дағы іс-қимыл тәжірибеміз маз­­мұндық жағынан байытыла түсуде. Біздің игі ұмтылыстарымыз азаматтық біртектіліктің деңгейі еліміздегі ұлан-ғайыр өзгеріс­тердің қарымымен өлшенетіндігін көрсетеді. Бұл, бейнелеп айтқанда, қоғамның нығаюының, қоғамдық күштердің мақсат бірлігінің, мемлекет тұтастығының алғышартының бекемдігінің «барометрі» сияқ­ты. Мұндағы көрсеткіштер азамат­тарымыздың Отан алдындағы жауапкершілігімен, ортақ мүдде жолындағы белсенділігімен өлше­неді. Біз институттық рефор­ма­дағы 4-ші қадамда ерекше атап көрсе­­тіл­ген осынау міндеттер талабы­нан көрінуді абыройлы парыз санаймыз. Қазақстандағы тұрақтылық­тың өзге мемлекеттерден артықшы­лы­ғы еңбек ұжымдарының, әрбір елді мекендегі жергілікті қауым­дастықтың мақсат бірлігінен көрініс табады. Бүгінгі күні Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамашылдығымен құрылған Қоғамдық келісім кеңестері осы құндылықтардың ұйытқысына айналды деп айта аламыз. Біздің облысымызда 266 кеңес құрылған, оларды ауылдық округ әкімдері басқарады. Оның құрамындағы беделді азаматтар жергілікті өзін-өзі басқару қозғалысын дамытуда елеулі еңбек сіңіруде. Мәселен, Степногор қаласындағы қоғамдық келісім кеңесінің белді мүшесі Гүлмайра Баймақова қала аумағындағы өзінің Қарабұлақ ауылын «кіші ассамблея» ретінде ардақ тұтады. Ол «Жер-Ана Астана» қо­ғамдық қорын құрып, туған ауы­лының көз тартарлықтай құлпы­руына күш салып жүр. Мұндай жандар өңірімізде көп және олар ел мақтанатындай өнеге шашып жүр. Президент Н.Назарбаев Қа­зақстан халқы Ассамблеясы еліміз бойынша қайырымдылық акцияларының өрістеуіне ұйыт­қы болуы керектігін атап өтті. Осыған байланысты көптеген ақмолалықтар Қазақстан халқы Ассамблеясы жылындағы игі істерге белсене қатысуда. Аз уа­қыттың ішінде жерлестеріміз «Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 ізгі іс» бастамасының символына айналған «Тайқазанды» 22 миллион теңгемен толтыруға сүбелі үлес қосты. Сондай-ақ, қайырымдылық дастарқандары жайылып, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған концерттер, донорлық қозғалыс өрістеуде. Мұндай шаралардың ауқымы кең. Қазіргі күні «Мектепке – жол» акция­сының белсенді қаты­сушы­лары арасында Ассамблея мүше­лерін көптеп кездестіруге болады. Облыстық ассамблея жанын­дағы аналар кеңесі, журналис­тер клубы, балалар және жастар қауымдастығы, халықтық қол­данбалы өнер үйірмесі, ғылы­ми-сараптамалық кеңес сияқты қоғамдық ұйымдар қызме­тінің аясы кеңейе түсуде. Олар облыстығы 45 этномәдени бір­лестіктерінің әртүрлі іс-шарала­рына қатысып, жұртшылық ілтипатына бөленуде. Мұндағы жұмыстар этностық топтар мүддесімен шектеліп қалмайды. Мәселен, «Видергебург» неміс қоғамы мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетуде. Жуырда қоғам жанынан «Wunderkind» аталатын мектеп жасына дейінгі балаларға қосымша дайындық орталығы ашылды. Онда жасөспірімдерге жалпықазақстандық құндылықтар негізінен дәріс беріледі. Ұлт дамуы стратегиясының Ассамблеяға қатысты 4-ші бағы­тында: «Мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Қа­зақтар Жаңа Қазақстанның болмысын қалыптастыруда барша ұлыстарды ұйыстырушы рөлге ие», деген жолдар бар. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, елге танымал ағамыз Мейрамбек Қиықов екі жылдан бері «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігін басқарып келеді. Жұмыс ауқымын кеңіткен бұл бірлестік жыл басында екі тілде шығатын «Көкше дидары» газетін жұртшылыққа тарата бастады. Онда мемлекеттік тілді насихаттаумен қатар, еліміздің қазақы болмысын сақтау мәселелеріне қатысты мақалалар жарияланып тұрады. Бұған қоса Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлкеттік университетінде «Қоғамдық келісім» орталығы жұмысын бастап, онда жерлестеріміздің мемлекеттік тілді меңгеруіне қолайлы жағдайлар жасалды. Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Назарбаев былтыр ашқан «Қо­ғамдық келісім» сарайы жұрт­­­шылықтың жиі жиналатын мә­дени-рухани орталығына айнал­ды. Мұнда Қазақстан халқы­ның достығы мен бірлігін қалыптас­­­тыруға бағытталған кең көлемді қо­лайлылықтар қамтамасыз етілген. Бұл орталық қазірдің өзінде Алматы облыстық ассамблеясының, шетел­дік қоғамдық ұйымдардың делегацияларын қабылдап, астаналық облыс жұртшылығының емен-жар­қын тұрмысын үлгі етіп көрсетті. Жоғарыда аталған мысалдар қазақстандық біртектілік пен бір­лік ұғымының мызғымас­тығын көрсетеді. Достық туын әрқа­шан биік ұстайтын халқы­мыз өзінің тұтас ұлттық ұстаны­мы – «Мәңгілік Ел» идеясы­ның жар­қындығына сеніп қана қоймай, оның асыл игіліктеріне бөленетіні анық. Өйткені, мақсаты бір халық­тың арманы да асқақ болмақ. Марзият ТОХАЕВА, Ақмола облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі. Ақмола облысы.