18 Тамыз, 2015

Жеке қасиеттер мен кәсіби дағдылар

812 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
DSC_0507жаңа үлгідегі тәртіп сақшыларын қалыптастырудың басты өлшемі Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Назарбаев бес институттық ре­форманы жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамды атап көрсетті. Бұл бастама экономика, білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет, сот жүйесі сияқты қоғамдық өмірдің барлық салаларын қамтитын болады. Оның барысында Президент кәсіби мемлекеттік аппарат құруға ерекше көңіл бөлді. Өйткені, сыбайлас жемқорлыққа жол бермей, сапалы мемлекеттік қызмет көрсету арқылы ғана еліміз ілгері дамып, құқықтық сипатқа ие бола алады. Құқықтық мемлекет ұзақ уақыт тарихи даму үрдісінде құрылады. Заң үстемдігі құқықтық мемлекеттің алғашқы көрсеткіші болып табылады, қоғамдық өмірде оның үстемдігі заң арқылы реттеледі. Бес институттық реформаны іске асыруда заң үстемдігін қамтамасыз ету маңызды бағыт болып есептеледі. Қазақстан Республикасының Президенті қазақстандық мемлекеттілікті нығайтудағы осы бағытты кезең-кезеңмен іске асырудың нақты міндетін қойды. Құқық қорғау органдарының алдында барлық мемлекеттік органдармен қатар дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену бойынша Ұлт жоспарын қамтамасыз ету талабы тұр. Заң үстемдігін іске асыру кезінде біз полиция қызметкерлерін іріктеу жүйесін жақсартуға мін­дет­тіміз. Жеке қасиеттері мен кәсіби дағ­дылары – жаңа үлгідегі полицейді қалыптастырудың басты өлшемі. Мемлекеттік қызметтің арнайы түріндегі полиция қызметінің идеалы ретінде біз жастарды мектеп табалдырығынан бастап дайындауымыз керек. Бұл ретте Солтүстік Қазақстан облысының ішкі істер департаменті бірқ­а­тар шаралар қабылдауда. Депар­тамент мұражайында «ашық есік күндерін» өткізіп, полиция бөліністеріне мектеп оқушыларына экскурсия жасату арқылы олар­дың қызығушылығын оятамыз. Мектеп оқушылары біздің жұмысымызды өз көздерімен көре алады. Саналы түрде біздің маман­дығымызды таңдаған жоғары сынып оқушыларына назар ауда­рылады. Полиция офицерінің ман­сабы мен өмірі өзін іштей бағыт­тауы, қиыншылықтарға дайын­­дығына байланыс­ты. ІІМ маман­дандырылған оқу мекемелеріне түсіп, сонда тұру әлсіз балаларға қиын болады. Сондықтан, біз ҚР ІІМ тәртіптемесінің талап­та­рын қатаң сақтап, аттестаттары жақсы және спортта көрсет­кіштері бар түлектерді жіберуге тыры­самыз. Биыл 70-тен астам жас маманды жұмысқа қабылда­дық, көпшілігі ҚР ІІМ оқу мекеме­ле­рінің түлектері. Олардың бейім­делуі біздің бақылауымызда. Әрқай­сысына алғашқы бұйрықтан бастап тәжірибелі тәлімгерлерді бекітеміз. Алғашқы қызмет жылдары қиын болары анық. Теориядан өмір тәжірибесіне ауысу үрдісі, төзімділік, психологиялық тұрақ­тылық, өз бетінше жеке шешім қа­былдау сияқты сынақтарға тал­май үйретеміз. Бұған тиімді тұрмыс­тық жағдайларды қоссақ, бұл өз кезегінде жас офицердің қалып­тасуына оң әсерін тигізері сөзсіз. Дәл осы кезде тәлімгердің, тәжірибелі әріптестің сапалы да салмақты көмегі қажет. Жедел қызметтік тапсырмаларды бірлесе атқару, қызмет өзгешеліктерін түсіндіру, қылмыскермен бетпе-бет келуге дайындау, қоғамдық іс-шараларды өткізуге жас қыз­меткерлерді тарту – бұл тәлім­герлермен жүргізілетін кешенді іс-шаралардың бір бөлігі ғана. Өткізілетін жас қызметкерлер слетінде жыл сайын жас буын үздіктерін ғана марапаттап қоймай, қызметін адал атқарған тәлім­герлерді де атап өтеміз. Ішкі істер департаменті басшы­лығы жас қызметкерлердің дайын­дық деңгейін арттыру үшін қоғам­дық маңызды, патриоттық, ғылыми-практикалық іс-шаралар өткізуді басты бағдар еткен. Жаңа қылмыстық заңнамаға көшуге байланысты өткен жылы желтоқсанда және ағымдағы жылы сәуірде жаңа заңнаманы әзірлеген беделді ғалым-заңгерлердің, Қазақстанның белгілі заңгерлері Исидора Борчашвили, Марат Қоғамов, Айдархан Сқақов, Марат Бәшімовтердің және Бас прокуратура өкілдерінің қатысуымен екі рет семинар өткізілді. Бұл ғылыми-практикалық іс-шаралар полиция қызметкерлерінің кәсібиліктерін арттыруға септігін тигізді. Жыл сайын департаментте жас қызметкерлер слеті өткізіліп тұрады. Осы жолғы слетте қала әкімі Марат Тасмағамбетов ішкі істер қызметкерлеріне пәтер кілт­терін табыстады. Сондай-ақ, грамоталармен, алғыс хаттармен марапатталды. Жас қызметкерлерді тәрбиелеу үдерісі жан-жақты болуы қажет: басшылық тарапынан да, ата-аналары тарапынан да. Бала кезінде санасына сіңірген қадір-қасиет, ар-намыс сияқты түсініктер біздің қызметте ауадай қажет. Кәсіби біліктілік пен тәжірибе жинап, өсудің сатысынан өтулеріне барлық жағдай қарастырылған. Солтүстікқазақстандық полицейлермен дайындалған қайы­рымдылық концерттері ішкі істер органдары қызметкерлерінің патриоттық және адамгершілік тәрбиесіне зор үлес қосып келеді. Жеңістің 70 жылдығына арналған негізгі іс-шараның бірі – Кеңес Одағының Батыры, ішкі істер органдарының ардагері Филипп Чижиковке арналып, оның туған жері Қызылжар ауданы Березовка селосында ескерткіш ашылды. Майдангердің өмірі, ерлігі мен ержүректігі офицерлер құрамына үлгі етілді. Елбасының «100 нақты қадам» бағдарламасында мемлекеттік органдар жанында қоғамдық кеңестер құрып, мемлекеттік қыз­меттің ашықтығын, қоғам өкілдерін мемлекеттік орган­дардың жұмысына араластыру мақсаты қойылды. Яғни, заң қабылдау арқылы қоғамдық кеңестердің жұмысын кеңейту көзделген. Осы орайда, ішкі істер департаменті жанынан құрылған қоғамдық кеңес жұмысының ауқы­мын кеңейте түспек. Оны қала­лық мәслихаттың депутаты Жас­ұлан Ахметов басқарады. Олар­дың қатысуымен азаматтарды қабыл­даудан бастап аппараттық және жедел жиналыстарға дейін ашық­тық қамтамасыз етіледі. Тәр­тіп­тік кеңестің отырыстары да бей­не­селектор режімінде өтеді. Мұ­ның өзі басшылық буынға дейін тәр­тіпті қатайтуға мүмкіндік береді. Полицияның халық алдында ашықтығын қамтамасыз ететін тағы бір шара – азаматтармен жеке қабылдаулар ұйымдастыру, жергілікті жерлерде есеп беру жиындарын өткізу болып табылады. Толғақты мәселелерді бірлесіп талқылау арқылы елді мекендер тұрғындарының мұң-мұқтаждарын шешу жолдарын да тынбай қарастырып келеміз. Учаскелік инспекторлардан да осы жұмыс әдісі қатаң талап етіледі. Заңның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету мемлекетіміздің құқық қорғау жүйесіндегі реформалау барысында жүзеге асырылатын басты міндет болып қала береді. Берік БІЛӘЛОВ, Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры. ПЕТРОПАВЛ.