Білім • Бүгін, 16:20

Қаныбек Жұмашев: «Сириус – Қазақстан» жобасы ұлттық мазмұнда енгізіледі

2 мин
оқу үшін

«Сириус» жобасына 80 пайыз қазақстандық мамандар тартылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қаныбек Жұмашев: «Сириус – Қазақстан» жобасы ұлттық мазмұнда енгізіледі

Фото: Gov.kz

«Сириус» Қазақстан жобасы дарынды балалармен жұмыс істеу жүйесін дамытуға және олардың оқуы мен дамуына арналған заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған. Жобаның негізгі міндеті – бұл дарынды балаларды ерте анықтап, оларды ғылым, технология және жобалық қызмет бойынша тереңдетілген бағдарламалар арқылы жүйелі дамыту. Бұл Қазақстандағы талантты оқушылардың тұрақты экожүйесін қалыптастырады», деді Қаныбек Жұмашев.

Комитет төрағасы өз сөзінде бұл жоба Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылғанын атап өтті. Сондай-ақ жоба білім сапасын арттыруға, Қазақстан оқушыларының халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталғанын жеткізді.

«Бұл жоба аясында мектеп салынады. Сонымен қатар мектеп жанында жыл бойы жұмыс істейтін дарынды балаларға арналған орталық болады. Оқу процесі Қазақстанның мемлекеттік стандарттарымен оқытудың заманауи тәсілдерін үйлестіру негізінде құрылады», деді ол.

Негізгі басымдық математика, жаратылыстану, инженерия, жасанды интеллект және робототехника және жобалық зерттеу қызметтеріне беріледі.

«Оқу-тәрбие процесі ұлттық мазмұнда енгізіледі. Мәселен, «Домбыра», «Ұлттық өнер», «Ұлттық спорт» курстары, сондай-ақ «Адал азамат», «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы да енгізіледі. Бұл заманауи білім мен ұлттық құндылықтардың мәдени бірегейлігін ұштастыруға мүмкіндік береді», деді комитет төрағасы.

Қаныбек Жұмашевтың айтуынша, жобаға 80 пайыз қазақстандық мамандар тартылады. Сондай-ақ Ресейдің «Сириус» федералдық аумағының біліктілік арттыру бағдарламаларын қолданып, педагогтердің халықаралық деңгейдегі озық тәжірибелерін үйлестіруге де мүмкіндік береді.

«Сириус» жобасы еліміздегі оқушылардың олимпиадаларға, ғылыми жобалық конкурстарына, зерттеу қызметімен айналысуға да кең мүмкіндіктер ашады деп отырмыз. Сонымен қатар бұл Қазақстанның барлық өңіріндегі математика, инженерия, физика бағытындағы дарынды балаларды оқытуға жағдай жасалады. «Сириус − Қазақстан» жобасы Астана және Алматы қалаларында жүзеге асырылады. Сондай-ақ дарынды балалармен жұмыс істейтін жүйені, инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз», деді Қаныбек Жұмашев.

«Сириус» мектептерінде «Адал Азамат» тәрбие бағдарламасы оқытылады

Соңғы жаңалықтар