18 Тамыз, 2015

Біріккен бітіреді, ұйымдасқан ұтады

984 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
С.КуанышевЕл тәуелсіздігін, оның саяси тұрақтылығын мемлекетіміздің басты құндылығының бірі деп санауға болады. Ал еліміздің мүддесін қорғау және оны сақтау әрбір азаматтың борышы болып табылатыны анық. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бүгінгі таңда ел қамынан басқа қандай мүдде болуы мүмкін? Сондықтан елдің ақыны да, әкімі де бір мақсатты көздеуі керек», деген қанатты сөзі бар. Бұл ойдың астарында қоғамның бірауыздылығы, бірлігі, қала берді еліміздің беріктігін сақтау түсінігі жатыр. Қазақстан қазіргі таңда әлем­дегі көптеген мемлекет арасында оқ бойы алға шығып, дүние­жүзінің дамыған 30 елінің қатарына ену үшін нық қадам басып келеді. Алайда, әрбір елдің даму үдерісіне кедергі келтірер, елдің сеніміне дақ түсірер кесапаттардың бірі – сыбайлас жемқорлық және сапасыз көрсетілетін мемлекеттік қызметтер. Бұл күндерде осы кере­ағар залалмен күресте мемлекет­тік аппараттың тетіктері өзгеріп, оның тек салдарымен күресу емес, сондай-ақ, оның алдын алу жұмыстары белсенді жүргізіліп келе жатқаны байқалады. Атап айтқанда, бұған тек мемлекеттік мекемелер ғана емес, азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдар, әртүрлі қоғамдық қозғалыстар да тартылуда. Осыған орай, Мемлекеттік қыз­мет істері және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің Атырау облысы бо­йынша департаменті жанын­дағы қоғамдық кеңестің де рөлі арта түспек. Қоғамдық кеңестің мақ­саттарының бірі – ел арасындағы көкейкесті мәселелерді талқылап, азаматтардың заңды мүддесі мен құқықтарын қорғап, халық пен биліктің өзара іс-қимыл бойынша жұмыстарын жандандыру болып табылады. Басқаша айтқанда, қоғамдық кеңес халық пен биліктің арасындағы алтын көпір іспеттес. Жалпы, қоғамдық кеңестің жұмысы жоғарыда аталған департаментпен тығыз байланыста жүргізіледі. Қоғамдық кеңеске түсетін азаматтардың өтініштерін, оның ішінде, ұсыныстары мен шағымдарын қарау мәселелері департамент арқылы жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта Атырау қа­ласындағы 2 халыққа қызмет көрсету орталығында қоғамдық кеңеске жолданатын ұсыныс-пікір және арыз-шағымдарға арналған сенім жәшіктері орналастырылды. Ағымдағы жылы қоғамдық кеңестің кезекті отырысында мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселесі бойынша Атырау облысының бірқатар мемлекеттік органдары, оның ішінде, мем­лекеттік сәулет-құрылыс бақы­лау басқармасының, Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының, Сәулет және қала құрылысының, сондай-ақ, білім бөлімдері басшылары тыңдалып, нақты ұсыныстар айтылды. Сонау 2014 жылғы 6 тамыз­дағы реформадан кейін жаңа департаменттің ашықтығы мен халыққа қолжетімділігі, тұрғын­дардың еркін түрде өз ойларын жеткізе алуына септігін тигізді. Жасыратыны жоқ, бұрынғы түсінік басқа болғандықтан, бұрынғы «Қаржы полициясын» халық мүмкіндігінше айналып өтуге тырысатын. Ал қазір мүлдем өзгерді. Департамент бас­шысы Марат Ахметжановтың тың бастамалары мен креативті ойлары, қоғаммен ашық түрде кездесуі – мемлекеттік қызметтің ашықтығын көрсете білді. Оған келтірер дәлел де жетерлік. «Адалдық – ардың ісі, ауырлықты көтеру нардың ісі, жақсы іске жан сүйінер» деген сөз, осы бастамаға арналғандай. «Біздің міндет – халыққа қызмет» дегендей, департаментпен де халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасын бақылау және бұл салада сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, департа­мент басшысының бастамасымен жуырда әрбір азаматтың тұр­мыстық өмірінде қажет болатын психоневрологиялық және нар­кологиялық диспансерден есепте тұрмайтындығы туралы анық­тама алу бойынша мемлекеттік қыз­метінің тәртібіне талдау жүр­гізілген болатын. Талдау нәти­жесінде осы анықтамалардың құны еселі түрде үстемеленгені және диспансерлердің жұмыс кестесі мемлекеттік қызмет үлгісіне сәйкес еместігі анықтал­ды. Департаменттің ықпалы­мен психоневрологиялық және наркологиялық диспансерден ­алынатын барлық анықтамалар­дың бағасы екі есеге төмендеп, сондай-ақ, бекітілген кестеге сәйкес азаматтарды түскі үзіліссіз қабылдайтын болды. Бұдан басқа, облыстық жұ­мыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен көрсетілетін жұмыс берушілерге Атырау облысы аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру жөніндегі мемлекеттік қызметке талдау жүргізілді. Талдау барысында басқарманың жұмысындағы нормативтік құқықтық актілер мен тиісті комиссия ережесінде субъективті шешім қабылдауға жол беретін сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Нәтижесінде депар­таменттің талабы негізінде Аты­рау облысы әкімдігімен сыбайлас жемқорлық тәуекелдігін жою мақсатында нақты шаралар қабылданды. Сайын ҚУАНЫШЕВ, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің жанындағы қоғамдық кеңес төрағасы.