18 Тамыз, 2015

Апатқа ұшыраған ұшақтың сынықтары табылды

252 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Шар-1Индонезияда жексенбі күні радардан жоғалып кеткен «Tringana Air Service» авиакомпаниясы ұшағының сынықтары табылды. Бұл жөнінде «Рейтер» агенттігі елдің көлік министрлігі өкілінің айтқандарына сілтеме жасай отырып хабарлады. Әуе кемесінің сынықтары Тапуа провинциясындағы Октабе округінің аумағында табылған. Ұшақтың бортында 49 жолаушы және бес экипаж мүшесі болған. Кейбір мәліметтерге қарағанда, әуе кемесі Оксибил қаласынан шамамен 25 шақырымдай жердегі тауға соғылған сияқты. Бұл қала Жаңа Гвинея аралының аумағында орналасқан. Индонезия көлік министрлігі өкілінің айтуынша, ұшақ бортымен байланыс әуежайдан ұшып шыққаннан 33 минут өткенде үзілген. Ал рейстің ұшу ұзақтығы бір сағат шамасында. Парақордың ақшасын санауға 24 сағат жұмсалды Үндістанның Батыс Бенгалия штатында бір шенеуніктің пара ретінде алған ақшаны санауға полицейлер бір күн уақытын жұмсапты. Мұны осы ел телеарнасы хабарлады. Телеарнаның хабары бойынша, құқық қорғау органдарының қызметкерлері әлгі шенеуніктің Бэлли қаласындағы үйінен 200 миллион (3 миллион доллардан астам) рупий тауыпты. Ол ақша еденге төселген плитаның астына, шкаф пен матрастарға, диванға, жуынатын бөлмеге, тағы басқа жерлерге жасырылған екен. Осы ақшаларды санап шығуға үш есептегіш машина қолданылған, ал ақшаны санауға 24 сағат уақыт кеткен. Жемқордың аты-жөні – Пранабу Адхикари. Ол 25 жыл бойы құрылыс салуға рұқсат беретін мекемеде істеп келген әрі осыған жауапты болған. Шар-2Авиасоққыдан бейбіт тұрғындар қаза тапты Сирияның әскери әуе күштері Дамаск қаласынан 15 шақырымдай қашықтыққа орын тепкен Дума қаласындағы базарды атқылады. Соның салдарынан 80 бейбіт тұрғын құрбан болып, 200-ден астам адам жарақат алды. Сирияның адам құқығы жөніндегі өкілінің айтуынша, истребительдерден базарға қарай кем дегенде он зымыран жіберілген. Соққы беру оқиға болған жерге құтқарушылар келген кезде де жалғасқан. Жергілікті тұрғындар базардағы сауда алаңдарының барлығы түгелдей қирағанын айтады. Ал «Рейтер» ақпарат агенттігі Сирия армиясының бұл операциясы ел президенті Башар Асадтың режіміне қарсы топтарды жою үшін берілген соққы екендігін келтіреді. Өйткені, 15 тамызда Islam Army топтарының содырлары үкіметтік әскердің позициясына шабуыл жасаған екен. Қысқа қайырып айтқанда:
  • Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапармен барды. Бұл осы ел үкіметінің 34 жылдан кейінгі БАӘ-ге жасаған алғашқы сапары болып табылады.
  • Солтүстік Корея билігі АҚШ пен Оңтүстік Корея бірлескен оқуларына «белгісіз қарумен» жауап беретіні жөнінде қоқан-лоқы көрсетті. «ҚХДР халқы мен әскері бұрынғыдай осал емес», – деді осы жөнінде қорғаныс комитетінің өкілі.
  • Ирактың премьер-министрі Хейдар әл-Абади жоғары мемлекеттік лауазымдарды қысқарту және бірқатар министрліктерді біріктіру туралы жарлық шығарды. Осыған байланысты министрліктер саны 33-тен 22-ге қысқартылады.
  • Мысыр президенті Абдель Фаттах Сиси елде терроршылдыққа қарсы шараларды күшейту туралы заңды мақұлдады. Аталған құжатқа сәйкес терроршыл ұйымға жетекшілік еткен адам өмір бойы бас бостандығынан айырылады.
Танымал актердің немересін өлтіріп кетті Нью-Йорк қаласында танымал актер Морган Фрименнің немересі Иден Хайнсті өлтіріп кетті. «Ассошейтед пресс» агенттігінің хабарлауынша, қайғылы оқиға қаланың ең көрікті ауданы Манхеттенде болған. Отыз үш жастағы И.Хайнске белгісіз біреу кеуде тұсынан бірнеше рет пышақ сілтеген. Ауруханаға жеткізілгенімен, ауыр жарақат алған ол қайтыс болды. Оқиға болған жерге шұғыл жеткен полицейлер зардап шеккен Хайнстің жанында тұрған отыздар шамасындағы ер адамды ұстады. Полицейлер бұрын оның жүйкесі сыр бергенін анықтаған. 1,5 сағатта 70 қап картоп жинады Шар-3 Беларусь президенті Александр Лукашенко жексенбі күнгі демалысының бір бөлігін өзінің резиденциясында көкөніс өнімдерін жинауға жұмсады. Онымен бірге кіші ұлы Николай да еңбек етті, деп хабарлады президенттің баспасөз қызметі. Он сегіз сотық учаскеге егілген картопты олар 1,5 сағат ішін­де жинап үлгерген. Жиналған өнім 70 қапты құрапты. Баспасөз қыз­меті таратқан хабарламада жиналған өнімдердің барлығы жақын күн­дері балалар үйлері мен қарттар үйлеріне берілетіні аталған. Мемлекет басшысының резиденциясында жексенбі күні, сондай-ақ, бақша дақыл­дары – қарбыз бен қауынды жинау басталған. Ал сабағынан үзіліп алын­ған алғашқы қарбыздың дәмін тату рәсімі алқаптың өзінде болған екен. 50 сайттың жұмысына тосқауыл қойылды Қытай билігі осы елдің киберкеңістік әкімшілігінің талабы бойынша 50 сайттың жұмысына тосқауыл қойды. Бұған интернетте Тяньцзиндегі жарылыстың салдары жөнінде анық емес ақпараттарды тарату себеп болған. Қазіргі кезде қадағалаушы орган 18 сайттың жұмысын тоқтатты және лицензиясынан айырды. Енді тағы 32 порталдың қызметі тоқтатылады. Өйткені, олар жарылыстан құрбан болғандар саны туралы нақтыланбаған ақпаратты таратқан және өңірде тәртіпсіздіктер мен тонаушылық орын алды деген жалған фактілер келтірген. Бұл жағдайды әдейі ушықтыру болып табылады. Соңғы мәліметтерге қарағанда, апаттан 112 адам қаза тапқан, 95 адам із-түзсіз кеткендердің қатарында. Интернет материалдары негізінде әзірленді.