18 Тамыз, 2015

Арқадағы Абай тойы

356 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Мұқым ел хакім Абайдың тойы деп жатқанда Ұлы ақынның есімін иеленген Арқа төсіндегі Абай қаласы мен ауданы қайдан қалыс қалсын?! Осы аптада Қарағанды облысындағы Абай ауданының орталығы Абай қаласында данышпан ақынның 170 жылдық мерейтойы жоғары дәрежеде аталып өтті. Тағылымы мол шараға қоғам және мемлекет қайраткері Оралбай Әбдікәрімов, академик Ғарифолла Есімов, белгілі ақындар Серік Тұрғынбекұлы, Несіпбек Айтұлы, Серік Ақсұңқарұлы, профессор Темірғали Көкетаев қадірлі қонақ есебінде қатысты. Қаладағы мәдениет үйінде арнайы көрме ұйымдастырылды. «Жидебай – Бөрілі» мұражайынан әкелінген Абай бабамызға қандай да бір қатысы бар отыздан астам жәдігер елдің назарына ұсынылды. Сөреге қойылған 80-ге жуық кітап пен құнды құжат ақын шығармашылығынан сыр шертті. IMG_1947 «Хакім Абай тағылымы» атты ғылыми-практикалық конференцияда ғалымдар ақынның қара сөзі мен сүбелі жырларын талдап, таразылады. Басқосуға 250 адам қатысып, ұлы Абайдың артында қалған мұрасы туралы ой бөлісті. Конференцияда сөз сөйлеген жергілікті аудан әкімі Серік Шайдаров Абай есімін иеленген ауданның жетістіктері жайлы айтып берді. «Ақынның есімімен аталатын бірегей ауданда Абай Құнанбаевтың аты екі мектепке берілген. Олар Абай қаласында және Топар кентінде орналасқан. Сондай-ақ, қалада 1980 жылы іргесі қаланған Абай Құнанбаев атындағы әдеби-мемориалдық мұражай мен 1971 жылы ата­уын жаңғыртқан «Абай» шахтасы бар. Ұлы Абайдың 170 жылдық мерейтойын мерекелеу құрметіне орай, ауданның іс-шаралар жос­пары бекітілді. Жазба әдебиет көшбасшысының 170 жылдығы аясында ауданда 7000 адам қатысқан 40-қа жуық мәдени шара өткізіліп, Абайтану әлемі кеңінен насихатталды. Ауданның мемлекеттік кітапханалары кең ауқымды мәдени-ағарту шараларын жүргізді. Аудандық «Абай ақиқат» басылымында арнайы айдар ашылып, онда хакімнің ғақлиялары, абайтанушылардың, зерттеушілердің сөздері, еңбектері тұрақты түрде жарияланып тұрды. Аудандық мәдениет үйінде Абай шығармашылығына арналған фестиваль өтті. Онда мектеп оқушылары Абай шығармаларын мәнерлеп оқудан сайысқа түсті. Елбасымыздың «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы негізінде қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абайға арналған осы конференцияның мақсаты жастар арасында ақынның шығармаларын насихаттау, жас­тарды елі мен жерін, тарихы мен әдебиетін қадірлеуге шақыру», – деп түйіндеді сөзін аудан әкімі Серік Шайдаров. «Абай біздің елдігіміздің, ұлтымыздың, ұлттық рухымыздың ең биік шыңы. Желбіреп тұрған байрағы. Абайсыз біз Қазақстанның келешегін елестете алмаймыз», – деді Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы. Зиялы қауым өкілдері қаладағы Абай Құнанбаев атындағы №5 мектеп-гимназияның оқушы­ларымен кездесті. «Біз Абайдың ізбасарымыз» тақырыбында өт­кен шарада мектеп оқушылары ғалымдар мен абайтанушыларға, қоғам қайраткерлеріне көкей­лерінде жүрген сауалдарын қойды. Абай ауданы әкімдігінің қолдауымен Ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту мемлекеттік мекемесі «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты ақындар мүшәйрасын жариялаған болатын. Абайдың рухани мұрасын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған жазба ақындар байқауына жалпы саны 27 ақын қатысты. Мүшәйраның бас жүлдесіне Қарағанды қаласынан келген талантты ақын қыз Айзада Рахымжанова лайық деп танылды. Екінші жүлдені Балқаш қаласынан келген ақын Мақсат Күземханов қанжығасына байлады. Үшінші орынды Абай ауданындағы Есенгелді ауылының тұрғыны, зейнеткер Әбілқайыр Дәулетханұлы жеңіп алды. Жүлдегерлерге қомақты ақшалай сыйақы табыс етілді. Сонымен қатар, бірнеше ақынға ынталандыру сыйлықтары табысталды. Хакім Абайдың Арқа төсіндегі тойы білекті балуандардың белде­суі мен концерттік бағдарламаға ұласты. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». Қарағанды облысы.