Бұл жолғы жиын «жасыл» партиялар, сарапшылар мен халықаралық ұйымдар арасындағы дәстүрлі диалог шеңберінен шығып, жаңа деңгейге көтерілді. Талқылау экологияны жеке сала ретінде қарастырумен шектелмей, жалпы даму моделін қайта қарау қажеттігіне бағытталды. Негізгі мақсат — жаңа экономикалық және геосаяси жағдайларға бейімделген «Жасыл күн тәртібі 2.0» тұжырымдамасын қалыптастыру.
Конгресс жұмысына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Моңғолия және бірқатар еуропалық елдерден келген мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, бизнес және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты. Іс жүзінде бұл өңірлік деңгейден халықаралық деңгейге шығуға ұмтылған, Еуразиядағы «жасыл» ынтымақтастықтың жаңа алаңын қалыптастыруға бағытталған платформаға айналып отыр.
Жиын барысында экологиялық күн тәртібінің жаһандық өзгерістермен тығыз байланысты екені ерекше атап өтілді. Осы тұрғыда қатысушылар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлік экологиялық саммит өткізу бастамасын уақытылы әрі маңызды қадам ретінде бағалады.
Конгрестің басты оқиғасы — «Жасыл күн тәртібі 2.0» тұжырымдамасының таныстырылымы болды. Оны «BAYTAQ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев ұсынды.
Өз сөзінде ол экология саласындағы бұрынғы, жекелеген бастамалар мен декларацияларға негізделген тәсіл қазіргі сын-қатерлерге жауап бере алмайтынын атап өтті. «Жасыл күн тәртібі 2.0» — бұл экологияны экономикалық, индустриялық және мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналдыратын жүйелі модельге көшу.
Әміртаевтың айтуынша, бүгінгі таңда «жасыл» күн тәртібі шектеу емес, керісінше, жаңғырту мен технологиялық даму, инвестициялық өсімнің қозғаушы күшіне айналуда. Сонымен қатар, Орталық Азия елдері үшін су қауіпсіздігі мен трансшекаралық ресурстар сияқты ортақ мәселелерді ескере отырып, өңірлік деңгейдегі үйлестіру шешуші маңызға ие.
«Бүгін біз тек экология туралы емес, жаңа даму моделі туралы айтып отырмыз. Әлем өзгеруде, соған сәйкес экономика мен жауапкершілікке қойылатын талаптар да өзгеруде. Ендігі мәселе талқылауда емес, жүйелі шешімдерге кім бірінші көшетінінде», — деді Әміртаев.
Конгресс аясында осы күн тәртібін нақты іске асыруға бағытталған үш негізгі бастама ұсынылды. Соның бірі — өңірдегі экологиялық жобаларды қаржыландыруға арналған халықаралық «Жасыл қорды» (Green Fund) құру. Бұл бастаманы «BAYTAQ» партиясы аппаратының басшысы Алмат Тұртаев ұсынып, «жасыл» трансформацияны тұрақты қаржыландыру көздерін қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, экологиялық трансформацияның экономикалық аспектілері де талқыланды. АХҚО Жасыл қаржы орталығының бас директоры Манас Гиждуаниев «жасыл» күн тәртібі жаһандық қаржы жүйесінің бір бөлігіне айналып, инвестицияларға қолжетімділікке тікелей әсер ететінін атап өтті.
Оның айтуынша, жасыл облигациялар нарығы бүгінде жүздеген миллиард доллармен өлшенеді және тұрақты түрде өсіп келеді. Инвестициялар жекелеген жобаларға ғана емес, энергетикадан бастап өнеркәсіп пен қалалық инфрақұрылымға дейінгі салаларды кешенді трансформациялауға бағытталуда.
Бұл жаңа ережелердің қалыптасып жатқанын көрсетеді: қаржы мен технологияларға қолжетімділік тұрақты даму қағидаттарына сәйкестікке тәуелді бола түсуде. Яғни, «жасыл» күн тәртібі мемлекеттер мен компаниялардың бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторына айналуда.
«Жасыл инвестициялар жаңа экономикалық архитектураны қалыптастыруда. Бұл — алдағы онжылдықтарда кімнің өсетінін анықтайтын нарық», — деді Гиждуаниев.
Конгресте ресурс тұрақтылығы мәселесіне де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Қазақстанның су тапшылығы аймағында орналасқаны және су ресурстарының 40–45%-ы трансшекаралық көздер арқылы қалыптасатыны айтылды. Бұл жағдай өңір елдері арасындағы үйлестірудің маңызын арттыра түседі.
Сондай-ақ, декарбонизация, «таза» технологияларды дамыту, энергетиканы трансформациялау және бизнесте ESG тәсілдерін енгізу мәселелері талқыланды.
Конгресс қорытындысы бойынша «Жасыл күн тәртібі 2.0» тұжырымдамасы ұсынылып, тұрақты дамудың жаңа моделін қалыптастыру бағыттары айқындалды. Негізгі басымдықтар — технологиялық жаңғырту, инвестициялар тарту және халықаралық ынтымақтастықты күшейту.