27 Маусым, 2015

Шығыстағы шарж шебері

309 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
IMG-20150625-WA0012IMG-20150626-WA0002Мерейді Өскеменнен шыға­тын «Менің өлкем» газетінде қызмет етіп жүрген кезінен біле­мін. Газетке мақалаларын, әлеу­меттік желіге жазушы Оралхан Бөкей­дің портретін, Алтай­дың әйгілі Мұзтауы бейнелен­ген пей­заж­дарын жариялап жүрге­нін көріп, әрі журналист, әрі су­рет­ші ініме қызыға қарай­тын­мын. Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылында дүниеге келген ол Оралхан Бөкейдің ауылдасы екенін мақтан тұтады. Бала күнінде әйгілі жазушының ауыл көшесін қақ жарып бара жат­қан асқақ, кербұғы кей­пін көр­генін жыр қылып айтады. Оқу­шы кезінде кеше ғана өмір­ден өткен жазушы Дидахмет Әшімханұлымен сонау Алтайдан хат жазысып тұрыпты. Мерей Қайнаров Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің бейнелеу өнері және дизайн факультетін тәмамдаған соң Глубокое ауда­нының «Ақбұлақ» газетінде еңбек жолын бастады. Аудан­дық басылымнан бастап сатылап өсіп келе жатқан жас жігіт бүгінде Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің белді тілшісі. Өңірдің бас газетіне келгеніне жылдан асса да, тұшымды жарияланымдарымен шығармашылық ортаға бірден сіңіп кетті. Ең қызығы, жазбаларымен шектелмей, облыстық газетте еңбек ететін әріптестерінің шарждарын айнытпай салып, қаламдас достарына тосынсый жасай бастады. Әлеуметтік желіге жарияланған IMG-20150625-WA0014шарждарынан әріптестерінің әрқайсысының мінез-құлқы, болмысы анық байқалады. Әзіл шарждарды редакциядағы ақын, айтыскер досы Мұратхан Кенжеханұлы қуақы өлең жолдарымен әсемдеп қояды. Мерейдің әр шаржы шыққан сайын, облыстың әр қиырын шарлап, тыным таппай жүретін газет тілшілерінің өміріне жаңа леп соққандай, бір жадырап қалады. Мерей әріптесіміздің еліміз­ге белгілі қалам­герлер мен журналистер қауымына арнаған шамға тимес шарждарымен баспасөз күні қарсаңында бөлі­суді жөн көрдік. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» ӨСКЕМЕН. Шаржда: Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Әлібек Асқаров; «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов; белгілі тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы.