Фото: pexels
«Отбасы банк» жүргізген іріктеу барысында кезекте тұрған азаматтардың немесе олардың отбасы мүшелерінің атында баспана бар екені, не болмаса олардың бұрыннан кезекте тұрғаны анықталған.
Тұрғын үй кезегі – бұл баспанаға мұқтаж азаматтарды есепке алу жүйесі. Ол азаматтарға бірқатар жеңілдікпен тұрғын үй алуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, жалға берілетін пәтер үшін ай сайынғы төлемнің 50% көлемінде субсидия, жалдамалы баспана (мерзімсіз немесе сатып алу құқығымен), сондай-ақ 2%-дан 9%-ға дейінгі мөлшерлемемен жеңілдетілген ипотека қарастырылған.
Зейнетақы жинағын тұрғын үй сатып алуға пайдалану тәртібі өзгертілді
2025 жылғы 24 мамырдан бастап тұрғын үй кезегін жүргізу толықтай «Отбасы банкке» берілді. Бұған дейін бұл функция жергілікті әкімдіктердің құзырында болған. Сонымен қатар, кезекке тұру талаптары да өзгерді. Егер бұрын тек әлеуметтік осал топ өкілдері ғана тіркеле алса, енді белгіленген талаптарға сай келетін барлық азаматқа мүмкіндік берілген.
Жаңа талаптарға сәйкес, кезекке тұру үшін үміткер Қазақстанның азаматы немесе қандас болуы тиіс, соңғы 5 жыл бойынша өзінде немесе отбасы мүшелерінде тұрғын үй болмауы керек (немесе жалғыз баспанасы апатты деп танылуы қажет), сондай-ақ тұрақты тіркеуі болуы шарт. Астана, Алматы және Шымкент қалаларында тіркеу мерзімі кемінде 3 жыл болуы талап етіледі.
Жаңа жүйе енгізілгеннен бері кезек айтарлықтай толыққан. Мамыр айында 176 664 адам, маусымда 81 317 адам тіркелсе, жыл соңына қарай бұл көрсеткіш тұрақтанып, желтоқсанда 11 502 адам кезекке тұрған. Жалпы алғанда, жаңа жүйе іске қосылғалы бері 407 479 азамат есепке алынған.
Елімізде тұрғын үй кезегін жеделдету мақсатында жаңа ереже енгізілді
Қазіргі уақытта тұрғын үй кезегінде 968 640 адам тұр. Олардың шамамен 30%-ы немесе 306 632 адам баспана алуға бірінші кезекте құқылы. Бұл қатарға ардагерлер, көпбалалы отбасылар, жетім балалар мен жесірлер кіреді.
2025 жылғы қазан айынан бастап әкімдіктер «Отбасы банкке» 21 255 пәтерді басқаруға берген. Соның ішінде 6670 жалдамалы пәтер және 2343 пәтер жеңілдетілген ипотека арқылы үлестірілген. Жалпы екі бағыт бойынша шамамен 10 000-нан астам пәтер беру жоспарланып отыр.
Тұрғын үйді бөлу кезінде негізгі екі талап ескеріледі – кезекке қойылған уақыты және азаматтың әлеуметтік санаты. Соңғы жарты жылда баспана алғандар қатарында жетім балалар – 986 адам, жесірлер – 370, мүгедектігі бар азаматтар – 1077, көпбалалы отбасылар – 1242, толық емес отбасылар – 1580, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар – 1056.
Тұрғын үй кезегі қайта жүйеленді: Кімдерге жеңілдік беріледі?
Айта кетерлігі, жаңа пәтер иелері арасында 1996 жылдан бері кезекте тұрған азаматтар да бар, сондай-ақ 2005 жылдан бері баспана күткен адамдар да қоныс тойын тойлаған.
Бұған дейін «Отбасы банк» қандай жағдайда азаматтар кезектен шығарылмайтынын түсіндірген. Атап айтқанда, тіркеу орнын өзгерткендер, табысы жеткіліксіз азаматтар, деректерінде қате кеткендер және тұрғын үйдегі үлесі аз адамдар кезектен шығарылмайды.
Маңызды жаңалықтың бірі – 2026 жылғы 2 наурыздан бастап тұрғын үй тек түгендеуден өткен азаматтарға ғана беріледі. Егер кезекте тұрған адам тексеруден өтпесе, пәтер бөлу процесіне қатыса алмайды.