Мәселен, Аққайың ауданындағы жанармай құю бекетінде «Lada Granta» автокөлігімен келген 25 жастағы азаматтан 5 грамм синтетикалық есірткі табылды. Сегіз орамға бөліп салынған психотроптық заттардың арнайы тарату мақсатында дайындалғаны көрініп тұр. Мұндай есірткінің 2,5 грамын алып жүрген адамның өзі ұзақ мерзімге сотталады. Ал бұл бұрын да бірнеше мәрте сотты болған күдікті жазасын өтеп шыққан бойда бір ай бойы есірткі таратумен айналысқан. Енді ол 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сондай-ақ Петропавл қаласында күдікке ілінген 19 жастағы жігіттен де синтетикалық есірткі заттары табылған. Ұстау кезінде жас жігіттен ұнтақ тәрізді заты бар 19 орама тәркіленді. Сараптама нәтижесінде оның α-PVP деп аталатын психотроптық зат екені анықталған. Тәркіленген заттың салмағы – 35 грамм. Қазір бұл іске қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Полицияның мәліметінше, күдікті тыйым салынған заттарды сатумен айналысатын интернет-дүкендердің біріне «жасырын орналастырушы» ретінде бір ай бұрын жұмысқа тұрған. Қазір қамауда отыр. Есірткі заттарын аса ірі мөлшерде өткізу фактісі бойынша оған да 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр.
Петропавл қаласы Жұмысшы кентінің 39 жастағы тұрғыны да қала аумағында есірткі өткізумен айналысты деген күдікпен ұсталды. Күдіктінің тұрғылықты жерін тексеру барысында тәртіп сақшылары шамамен 75 грамм героин тәркіледі. Бұл аса ірі мөлшерге жатады. Өзінің айтуынша, ол героинді елордадан алып келген. Медициналық куәландыру нәтижесі ұсталған адамның опиоидтерді қолданғанын көрсетті. Айта кету керек, күдікті бұған дейін де ұрлық және есірткі заттарының заңсыз айналымы бойынша сотталған. Алайда өткеннен еш сабақ алмаған оны енді қатаң жаза күтіп тұр. Бұл – жыл басынан бері облыста героин анықталған жалғыз дерек. Жалпы, қаңтар айынан бастап өңірде полицейлер 39 есірткі қылмысын тіркеп, заңсыз айналымнан 1 600 грамнан аса түрлі есірткі заттарын тәркіледі. Оның 900 грамы – синтетикалық есірткілер.
Петропавл қаласындағы гараж кооперативтерінің бірінің аумағында полицейлер күдікке ілінген «Volkswagen Golf» автокөлігін тоқтатады. Көліктегі жолаушы Солтүстік Қазақстан облысы аудандарының бірінде тұратын 28 жастағы жігіт екен. Оның бел сөмкесінен сұйықмай тәрізді зат құйылған 5 капсула және шылым шегуге арналған құралдар шықты. Бұл – есірткі заттарын жасырын орындарға қалдыру мақсатында жасалатын құралдар. Осы тәсілмен күдікті психотроптық заттар таратқаны белгілі болды. Сараптама нәтижесінде тәркіленген зат каннабис сығындысы, яғни гашиш майы болып шықты. Күдіктінің тұрғылықты мекенжайынан тағы 10 капсула есірткі заты, 24 бос капсула тәркіленді. Медициналық куәландыру ер адамның есірткі қолданғанын көрсетті. Күдіктінің айтуынша, ол шамамен екі ай бойы «закладчик» ретінде жұмыс істеген. Қазіргі уақытта ол қамауға алынды. Аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды өткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдіктіге 6-дан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ал мына оқиға облыстың «Батыс» бақылау-өткізу бекетінде тіркелді. Полиция қызметкерлері Петропавл қаласының 37 жастағы тұрғыны жүргізіп келе жатқан «Lada Granta» автокөлігін тоқтатып, тексеріс жүргізгенде жалпы салмағы 405,36 грамм болатын α-PvP атты синтетикалық есірткі заты салынған орамалар тәркіленді. Бұл – биыл облыста анықталған ең ірі синтетикалық есірткі партиясы. Жүргізуші есірткі заттарын интернет арқылы сатумен айналысатын заңсыз «наркошоптардың» бірінде жұмыс істейтін болып шықты. Ол 2025 жылдың желтоқсан айында есірткіні жасырушы болып кірісіп, кейінгі уақытта қылмыстық иерархияда «жоғарылап», тасымалдаумен айналысуға келіскен екен. Алайда Қостанайдан Петропавл қаласына психотроптық заттарды жеткізуге бағытталған алғашқы сапарында қолға түсті.
Міне, осылайша «оңай» олжа табу жолына түскендер өз өмірінің басым бөлігін темір тордың артында өткізуге өз еріктерімен қадам басып келеді. Ал еңбек етемін деген азаматтар үшін Петропавл қаласында лайықты жұмыс орындары жеткілікті. Оның үстіне, өңірде қаншама жаңа өндіріс орындары ашылып жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысы