Театр • Бүгін, 08:05

Эйфман қойылымы – Астанада

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана Опера» сахнасында сәуірдің алғашқы күндері өнер мерекесіне айналған айтулы гастроль өтті. Борис Эйфман жетекшілік ететін Санкт-Петербург академиялық балет театры елорда көрерменін терең философиялық мазмұнға құрылған қос бірдей қойылымымен тәнті етті.

Эйфман қойылымы – Астанада

Гастроль шымылдығы «Қызыл Жизель» балетімен түрілді. 2025 жылы жаңаша тыныспен қайта сахналанған туынды – сахна өнерінің символына айналған Ольга Спесивцева тағдырына арналған әсерлі арнау болды. Хореограф кейіпкер өмірінің қасіретті белестерін – революция дауылы, жат жердегі жалғыздық, жан күйзелісі мен ақыл-сананың күйреуін сөзсіз-ақ, тек қимылдың құдіретімен сөйлетті. Әрбір пластикалық шешім мен бейнелі қозғалыс көрерменді адам жанының ең терең қатпарларына жетелеп, өнер мен өмірдің шекарасы жойылатын сәттерді айқын сездірді.

Ал «Күнәнің ар жағында» балеті кештің рухани шарықтау шегіне айналды. Фёдор Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар» романы негізінде қойылған бұл туынды адам болмысының мәңгілік қайшылықтарын бейнеледі. Сенім мен күмән, ізгілік пен азғындық, құдай мен шайтан тартысы – барлығы да сахна тілінде ерекше пластикалық өрнекпен өрілді. Эйфман көрерменді сыртқы оқиғадан гөрі ішкі әлемге үңілуге шақырып, әркімді өз жанының айнасымен бетпе-бет қалдырды.

Бұл гастроль тек спектакльдер легі ғана емес, Эйфман театрының көп­жылдық шығармашылық ізденісінің айқын көрінісі болды. Бұған дейін де астаналықтар «Роден», «Евгений Онегин», «Анна Каренина», «Пигмалион әсері» сынды қойылымдар арқылы хореографтың қайталанбас қолтаңбасына куә болған еді. Сондай-ақ Қазақстан балет өнерінің жарық жұлдызы, «Астана Операның» жетекші солисі Әйгерім Бекетаева Эйфман труппасымен бірге әлем сахналарында өнер көрсетіп, ұлттық өнердің абыройын асқақтатып келгені бекзат өнер жанкүйерлеріне жақсы таныс.

Театр директоры Александр Совостьянов бұл гастрольдің маңызын ай­рықша атап өтті. Оның айтуынша, петер­борлық ұжымның өнері балеттің тек эстетикалық ләззат сыйлайтын жанр ғана емес, адам жанының ең нәзік иірімдерін ашатын терең философиялық құбылыс екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Соңғы жаңалықтар

Бұлақ көрсең, көзін аш

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 09:15