Ал жақында қазақтың қайталанбас дарыны Әміре Қашаубаев ән салған Париж қаласында өткен «ETOILES DE PARIS 2026» халықаралық өнер байқауында өнер көрсетті. Жас таланттар өнер додасында дауылпаз ақын Махамбеттің «Ей, Махамбет, жолдасым!» термесін, Асылхан Бұлтановтың «Қазақ елі жасасын!» әнін орындап, бас жүлдені иеленді.
Ансамбль жетекшісі Әсем Бақытованың айтуынша, шетелдегі додаға 10–14 жастағы 15 оқушы алғаш рет қатысқан. Өнерлі оқушыларға қазақтың рухын жанитын, отаншылдық сезімін қалыптастыратын туындылар таңдалған.
«Оқушылар ел сахнасына үйреніп қалған ғой. Жас өнерпаздарға шетелде өнер көрсету оңай емес. Өйткені шетелдіктердің талғамы жоғары болғандықтан, домбырамен терме орындатуды ұйғардық. Дегенмен, біздің ансамбльдің бұл жетістігі кездейсоқ емес. Бұдан бұрын Ақтөбеде «ЖасStar», Түркістанда «Дарабоз», Алматыда өткен «Атадан мұра» қорының суперфиналында бас жүлдеге ие болған еді», дейді Әсем Бақытова.
Жас өнерпаздар елге оралар жолда Ыстанбұл әуежайына аялдаған екен. Сол әуежайда «Ей, Махамбет, жолдасым» термесін әуелетіп, ұшақ күткен жолаушылардың ықыласына бөленді.
Атырау облысы