Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
«Мемлекет кейінгі алты жылда ғылымға арналған қаржыны бірнеше есе ұлғайтты. Жыл сайын ғылымға 200 миллиард теңгеден астам, тіпті, бұдан да көп, 500 миллион доллардан аса қаржы бөлінеді. Бұл – Қазақстан үшін қомақты ақша. Алайда ғылымды қаржыландырудың нақты нәтижесін әзірге көре алмай отырмыз. Ғылыми әзірлемелерден ауыз толтырып айтарлық экономикалық әсер жоқ. Бұл жағдайдың себептерін анықтауымыз керек. Ғылым академиясы, тиісті институттар, ғалымдар мен бизнес-қоғамдастық осы тығырықтан шығаратын ұсыныс беруге тиіс. Басқаша айтқанда, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруды қолға алған жөн. Негізі, бұл әлдеқашан орындалуға тиіс міндеті еді. Бөлінген қаржыға қарамастан, ғылымның экономикадағы үлесі төмен деңгейде қалып отыр. Үкімет ғылымды басқарудың нәтижеге құрылған және бизнеспен серіктестікті дамытуды көздейтін тиімді моделін жасақтауы керек», деді Мемлекет басшысы.
ҰҒА академигі Айдархан Қалтаевтың айтуынша, технологияны әзірлеу мен оны өндіріске енгізуде туындайтын мәселе көп. «Ел экономикасының басым көпшілігін пайдасы мол үлкен жер қойнауын пайдаланушылар немесе монополистер құрап отырған қазіргі жағдайда, ғылымнан келетін 10-15 пайыз пайда оларға маңызды емес. Сондықтан оларды ғылымға шынайы қызығады деп айту қиын. Бұған біздің «Қазатомпром» ҰАК-мен 15 жылдан бері ынтымақтасуға тырысқан жеке тәжірибемізден көзіміз жетті. Кен игеруші компанияларды ғылымға инвестициялауға ынталандыратын жағдай жасау тек мемлекеттік деңгейде ғана іске асуы мүмкін. Бірақ ғылымды қоғам мен елдің өмірлік маңызды мүддесіне сай келетін бағыттар бойынша қолдау және дамыту экономиканың құрылымына тәуелді емес. Бұл үкіметтің жауапкершілігі саналады», деді академик.
Сондай-ақ ғалым еліміздің ұлттық қауіпсіздігінің мүддесіне орай университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының базасында мынадай бағыттар бойынша ұлттық ғылыми зертханалар құру орынды болар еді деген пікірін білдірді. Біріншіден, жерді, суды және минералдық ресурстарды ұтымды пайдалану, екіншіден, күн, жел және геотермальді энергия көздерін тиімді пайдалану, үшіншіден, денсаулық сақтау және саламатты өмір салты, төртіншіден, жасанды интеллектіні дамыту және ұшқышсыз аппараттар, роботтарды дамыта отырып, экономикада пайдалану. Ғалымның айтуынша, ғалымдар жасаған кейбір өнімдерді өндіріске енгізуге болады. Кейбір өнімдер еніп те жатыр. Бірақ олардың бөлшектерін дерлік шетелден сатып алуға тура келеді. Сондықтан ғалымдар жасап шығарған робот, жылу насосы, басқа да бұйымдар әсіресе, Қытайдыкінен қымбат болып шығатыны әрі бәсекелестікті көтере алмайтыны да осы себепке байланысты.
«Қазақстан технологияларын коммерцияландыру орталығының» бас директоры Құрманғазы Омаровтың пікірінше, ғылымды жүйелі дамытуға ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмысты коммерцияландыру жүйесін тиімді етуде министрліктерден тәуелсіз, Президент әкімшілігі немесе Үкімет жанынан инновациялық даму жөніндегі агенттік құру қажет. Инновацияның дамуы Ғылым және жоғары білім министрлігіне ғана емес, ол барлық мемлекеттік орган қызметіне тиесілі. Ал экономиканың барлық саласына жауапты вице-министр осы агенттік жұмысын қадағалауға тиіс.
«Инновация экономикамен тығыз байланысты. Алайда жүйелі жұмыс болмағандықтан, оны дамытуға жауапты орган тарапынан бірқатар кемшілік кетті. Нақты айтқанда, жауапты қызметкерлердің тиісті білімі мен құзыретінің болмауы себебінен ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) коммерцияландыруды үйлестіру төмен деңгейде қалып қойды. 2015 жылы қабылданған «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» заңға сәйкес, сондай-ақ «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңда көрініс тапқанымен, ҒЗТКЖ коммерцияландыруға ықпал ететін тиімді бағдарламалар әзірленбеді», дейді сарапшы.
Мұнымен қоса ғылымды қажетсінетін инновациялық экономиканы дамытудың драйвері болуға тиіс халықаралық деңгейдегі жоғары технологиялық компанияларды құруға жағдай жасау уақыт күттірмейді.
«Патент алудың әлемдік статистикасында барлық патент иесінің шамамен 70 пайызы ғылыми ұйымдар емес, халықаралық нарықта коммерциялық мүддесі, ғылыми зертханалары бар ірі компаниялар. Бұл компаниялар ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыспен, табысын коммерцияландырумен айналысқан кезде барып әлемдік нарықта бәсекелестік артықшылыққа ие болатынын түсінеді. Өкінішке қарай елімізде әзірге халықаралық деңгейдегі бірде-бір жоғары технологиялық компания жоқ. Ол үшін ел Үкіметі тарапынан бірінші кезектегі міндет – әлемдік технологиялық компанияларды қалыптастыруға қажетті жағдай жасау. Онсыз еліміз ғылымды қажетсінетін, экономикасы мықты инновациялық дамыған елдер арасында лайықты орын ала алмайды. Кейінгі жылдары «BI Group», «Alageum еlectric» сияқты кейбір ірі компанияларда жеке зерттеу орталықтарын құру тәжірибесі қалыптасты. Бұл отандық компаниялардың халықаралық деңгейдегі жоғары технологиялық компанияны қалыптастырудағы алғашқы қадамы болып отыр», деді Қ.Омаров.
Ал өзіндік ғылыми зертхана мен орталықтар ашу үшін ғылым және инновациямен айналысқысы келетін өндірістік компанияларға ғылыми зерттеу жұмысына гранттық қаржыландыруға жол ашу қажет. Барлық қатысушы, оның ішінде бизнеске де (кем дегенде сатылымнан алғашқы коммерциялық алғашқы табыс түскенге дейін) инновацияны әзірлеу мен енгізу кезеңінде қосымша және корпоративті құн салығы
(0 пайыз) бойынша салықтық жеңілдіктер қарастыру саланы дамытуға жасалған игі қадамның бірі болмақ. Ғылым мен бизнестің интеграциясында инновациямен айналысқысы келетін барлық отандық кәсіпкерді Бірыңғай цифрлы платформаға енгізу де қажеттіліктен туындап отыр. Осы ретте бизнес пен академиялық ғылыми орта арасындағы перспективалы ғалымдарға бәсекелестік туғызу да саланың бір артықшылығы болмақ. Академиялық ғалымдар осы кәсіпорындардың ғылыми зертханаларында лайықты жалақыға жұмыс істеп, студенттерге беретін қажетті білім үрдісін жоғары оқу орындарында жалғастыруына еш кедергі болмайды.
Аталған мәселелер сарапшы тілге тиек еткен түйткілдің бірқатары ғана. Ғылымды коммерцияландыру мамандар даярлау, заманауи технологияларды меңгеру, әзірленген жобаны сынақтан өткізу, тиімділігін, нарыққа сұранысын дәлелдеу сияқты кешенді үрдісті қамтиды. Экономика сұранысына орай өнімге қол жеткізу ол бір ғана ғалымның немесе ғылыми ұжымның ғана емес, сарапшы атап өткендей, жоғары технологиялық компаниялардың тікелей қатысуымен нәтиже беретіні анық.
Түйін: Қазіргі таңда ғылыми қауымдастық талқысына түскен ғылымды дамытудың өзекті мәселелері жан-жақты қарастырыла бастады. Кәсіби орта экономикадағы ғылымның үлесін арттыру, әзірленген жобаларды нарыққа енгізудің тетіктеріне маңыз беріп отыр. Ендігі кезекте нарық ойыншыларының ұсынысы мен пікірі ғылымды дамытуға бағытталған кешенді бағдарламада назарға алынса игі.
АЛМАТЫ