Аймақтар • Бүгін, 08:25

Ертісте сең қашан жүреді?

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ауа райын болжаушылар Ертіс өзеніндегі мұздың жүруі шамамен 8 сәуірде басталып кетуі мүмкін екенін айтады. Ол шамамен жеті-сегіз күнге ұласады.

Ертісте сең қашан жүреді?

Еліміздегі ең ұзын су артериясы – Ертіс өзенінде мұз көбесінің сөгіліп, сең жүру үдерісі кейінгі жылдары ерте басталып жүр. Ауа райын болжаушы мамандар мұздың жүруі шамамен 19 сәуірден басталуы керек екенін айтады. Дегенмен кейінгі жылдары қардың жылдам еріп, Ертіс бойына көктем ерте келетініне байланысты табиғи факторлар өзгерген. 

– Біздің болжауымызша, Павлодар қаласының маңа­йында сеңнің жүруі шамамен 8 сәуірде басталып, 15 сәуірге дейін жалғасады. Өткен жылы ол 7 сәуірде басталып кеткен. Бізден жоғары 200 шақырым жерде тұрған Жетіжарда сәл ертерек басталуы мүмкін. Төменгі ағыста орналасқан Ертіс ауда­ны аумағында да сол шамада болуы керек. Негізі өзендегі су төменгі жағынан бастап қатып, жоғары жағынан ериді. Ертіс өзеніне Павлодар қаласы маңында жылы ағыс келіп қосылатынын ескерсек, бұл табиғи жағдай бұзылады. Аумақта мұз аса қата қоймайды. Көктемде бұл жердің мұзы тез сөгіліп, ағып кетеді. Негізгі қауіп – арнаның жоғары жағынан келетін мұз қозғалысы, – дейді «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының инженер-гидро­логі Марина Минчакевич.

Ертістің гидрологиялық ре­жі­мі су қоймаларының кас­кадымен реттеледі. Олардың негізгісі – шығыстағы Шүлбі су қоймасы. Шүлбіден қыстың төрт мезгілінде де су жіберіле береді. Қазір секундына 650 текше метр су жіберіліп жатыр. Оның нәтижесінде Ертіс суы күн сайын орташа есеппен 1–3 сантиметрге көтері­леді. Мамандар бұл қалыпты жағдай деп есептейді, сеңнің жүруіне аса әсер етпейді. Де­ген­мен кей жағдайда өзен ар­насының тар, таяз жерлерінде мұздар кептелетін болса, ол су деңгейінің қауіпті дең­­гей­ге дейін көтерілуіне ық­пал етіп, елді мекендерді, жа­йылым­дарды, жолдарды, ин­фра­құрылымды су басу қау­пін тудырады. Бір жылдары Май ауданында сондай оқиға болған. Оның үстіне сәуір айының ортасына қарай Шығыс Қазақстандағы су қой­ма­ларының барлығы ашылып, Ертіс өзеніне негізгі су босату шарасы басталады. Жылдамдығы секундына 3 600 текше метрге дейін жететін мол су жеткенше өзендегі мұз ағып кетуге тиіс.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар