Кездесуде Ш.Мирзиёев екі мемлекет арасындағы көпқырлы ынтымақтастықтың оң серпінмен дамып келе жатқанын ерекше атап өтіп, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы одақтастық қатынастарды одан әрі тереңдетудің маңыздылығына тоқталды.
Өз кезегінде Е.Көшербаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жылы лебізі мен ізгі тілектерін жеткізіп, жоғары және биік деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысы туралы баяндады.
«Бүгінде қазақ-өзбек қатынастары халықаралық аренадағы сенімді әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың айқын үлгісі болып табылады. Бұған, ең алдымен, жоғары деңгейдегі тұрақты әрі сенімді саяси диалог ықпал етіп келеді», деді Е.Көшербаев.
Кездесу барысында өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері де талқыланды.
Қазақстан мен Өзбекстанның көпжақты құрылымдар аясындағы өзара іс-қимылының жоғары деңгейі, сондай-ақ өңірлік кооперацияны одан әрі дамытудың, Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту жөніндегі бірлескен күш-жігердің маңыздылығы атап өтілді.