27 Маусым, 2015

Байланысшы болу – бала кезден арманым

327 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
SAM_2195-2Мен алыс аудан – Ойылдың топырағында туып-өстім. Әкем Николай Тимофеевич пен анам Валентина Александровна қазір де Ойылда тұрып жатыр. Қазақ балаларымен тай-құлындай тебісіп, бірге өстім. Содан болар, қазақшам жатық, жерлестеріммен өз тілдерінде еркін сөйлесемін. Ойылда орта мектеп бітіргеннен кейін Ақтөбе байланыс колледжін қызыл дипломмен тәмамдап, туған жеріме оралып, Ойыл аудандық телекоммуникация торабына жұмысқа тұрдым. Ұжымдағы ынтымақтастық пен өзара татулық мені қанаттандырып жіберді. Қай іске де жауапкершілікпен қарауға дағдыландым. Екі жылдан кейін өзім жұмыс істейтін Ойыл телекоммуникация торабы директорлығына жоғарылатқанда әріптестеріме деген сенімім бұрынғыдан да нығая түсті. Қазір бұл мекемеде 30-ға жуық адам еңбек етеді. Олардың бәрі өз ісінің білікті мамандары. Барлық елді мекендермен телефон байланысы бар. Басқа да байланыс қызметтері жолға қойылған. Телехабарлар көрмейтін елді мекен жоқ. Бұрыннан қалыптасқан ұжымдық өндірістік және еңбек дәстүрін дамыта отырып, жаңаша жұмыс істеуге талпындық. Тұтынушылардың көңілінен шығатындай байланыс қызметін ұсыну оңай шаруа емес. Дегенмен, мекеменің ырғақты жұмысын қамтамасыз етуде әріптестерім ылғи да қолдау көрсетіп отырды. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығара еңбек етудің арқасында облыс бойынша алдыңғы орындарда болдық. Мұның бәрі өз ісін жетік білетін әріптестерімнің арқасы екенін бек сезінемін. Әріптестеріме арқа сүйей отырып, қоғамдық жұмыстардан да қалыс қалмадым. Мен бәрін былай қойғанда, қазақтың келінімін. Жұбайым Амангелді Нұрбаев бірыңғай қазақ тұратын Ырғыздың жігіті. Сондықтан, үйде мейлінше қазақы салт-дәстүрді ұстанамыз. Жеті нан пісіремін, басқа да ұлттық тағамдарды дайындаймын. Өз ұлтымның да әдет-ғұрпын білемін. Көп білгеннің артықтығы жоқ. Мен бала күннен көңілім ұнатқан кәсіптің кілтін тапқаныма қуаныштымын. Ойылдықтар арасында азды-көпті беделім болса, оның осы өзім қалаған қызмет арқылы келгенін де сеземін. Осындай адал еңбегімнің өтеуі болар, өткен жылы облыстық телекоммуникация мекемесіне жұмысқа ауыс­тым. Қазір осында еңбек етудемін, сату қызметімен айналысамын. Бұл ұжым да мені жылы қабылдады. Бір анадан туғандай татулықта еңбек етіп жатырмыз. Мерекеге толағай табыспен келдік. Өзімнің еңбек жолымда үйренгендерімді осы жерде де тиімді пайдалануға тырысудамын. Мен қолым босаса гүл өсіргенді жаным қалайды. Барлық гүлді ұнатамын, алайда, орхидея жаныма жақынырақ. Сондықтан да, бүгінгідей мерекелік сәтте әріптестеріме халыққа қалтқысыз қызмет етіп, жұмыстарында табысты болуға, отбасында бақытқа кенелулеріне тілектестік білдіремін. Наталья ТАМБОВЦЕВА, «Қазтелеком» АҚ Ақтөбе облыстық телекоммуникация дирекциясы сатуды басқару қызметінің жетекші маманы. Ақтөбе облысы.