Фото: reuters.com
Кувейт туы ілінген Al-Salmi танкеріне жасалған бұл соққы 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы шабуылынан бері Парсы шығанағы мен Ормұз бұғазында сауда кемелеріне қарсы зымырандар мен жарылғыш дрондар арқылы жүзеге асқан шабуылдардың жалғасы. Осы шабуылдан кейін мұнай бағасы қайтадан күрт өсті. Аталған танкер шамамен 2 миллион баррель мұнай тасымалдай алатын және оның қазіргі нарықтағы құны 200 миллион доллардан асады.
Кеменің иесі – Kuwait Petroleum Corp компаниясының хабарлауынша, шабуыл сейсенбіге қараған түні болған. Соның салдарынан өрт шығып, кеме корпусы зақымданған. Соққыдан зардап шеккендер туралы ақпарат түспеген. Кейіннен Дубай билігі танкерге дрон арқылы жасалған шабуылдан кейін шыққан өрттің толықтай бақылауға алынғанын хабарлады.
Мұнай мен жанармай бағасының қымбаттауы АҚШ-тағы үй шаруашылықтарының қаржылық жағдайына әсер етіп, қараша айында өтетін аралық сайлау алдында Трамп пен оның Республикалық партиясы үшін саяси мәселеге айнала бастады. Бұған дейін олар энергия бағасын төмендетіп, елдегі мұнай-газ өндірісін арттыруға уәде берген еді.
GasBuddy деректеріне сәйкес, дүйсенбі күні АҚШ-та бензиннің орташа бөлшек бағасы соңғы үш жылдан бері алғаш рет бір галлон үшін 4 доллардан асты. Бұл жаһандық жеткізілімнің қысқаруына байланысты АҚШ мұнайының бағасы бір баррель үшін 101 доллардан жоғары көтерілуімен байланысты.