27 Маусым, 2015

Телекоммуникация қызметі жақсарып келеді

519 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Куанышбеков Е.Б.Байланыс – адамзат­тың бүгінгі өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған сала. Баспасөз өкілдерімен қатар келетін байланыс күнінде Шығыс Қазақстан облыстық телекоммуникация дирекциясының бас директоры Ермек ҚУАНЫШБЕКОВПЕН әңгімелескен едік. Кәсіпорын басшысы өңірде байланыс саласының өркендеп келе жатқанын, «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» жаңа технологиямен қамту жөнінде жүйелі жұмыстар жасалып жатқанын жеткізді. – Ермек Болатұлы, еліміздің ірі экономикалық аймақтарының бірі – Шығыс Қазақстан өңіріндегі байланыс саласына басшылық қызметке тағайындалғаны­ң­ыз­ға көп уақыт өте қойған жоқ. Жедел­дікті ұнататын сала аймақта қан­ша­лықты жолға қойылып отыр? – Елімізде «Ақпараттық Қа­зақ­стан – 2020» мемлекеттік бағ­дар­ламасы қабылданғанын біле­сіздер. Аталған бағдарламаны жү­зеге асыру шеңберінде «Қазақ­телеком» АҚ Шығыс Қазақстан өңірінде көпқабатты үйлерде оптикалық кабель талшықтары желісін орнату жобасын жүзеге асырып жатыр. Айталық, 2014 жылы өңіріміздегі облыстық дәре­жесі бар екі қалада, атап айтқанда, Өскемен мен Семей қала­ларындағы көпқабатты үйлер­де оптикалық кабель тал­шық­тары желісінің құрылысы аяқ­талды. Бұл қалаларда әр бесінші отбасы жедел интернет құрылғыларына ие деуімізге болады. Бұл көрсеткіш ай сайын артпаса, кеміген жоқ. Келесі кезеңде, яғни ағым­дағы жылы Риддер мен Зырян қалаларында GPON технология­сы бойынша кеңжолақты интернетті дамыту үшін желі құрылысы жүр­гі­зіліп, жыл соңына дейін алғашқы абоненттерге қосылатын болады. – Өңірімізде интернет қызметі солғын аудан­дардың бірі Абай ауданы екенін білеміз. Абайлықтар сапалы интернет қызметіне қашан қол жеткізеді? – «Қазақтелеком» АҚ Шығыс Қазақстан облысы филиалының тағы бір маңызды жетістігі ретінде оптикалық кабель талшықтары желісі құрылысының барлық жерде жаппай жүргізіліп жатқанын айтар едім. Бұл стратегиялық бағдар­лама өңірдің әрбір аудан орта­лықтарына жеткізілді. 2007 жылы басталған бағдарлама биыл толы­ғымен аяқталады. Сіз айтқан Абай ауданының орталығы – Қарауыл ауылы жақында, жаз маусымының соңында аталған желінің негізгі магистраліне қосылады. Осылайша, аудан орталықтарын сандық жүйеге көшіру 100 пайызға толығымен орындалады. Бұл жоба кең жо­лақ­ты интернет қызметін ұсынып қана қоймайды. Сонымен бірге, аудан орталықтарының тұрғындары интерактивті сандық теледидар көруге мүмкіндік алады және аудан халқының компьютерлік сауатын көтеруге айтарлықтай үлес қосады деген ойдамыз. – Бүгінде ұялы байланыс операторлары уақыт­пен, нарықпен бірге жетіліп келе жатқаны ай­қын. Қала­лық, ауылдық телефондар қажет болмауға айнал­ды... – Жыл сайын халыққа ғана емес, сонымен бірге заңды тұл­ғаларға арналған жаңа техноло­гия мен қызмет түрлері енгі­­зілу­де. Оларға көрсетілетін қызмет сапасы да жақсарып ке­леді. FMS шешім базасында «Әмбебап номер» атты жаңа қызмет түрін ұсыну басталғанын айтқым ке­леді. Бұл – қалалық және мобильді номерлерді біріктірумен бірге еліміз бойынша шектеусіз қоңы­рау шалуға мүмкіндік береді. Атал­ған қызмет түрі Өскемен мен Се­мей қалаларынан өзге Рид­дер, Серебрянск қалалары мен Глубо­кое кентін қамтып отыр. Жыл соңына дейін осы қызмет түрін облыстың барлық аудан орталықтарының тұрғындары пайдаланып, өздерінің бағасын беретін болады. Дерек ретінде айтар болсақ, 2015 жылдың 1 маусымындағы мәлімет бойынша, Шығыс Қазақ­стан өңірінде 749 елді мекен телефонмен қамтылып, 467 ауыл кең жолақты интернетке қол жеткізді. Тіркелген телефон қызметіне 385 мың абонент қосылса, 123 мыңнан астам абонент (2013 жылдан бері 17 пайызға өскен) кең жолақты интернет желісін пайдаланады. Оның ішінде 44 мың абонент (2013 жылдан бері 64 пайызға өскен) «ID Net» қызметін пайдаланса, 20 мыңнан астам абонент (2013 жылдан бері 56 пайызға өскен) «ID TV» қызметіне қосылған және 12 мыңнан аса абонент (2013 жылдан бері 104 пайызға өскен) «ID Phone» қызметінің тұтынушысы атанды. Бүгінде 3 мыңнан астам абонент «Әмбебап номер» қызметінің артықшылықтарына көз жеткізіп үлгерді. Мұның барлығы байланыс маман­дарының тиімді техно­ло­гияға иек арта отырып, тынымсыз жұмыс істеуінің нәтижесі деп ойлаймын. Соның нәтижесінде, Шығыс Қазақстан облыстық теле­ком­муникация дирекциясы 2014­ жылы «Қазақтелеком» АҚ-тың үздік филиа­лы деп таныл­ды. Сондай-ақ, былтыр филиалымыздың 2 қызметкері Қазақ­стан Республикасы Ақпарат және байланыс агенттігінің құр­мет грамоталарымен марапатталып, 1 қызметкеріміз «Жылдың үздік қызметкері» атты ұжымдық марапатқа ие болды. Үш бірдей қызметкеріміз Қазақстан Респуб­ликасының Инвестиция және даму министрлігінің «Үздік байланысшы» атағымен, кәсіпорында 20 жылдан артық жұмыс істеген 37 қызметкеріміз «Қазақтелеком» АҚ 20 жылдық мерейтойлық бел­гі­сімен марапатталды. Әңгімелескен Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы.