27 Маусым, 2015

Басты бағдар – өнім сапасы

287 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
20150129_121400-1 Еліміздің Дүниежүзілік ­сауда ұйымына кіру жөніндегі келісімдерінің сәтті аяқталуы бізді жаңа белестерге талпындыра түсті. Мұндай қадамға еліміз жайдан-жай бара қалған жоқ. Нарық көкжиегін кеңейту үшін еліміз алдымен кедендік одаққа мүше болды, Еуразиялық экономикалық одаққа енді. ДСҰ-ға мүше болуға 19 жыл дайындықпен келіп отырғаны­нан да бұл мәселеге Елбасы­ның қаншалықты мән бергенін аңғару қиын емес. Әрине, қандай да жаңа бастаманың өзіндік қиындықтары болары сөзсіз. Мемлекет басшысы бұл жолда да қиындықтар болатынын алдын ала ескертті. Дегенмен, осы жылдарда бұл бағытта мол тәжірибе жиналды. Сыртқы және ішкі нарықта өнімдер мен тау­арлар өткізудің өзіндік үрдісі қалыптасты. Соның өзінде де Дү­ние­жү­зілік сауда ұйымының алға ­тартар сындары бар екенін жоқ­­қа шығару­ға болмайды. Мұнда бәсекелестік алға шығады. Шетелден арзан да сапалы ­тауарлар мен өнімдер ағылады. Біз соған дайын болуы­мыз ­керек. Мұндай жағдайда сапа мен бағаның арзандығы шешуші тұтқа болады. Біз егемендік алғаннан бергі кезеңде отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін артыру­да біраз нәтижеге қол жеткіз­дік десек те, бұл бағыттағы ізденістер ілгерілей беруі тиіс. Бұл – ДСҰ-ның да, уақыттың да талабы. Бір орында тұрып қалсаң, орныңды өзгелер еншілеп кетуі әбден мүмкін. Сондықтан отандық кәсіп­керлердің басты бағдары ертең­гі күнмен өмір сүруге дағды­лану дер едім. Бәсекеге қабі­летті өнім шығару бізді бұ­рын­ғыдан да ширата түсуі керек. Бәсе­келестік кәсіпкерлердің екінші тынысын ашып, іс-қимылына серпін береді деп ойлаймын. Әрине, маған біздің өңірге тосындау кәсіппен айалысу оңайға түскен жоқ. Бастап­қы­да жүрексінгенім де рас. Саңы­рауқұлақ өсірумен айналысуға апам Ақмарал ақыл-кеңес берді. Бұл бастамамды жолдасым Амандық та қолдады. 2014 жылы кәсіпкерлік негіздеріне оқып, қолыма сертификат тиісімен шаруаны жүргізуге кірістім. Өткен жылы саңырауқұлақ өсіру және өткізуге «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекет­тік бағдарламасы­ның екінші бағыты аясында 1,5 миллион теңге несиеге қол жеткіздім. Алған қаражатқа жалпы алаңы 30 шаршы метр шағын жылыжай салып, 100 келі мицелий, қосымша тыңайтқыштар және басқа қажетті заттарды сатып алдым. Жұбайым Амандық қажетті құрал-жабдықтарды орнатуға қолғабыс берді. Үстіміздегі жылы саңы­рау­құлақтан екі рет өнім алдым. Оларды Ақтөбе қала­сын­дағы мейрамханалар мен дәм­ханаларға, қоғамдық тамақ­тандыру орындарына өткіздім. Болашақта дүкендер мен базарларға да шығаруды көздеудемін. Алдағы уақытта саңырауқұлақты тұздап, маринадтап, өңдеп, қалбырға салып саудаға шығаруды ойластырудамын. Түрлі салаттар жасайтын, саңырауқұлақ қосылған мәнті, түшпара, паштет шығаратын цех ашу да ойымда бар. Саңырауқұлақ тұқымын зерттейтін зертхана салсам ба деп жүрмін. Осының бәрі сайып келгенде қайткенде де сапалы өнім өндіру қажеттігінен туып отырғаны шындық. Әрине, ілгері басуға із салдық. Алайда, Елбасы айтқандай ДСҰ-ға мүше болудың өзін­дік жауапкершіліктері мен қауіп-қатерлері де бар. Біз бәсе­кеге дайын болуымыз керек, кәсіп­керлігімізді сараптап, жаңа­ша жұмыс істеуге талаптануымыз қажет. Сонда ғана еліміздің сау­да-саттығының 90 пайызын қам­тамасыз ететін ДСҰ-ға мүше елдер­дің ортасынан ойып тұрып орнымызды аларымызға сенім мол. Майра Бимашева, кәсіпкер. Ақтөбе облысы, Қобда ауданы.