Соңғы жылдары елімізде Ұлттық спорт күні Наурыз мейрамының ажырамас бөлігіне айналды. Биылғы наурыздың 20-сы Батыс Қазақстан өңірінде ұлттық дәстүр мен заманауи үрдістерді ұштастырған тағылымды шара ұйымдастырылып, «Бабалар ізімен» ұлттық спорт лигасының салтанатты ашылуы өтті.
Бірнеше бөлімнен тұрған ауқымды мерекелік бағдарламаға екі мыңға жуық қонақ пен спортшы қатысып, төл мұраны дәріптеудің жарқын үлгісі көрсетті.
Шара аясында ұйымдастырылған «NatRoboCom» атты роботтар жарысы тың бастаманың бірі болды. Мемлекет басшысы бекіткен Цифрландыру және жасанды интеллект жылына орайластырылған жарыста роботтар өзара арқан тартысып, асық атып сынға түсті. Сондай-ақ «робоқызқуу» мен «робоақсүйек» ойындарының көрсетілімі ұсынылып, цифрлық технология арқылы ұлттық ойындардың жаңа тынысы ашылды.

Әрине, бұл күні нағыз ұлттық спорт түрлері де қызды. Кір тасын көтеріп, қазақ күресінен күш сынасқан палуандар, дәстүрлі садақтан нысана көздеген мергендер, асық атқан алғырлар, тоғызқұмалақты тез ойнап, ми шынықтырған мықтылар майданға түсті. Одан бөлек қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, қамшы өру, ат тағалау, ұлттық бұйымдар жасау бойынша шеберлік сағаттары өткізілді. Қонақтарға қазақтың ұлттық тағамы ұсынылып, наурыздың берекелі дастарханы жайылды.
«Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, ырыс пен ынтымақтың, береке мен бірліктің мейрамы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл үшінші жыл қатарынан Наурызнама онкүндігін өткізіп келеміз. Осы Наурызнама аясында өтіп жатқан Ұлттық спорт күні жас ұрпақтың бойында ұлттық рухты үстем етуге бағытталған маңызды қадам. Бұл – біздің тарихымыз, салт-дәстүріміз, рухани құндылығымыз. Ұлттық ойындарды ұлықтап, төл спортты төрге оздыру – бәріміздің ортақ міндетіміз, бабалар аманатына адалдық. Аймақта бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасып жатыр», деді облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы «Бабалар ізімен» ұлттық спорт лигасының салтанатты ашылу рәсімінде.
Айта кетейік, «Бабалар ізімен» ұлттық спорт лигасы – халқымыздың дәстүрлі ойындары мен спорт түрлерін жаңғыртуға бағытталған маңызды жоба.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл бастама ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, жас ұрпақты рухани мұраға жақындата түспек.