«Ортаға Нұрлан Көпбергенов шақырылады!». Жарыс өтіп жатқан Павлодардың «Трактор» стадионындағы спорт төрешісі әрі комментаторы осылай деп хабарлады. Футбол алаңының ортасына дене бітімі келіскен, жас әрі жігерлі қазақ жігіті шыға келді. Түр-тұлғасы мен жалынды мінезі көрген жанға бірден жылы әсер қалдыратындай. Төрешінің ысқырығы естілген сәтте Нұрлан сенімді түрде кір тастарына қарай беттеді. Зіл батпан тастардың әрқайсысы 32 килограмм тартады. Спортшы әр қолына біреуден алып көтеруге тиіс. Бір мезетте төрешінің саңқылдаған даусы тағы естілді: «Ол бұл салмақты бір минуттың ішінде кемінде 42 рет көтеруі керек. Әйтпесе рекорд есептелмейді». Бұл әлемдік рекорд еді. Нұрлан жымиып, тұғырға жақындады да, ауыр кір тастарын қос қолына ұстап, жоғары қарай жеңіл көтере бастады. Көрермендер атлетті қолдап, дауыстап санап тұр: 43, 44, 45! Алып жігіт әрқайсысының салмағы 32 кило қос кір тасын бір минутқа жетпейтін уақытта 45 рет көтерді. Осылайша, кезекті әлемдік рекордын жасады. Қазақ жігітінің еншісіне жаһандық рекордты 16 мәрте жаңалау мүмкіндігі берілгені бұл тұста тек Жаратқанға ғана аян еді.
Нұрлан Көпбергенов 1962 жылы Павлодар облысы Ақтоғай ауданындағы Мүткенов елді мекенінде дүниеге келген. Оның бүкіл саналы өмірі Ертіс ауданымен тығыз байланысты. Аталған аудандағы №3 орта мектепті тәмамдап, 1985 жылы Павлодар педагогикалық институтын бітірген. Еңбек жолын Ертіс ауданындағы Амангелді атындағы мектепте мұғалім болып бастап, кейін балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы, аудандық «Қайрат» спорт қоғамының төрағасы болып қызмет етті. Кедендік бақылау комитетінде де жауапты қызметтер атқарған. Осы жылдар бойы жоғары деңгейдегі жарыстар мен спартакиадаларға қатыса жүріп, спорттық рекордтарды үнемі жаңартумен болады. Көп ұзамай жас спортшының даңқы Қазақстанды қойып, ТМД елдеріне тарай бастайды.
– Менің жұлдызды дәуірім 30-дан асқан шағымда басталды десем болады. Бозбала кезімде Исабек ишанның ұрпағы Жандарбек қожаның батасын алып, ықыласына шомылып едім. Қасиет иесінің шапағаты себепкер болды ма, арада көп уақыт өтпей мені кір тасын көтеруден Ресей елінің бас бапкері Николай Шатов іздеп келді. Оның қолдауымен Ресей қалаларына шеру тартып, өнерімді көрсете бастадым. Сөйтіп, 90-жылдардың соңы, 2000-жылдардың басында түрлі қалалардағы әлемдік жарыстарға қатыса жүріп, 16 мәрте рекорд жаңартыппын. Ауыр салмақ көтеруді 32 килодан бастап, 101 килоға дейін жеткіздім, – дейді даңқты рекордшы.
Ол ең әуелі 1996 жылдың 17 қарашасында Минскіде өткен жарыстарға, ал 1997 жылдың сәуірінде Қазандағы әлем кубогіне, одан соң Бабаевоғадағы додаға қатысады. 32 килограмдық кір тасын қос қолдап бір минуттың ішінде 48-ден астам рет көтереді. Бұл нәтиже – әлемдік рекорд еді. Бұған дейінгі әлемдік рекорд Вячеслав Хоронекоға тиесілі болатын (34 рет). Әлемге әйгілі кір тасын көтеруші, тағы бір рекордшы Виктор Калмык дәл осындай салмақты 36 рет көтерген. Нұрлан Қазбекұлының рекордтары олардың нәтижесінен еселеп асып түсіп жатты. Бұған қоса 1997 жылы мамыр айында Липецк қаласында өткізілген Бүкілресейлік фестивальда салмағы 100 килограмдық зілтемірді қырық секундта 16 рет көтеріп, бірінші орынды жеңіп алды. Сол жылдың қараша айында Ресейдің Бабаево қаласында өткен әлемдік чемпионатта әрбірі 36 килограмдық екі кір тасын бір минутта 39 рет серпе көтеріп, тағы да әлемдік рекорд жасады. Ал 2002 жылдың желтоқсан айында Семей қаласында өткен жарыста әрбірі 40 килограмдық екі кір тасын бір минутта 29 рет серпе көтеріп, кезекті рекорд жасайды.
Ең үлкен рекордтары туралы айтар болса, 1999 жылы Қаратау қаласында өткен кезекті чемпионатта салмағы 61 килограмдық екі кір тасын 5 рет серпе көтерсе, 2006 жылы Ресейдің Заводоуковск қаласында 62 килограмдық қос кір тасын 8 рет көтеріп, кезекті рекордты жаңалады. Ал 2007 жылы 62 килограмдық кір тасын 10 рет көтеріп, тағы бір рекордтық көрсеткіш тіркеді. Олардың алдында 1998 жылдың қыркүйек айында Астана қаласының тұсаукесер рәсімінде әрбірі 52 килограмдық екі кір тасын бір минутта 14 рет көтерген. Астана қаласында өткен Павлодар облысының күндерінде Н.Көпбергенов өзінің барлық бұрынғы әлемдік рекордтарын жаңартып, алтын медальға ие болады. Өкінішке қарай, атлеттің бұл жетістіктері сол тұста спорт шенеуніктері тарапынан тиісті қолдау таппай қалған. Отандық спорт саласының басында отырғандардан ешбір мейірім көрмеген азамат бір жылдары спорттан қол үзгісі келген. Сол тұста үлкен ағасы Төлеш Тасқымбаев: «Бауырым, бұл саған Тәңірдің берген дарыны, мұны қашан тоқтату керектігін тек сол шешеді. Тоқтама, рекордтар орната бер. Ұлы даладағы сен сияқты адамдар біздің халықта жүз жылда бір туады», деп тоқтатады.
Замандастарының айтуынша, алып күш иесінің жетістіктерінің құпиясы – оның қарапайымдылығы мен еңбекқорлығында. Спорт арқылы талай елмен достық көпірін орнатқан. Ресейдің Ялуторовск қаласындағы қазақ ұлты азаматтарымен кездескенде олардың Нұрланға есімі жазылған арнайы кір тастарын сыйлауы – спортшының зор беделіне айғағы. Бүгінде Нұрлан ағаның үйінде әр жылдардан сыйлық ретінде жиналып қалған кір тастарының жалпы салмағы бір жарым тоннадан асады. Спортшы зейнеткерлік жаста болса да, оларды күнделікті жаттығуында үзбей пайдаланады екен.
Сөз соңында айтарымыз Нұрлан Көпбергенов – ауылдан шығып, әлемдік шыңдарды бағындырған қазақтың нағыз баһадүрі. Күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының жолын лайықты жалғастырған ағамыздың рухы мен ерен күші жас спортшылар үшін қашанда мақтаныш болып қала беретіні анық.
Павлодар облысы