Тұтас ел аумағынан хабар таратып, тәуелсіз байқаушылар мен БАҚ өкілдерін тоғыстырған алаңда референдум күні бас-аяғы төрт брифинг өтті. Штабтың тікелей эфирі таңғы сағат 7.00-де басталып, дауыс беру аяқталып, алдын ала қорытындылар жарияланғанға дейін 11 сағат үздіксіз тікелей эфир жалғасты.
Елдегі ең ірі мегаполисте саяси науқан белсенді басталғанын айтуымыз қажет. Дәл осы күні кәмелеттік жасқа енді аяқ басқан тұрғын мен ғасыр ғұмырды еңсерген кейуана да дауыс беру алаңынан табылды. Ақпараттық ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған штаб жұмысы кешке дейін тынған жоқ. Қоғамдық коммуникациялар алаңына әр сағат сайын саяси сарапшылар мен тәуелсіз байқаушылар келіп референдумның өту барысы туралы тың мағлұматпен бөлісіп отырды. Дауыс беру учаскелері ашылған сәттен бастап тікелей қосылымдарға Алматы және Шымкент қалалары, сондай-ақ Жетісу, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары (Орал қаласы) қосылды. Кешке дейін өзге де өңірлермен байланыс орнады.
– Ақпараттық штабтың негізгі міндеті референдум барысы туралы қоғамды жедел әрі нақты ақпаратпен қамтамасыз ету, сондай-ақ мүмкін болатын ақпараттық арандатулар мен жалған хабарламалардың таралуына жол бермеу болды. БАҚ өкілдерімен бірлесе жұмыс істей отырып, жауапты кезеңнің әр сәтін ойдағыдай өткіздік. Референдум барысындағы жаңалықтар тікелей эфир арқылы тұрғындарға жедел жетіп отырды, – дейді «Independ.kz» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Рафаэль Гасанов.
Брифингке қатысушылар Алматы тұрғындарының ел өміріндегі маңызды саяси уақиғаға орташа белсенді үлес қосқанын, дауыс берушілердің легі түстен кейін қарқын алғанын мәлімдеді. Қала аумағында барлығы 2 мыңнан аса тәуелсіз байқаушы референдумның әр сәтін қалт жібермей қадағалаған болса, шаһардың барлық ауданынан 80-ге тарта маман соңғы ақпараттарды жедел штабқа жолдап отырды.
– Біздің 1 308 тәуелсіз байқаушымыз учаскелерде жұмыс істеді. Сонымен қатар 654 капитан бақылау үдерісін үйлестірді. Бұған қоса мобильді топтар да болды. Бақылау барысында қандай да бір заңға томпақ әрекет тіркелген жоқ, – деді брифингке қатысқан Ауған ардагерлері үйлестіру кеңесінің мүшесі Мақсат Мамадияров.
«Ер Азамат» қоғамдық бірлестігінің өкілі Алина Кан дауыс беру үдерісінің бел ортасында жүрген байқаушылардан сағат сайын ақпарат алып отырғанын, референдумға дайындық кезеңінде байқаушылардың біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыс жүйелі жүргізілгенін, олар референдум аяқталып, дауыстарды санау кезінде де сонда болғанын атап өтті.
Сондай-ақ қоғам қайраткері Андрей Андреев қоғамның саяси белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігі артқанын, референдум барысының ашықтығы барынша сақталғанын жеткізді.
Дауыс беру үдерісі аяқталғаннан кейін тәуелсіз байқаушылардың Ақпараттық штабының қорытынды брифингі өтті. Штабқа 30-дан аса тәуелсіз журналист тартылған. Эфир барысы мен жедел қосылымдарды миллионнан аса пайдаланушы тамашалаған болса, штаб алаңынан тараған мәліметтер 20-дан аса бұқаралық ақпарат құралында жарияланды.
Штаб өкілдерінің айтуынша, қоғамдық-саяси үдерістер туралы осындай жедел ақпарат беру форматы ашықтықты арттырып, қоғаммен еркін диалог орнату мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.
АЛМАТЫ