Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Басқосуды алғысөзімен ашқан «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы ұлттық баспасөздің елдік санаға қызмет ететін айрықша миссиясына тоқталды.
«Газет – ел айнасы. Қоғамдағы өзгеріс пен халықтың тыныс-тіршілігі ең алдымен баспасөзде көрініс табады. Сондықтан өңірлердегі маңызды бастамалардың, соның ішінде Маңғыстауда атқарылып жатқан игі істердің республикалық баспасөзде жариялануы қоғам үшін аса маңызды», деді Д. Қамзабекұлы.
Депутаттарды Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев бастап келді. Бас басылым ұжымымен кездесу барысында Жаңбырбай Жәнібекұлы өңірдегі игі жобаларды ортаға салып, нәтижелі бастамаларымен жан-жақты таныстырып өтті.
«Руханият – ұлттық жадыны жаңғырту, бауырлас елдермен тарихи сабақтастықты күшейту, жас буынға ортақ мұраны таныту. Маңғыстау бұған ерекше мән береді. Түркі дүниесінің астанасы атанған Ақтау шаһарында өткен халықаралық форумдар мен кездесулер сөзіміздің дәлелі бола алады. Мұндай бастамалардың кеңінен жазылып, жұртшылыққа жетуі өңірдің беделін арттырады», деді ол.
Жиын барысында Бейнеу аудандық мәслихат депутаты Меруерт Омарова да өңірдегі өзекті мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, бірқатар бастама қазір Үкімет деңгейінде қаралып жатыр.
Айта кетейік, Меруерт Омарова – Бейнеу ауданындағы қоғамдық бастамаларға белсене араласып жүрген кәсіпкер әрі мәслихат депутаты.
Былтырғы су тасқыны кезінде көптеген өңір тұрғындары әбігерге түскені белгілі. Сол қиын шақта Маңғыстау облысының халқы көрші Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарына жан-жақты көмек ұйымдастырған еді. Атырау облысынан эвакуацияланған 27 мыңнан аса адам Маңғыстау өңірінде уақытша орналастырылды. Бейнеу аудандық мәслихат депутаты Меруерт Омарова. Құлсары қаласынан келген 250 тұрғынды өз үйінде күтіп, қолдау көрсеткен.
Жүздесу соңында тараптар ақпараттық әріптестікті нығайтып, елдік мүддеге қызмет ететін бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті екенін білдірді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Мәслихаттар – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі негізгі институт. Оның тиімділігі депутаттардың кәсібилігіне тікелей байланысты». Осы тұрғыдан алғанда, өңірлердегі бастамалардың елдік деңгейде көтеріліп, ұлттық баспасөз арқылы кеңінен жариялануы қоғам үшін айрықша маңызға ие.