Бұл саясаттың негізгі мақсаты – елдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету. Шикізат базасын кеңейту мен экспорттық әлеуетті арттыру мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін толықтыруға да ықпал етеді. Сонымен қатар ішкі нарық қажеттіліктерін өтейтін, қосылған құны жоғары өнім өндіруге қабілетті тұрақты өнеркәсіптік база қалыптасады.
Ішкі қайта өңдеуді дамытудағы тиімді құралдардың бірі – отандық кәсіпорындарды негізгі базалық металдармен қамтамасыз ету тетігі. Бұл механизм бойынша ірі өндіруші компаниялар алдымен ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етеді. Яғни олар отандық кәсіпорындар алдындағы міндеттемелерін орындағаннан кейін ғана өнімін экспортқа шығара алады.
Отандық кәсіпорындарға берілетін жеңілдіктер өңдеу деңгейіне қарай белгіленген. Дайын өнім өндірушілер Лондон метал биржасы (LME) бағасынан 5 пайыз жеңілдікпен шикізат алады. Ал аралық өнім өндірушілер үшін 1 пайыз жеңілдік қарастырылған.
Мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру аясында министрлік 2025 жылы кәсіпорындардан өтінімдер қабылдап, қажетті сараптамалар жүргізді. Нәтижесінде катодты мыс, бастапқы алюминий және металл мырышын жеткізуге 18 кәсіпорынмен үшжақты келісімдер жасалды.
Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары тарапынан шикізатқа сұраныс тұрақты түрде өсіп келеді. Мәселен, 2025 жылы мысқа деген қажеттілік 18,6 мың тоннаны құраса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 20,4 мың тоннаға дейін артады деп күтіледі.
Алюминий саласында да ішкі өңдеу қарқыны күшейген. 2025 жылы ішкі нарықта қайта өңдеу көлемі 57,4 мың тоннаны құрады. Ал бастапқы алюминийге деген қажеттілік 2026 жылы 77,7 мың тонна деңгейінде болжанып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 35 пайыздан астам өсім.
Мырыш өндірісінде де сұраныс артып келеді. 2026 жылы мырышқа деген қажеттілік 2,6 мың тоннаны құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 45 пайызға көп. 2025 жылы бұл көрсеткіш 1,8 мың тонна деңгейінде болған.
Сұраныстың өсуіне байланысты жеткізілетін шикізат көлемінің артуы мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігін айқындайды. Отандық өндірушілерді базалық металдармен қамтамасыз ету орта және жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кәсіпорындардың жүктемесін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл өз кезегінде, катанка, кабель және өткізгіш өнімдер, аккумуляторлар, терезе профильдері, жиһаз жабдықтары сияқты түрлі тауар өндірісін көбейтуге жол ашады.
Нәтижесінде өңдеу өнеркәсібін дамытуға, қосылған құны жоғары өнім шығаруға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге қосымша мүмкіндік туады. Осы бағыттағы жұмыстар шикізатты ішкі нарықта өңдеуді күшейтіп, ел аумағында өндірілетін дайын өнім көлемін арттыруға, отандық кәсіпорындарды қолдау арқылы халықтың әл-ауқатын көтеруге негіз қалайды.