Кино • Бүгін, 07:50

Тау перзенті туралы фильм

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда әдебиет сыншысы, публицист, композитор Тұрсынжан Шапай туралы «qonyr media group» түсірген «Таудан түс­кен сәуле» атты деректі фильм­нің көрсетілімі өтті. Туынды кейіпкер тағдыры арқылы туған жерге деген сағы­ныш­тың, ұлттық жады мен рухани тамырдың тереңдігін бейнелейді.

Тау перзенті туралы фильм

«Тәңірінің құдіретін таны­ғың келсе, тауға шық» демеуші ме еді. Тау шың­дарында жер-дегі ұсақ-түйек мәселе-лерден арылып, жаны­ңа қуат табасың. Фильм кейіп­кері де жан дауасын туған жер баурайындағы асқақ шың­дардан, жазира жоталардан іздейді.

«Тауға келгенде түнде жұл­дызға, күндіз күнге  жа­қын­дағандай күй кешесің. Бітіп болмас бар қамыңды, мазасыз тірліктегі ұсақ-түйек бар кейіс, өкпе-ренішіңді, тіпті осы сәтке дейінгі бар ғұмырыңды асқарлардың ар жағында, түу төменде мұнартқан шыңырау етегінде қалдырып, көк пен жердің шегінде тұрған мына биікке жаныңды нұрмен шайғандай сергіп, серпіліп шығасың», деп тебіренеді кейіпкер.

Текес өзенінің бастауында түсірілген туынды көрерменді Жетісудың тұмса табиғатына тамсандырып, адам мен туған топырақ арасындағы көрінбес байланысқа ой жүгіртеді. Шұбартал, Көккемер, Белтөбе жайлауы, Лабасы секілді жер атаулары арқылы табиғат пен тағдыр, тарих пен тұлға бір арнада тоғысқан.

Фильмде Тұрсынжан Шапайдың рухани қалып­тасуына әсер еткен әкесі Мұқан ақсақалдың Абай өлеңдерін жатқа айтуы, «Абайды оқы» деген өсиеті де ерекше мағы­намен көрініс табады. Бұл – Абайтанудың ғана емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлттанудың да айқын үлгісі. Таудың биігінен адам өз өміріне, өз болмысына басқа қырынан қарайтыны туралы кейіпкер толғанысы көрерменді де терең ойға жетелейді. Осы тұрғыдан алғанда фильм – тұлғатану шеңберінен асып, қазақ дала­сының рухани кеңістігін таныт­қан көркем бейнеэссе іспетті.

Фильм авторы және ре­жиссері – Сержан Молда­санұлы, қоюшы-режиссер – Атлан Бұлыбаев, редакторы  – Аягүл Рама­занқызы, операторлары – Асхат Дәуренбеков, Арсен Сандыбаев, Нұрали Бақыт, продюссері – Гүлзат Қарғабаева, әкімші – Махаббат Құрманғали.

Көрсетілім барысында қоғам қайраткері Нұрлан Ораза­лин туынды ел мен жер­дің рухын сөйлеткенін атап өтті. Сондай-ақ Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Тұрсынжан Шапайға арнаған лебіз хаты табысталды. Шынын­да да, «Таудан түскен сәуле» табиғаттың асқақ көркі арқылы халықтың тарихи жадын, адам­гершілік пен тазалық секілді мәңгілік құндылықтарды жаң­ғыртқан рухани дүние. Бүгінгі қарбалас заманда мұндай туындылар адамды өзінің түп-тамырына, туған жердің биік болмысына қайта үңілуге шақыратындай.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар

Ақылға бірлік

Пікір • Бүгін, 09:00