27 Наурыз, 2015

Үйлесім

628 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Гала-концерт Призрак оперы. Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театры өмірге келгелі алты жыл боп қалды дегенімізбен, бірегей өнер ордасы үшін бұл көп уақыт емес. Жасыратыны жоқ, алғашқыда көп адам күдік-күмәнмен қараған. «Облыс үшін опера және балет театры керек пе едідеген сұрақтар жиі қойылатын. Шүкіршілік, тәй-тәй басқан тапылы да, қаз-қаз басқан қадамдары да нығайып келеді. Қалыптасу дейтұғын кезеңнің әуелгі бесжылдығы бедерлі болды. Ендігі жерде қолдау мен қамқорлық, жанашырлық пен жанкүйерлік қай-қандай тараптардан да жан-жақты жақсара түссе, Оңтүстік операсы бірсін-бірсін биіктей берері сөзсіз. Ең бастысы, ұжымда да, жекелеген талант иелерінде де талапшылдық, талмай іздену, дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіру сынды сапалық қасиеттер молынан сезілетіні қуантады. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – ОҚО опера және балет театрының жетекші әртістерінің бірі, дара дарын иесі, өнерді өмірім деп бағалай білетін Үрәлхан Канал­байқызы Сейілбекова. Опера әншісі туралы мақаламызды «Үйлесім» деп ата­дық. Жаратылыста, бар-бар­ша салаларда, әсіресе өнерде, оның ішінде операда үйлесім дегеніңіз теңдессіз рөл атқарады. Бекзат өнердің бекзат қызынан байқалатын басты айырмашылық та сол үйлесім екеніне көз жет­кізу үшін, әрине, осы опера және балет театрында қойылған «Інжу-маржанды», Елбасының қатысуымен өткен Гала-концертті, «Евгений Онегинді», «Қыз Жібекті», «Қамар сұлуды» көріп-тыңдауыңыз керек еді. Бәлкім, болған да шығарсыз. Мүмкін, операға, концертке бармаған да боларсыз… Қазір ОҚО опера және балет теа­трын Жәнібек Тағаев басқарады. Көркемдік жетекші Ерлан Жан­дарбай сынды сахна шебері. Үрәлханның басты партнері десек те орынды. Түркістаннан осында шақырылған шандоз. Оразкүл Дәулетова екеуі де Түркістаннан келген. Италияда жылға жуық шеберліктерін шыңдап оралды. Мұнда сахнаның шебері Марат Оразымбетов бар. Ал енді Үрәлхан Сейілбекова хақында біразырақ сыр шертелік. Жер жәннаты Жетісайдың жанын­дағы қарапайым қазақ ауылында туып-өсті. Жастайынан қып-қызыл, кейде қоңырқай көрінетін қозапаялы егістіктің үстінен, ауыл­дың аспанынан ұшып өтетін құс­тарға көбірек қарап өсті. Құстар секілді ұшқысы, құстар секілді ән салғысы келетін. Салатын да. Шаңырақ иесі, Үрәлханның әкесі Каналбай да термеші әрі әнші ғой. Анасы Тұрғанкүл де құралақан емес. Балабақшада сәбилерді әлди-әуенмен тәрбиелейтін. Бүгінде тоғыз ұл-қыздың ата-аналары Ка­нал­бай мен Тұрғанкүл ауыл-аймаққа сыйлы зейнеткерлер. Жетінші перзент Үрәлхан титімдейінен үйлесімге ұмтылар еді. Үйлеспей, жараспай тұратын нәрселерді жақтырмайтын. 1993-1997 жылдары Алматыдағы мем­лекеттік қыздар педагогикалық институтында «Музыка және ән айту» мамандығын игерді. 1997-1999 жылдары Алматы облыстық филармониясының солист-вока­лисі, әскери бөлімшенің ән-би ансамблінде әнші болды. Оның бәрі де өзіндік үйрену мектебі болғаны рас. Алайда, ауыл жақты сағынды. Жетісайында Сырдария университеті ашылып, «Ән және саз» кафедрасының оқытушысы, доцент қызметін атқарды. Университет оқытушысы ре­тінде де, жұртшылыққа танымал әнші ретінде де абырой-беделі биік­тей берді. Қай-қандай істе де ізденіс пен үйлесімді жадында берік тұтатын талантты қазақ қызы Сырдарияның студенттерін жеңіл-желпі, арзанқол әндерден гөрі классикалық шығармаларға бірте-бірте баули берді. Ал­ғаш түсінбегендер де болды, әрине. Әсте-әсте ән әулиесі дәс­түрлік дүниелерде, халықтық қазыналарда, классикалық һәм опералық жауһарларда екенін тереңірек ұғынатындар пайда бола бастады. Материалдық жағынан да, уақыт жөнінен де қатты қинал­ғанына қарамастан, титтей де сыр білдірместен Сырдарияның арғы жағынан Шымкент шақыртса, ай сайын да, кейде апта сайын да келіп жүретін күндер-ай… Үрәлхан Сейілбековаңыз Шәм­ші Қалдаяқов атындағы ха­лық­аралық ән байқауының лауреа­ты атанды. Көп ұзамай Қытай Халық Республикасының Іле ауданында ән шырқап, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алғыс хатын алды. 2000 жылы Нұр­ғиса Тілендиев атындағы «Аққу» байқауының дипломан­ты болды. 2001 жылы сол Сырдария университетінде қызмет істейтін Дәулетхан Болысбаевпен отау тікті. Үйлесіммен үй болыс­ты. Айтулы өнер фестивалінде «Классикалық әндердің үздік орындаушысы» жүлдесіне ие бол­ды. 2006 жылы мәдениет қайрат­кері төсбелгісін тақты. Әлбетте, Үрәлханның өмірі мен өнеріндегі басты бетбұрыс ОҚО опера және балет театрына әртіс болып қабылдануы екені анық. Жоғарыда аңғартқанымыздай-ақ, Үрәлханның жаратылысындағы, бекзат болмысындағы, талант­ты әнші ретінде танылған таби­ғатындағы үйлесім мен ұнасымды ұмтылыс осы опера жанрында жарасымын тапқан еді. Операға ауысуын үйлесімді терең түйсінер отағасы Дәулетхан да қолдады. Үрәлхан үйлесімі осылайша опера театрының қабырғасында қанат қақты. Мамандар да, опера шеберлері де, театр басшылары да, әріптестер де мойындай бастады. «Облыстық опера және балет театрын ашу керек» деген идея­ны иланымды еткен «Мәңгілік әуендер әлемінде» де Сейілбекова суырылып алға шыққан. Кейіннен Президент қатысқан Гала-кон­цертте де көзге ерекше түскен. Қазақ операларының қаймағынан қалқығандай сезілген «Інжу-маржан» қойылымы, «Евгений Онегиндегі» Татьяна рөлі талантын тасыта түскен. Тасынбады бірақ. Мастанудан мүлде аулақ аруыңыз ізденісін үдетті, үйлесімді үлгі етуден танбады. «Әлемнің опера жұлдыздары Шымкентте» халықаралық фестивальдерінде де айрықша қошеметке бөленді. Қазір «Қыз Жібектегі» Қыз Жібекті, «Қамар сұлудағы» Қа­мар сұлуды, «Травиатадағы» басты бейнені көрермен-тың­дармандар Үрәлханның үйлесімі арқылы бағалайтынға айналды. Қыз Жібекте, Қамар сұлуда Үрәлханның үйлесімге тұнған талант-дарыны айқындала түскені аян. Төлегенді де, Ахметті де Ерлан Жандарбай сынды жайдарман талант иесі жаңаша бейнелейтінін жұрт айтып жүр. Театрда басқа да талантты тұлғалар баршылық. Үрәлханның үйлесіміне, әрине, жан жары Дәулетхан мыр­за – ең басты тірекші әрі тілекші. Ғасыр басындағы ға­шықтардың уәдесі солай-тұғын. Философия ғылымдарының кандидаты Дәулетхан Сейітмаханұлы Болысбаев барлық нәрсеге пәлсапалық тұрғыдан баға береді. Отбасыда он екі жасар Гүләйім, ондағы Алмас, төрттегі Батухан гүлдей жайнап өсіп келеді. «Аман болсын алтындарым», – дейді әнші ана. – Әлі де үйренерім көп, күн сайын ізденбесе, оқып-то­­қымаса болмайды, – дейді Үрәл­хан Каналбайқызы. – Қа­зақ­станның халық әртісі, опе­­раның орасан майталманы Ра­хима Жұбатырованың ұла­ғатты ұстаздығын, теа­тры­мыз­дың вокалдық кеңесшісі ре­тін­дегі ерен еңбегін, Алма­тыдағы Абай театрынан жиі-жиі келіп, шеберлік сыныбындай сабақ беретін, «Қамар сұлуды» қойған Ғафиз Есімовтей ағаларды ардақ тұтамын. Театрымыздың ең алғашқы басшысы болған Асқар Әлиханды да ерінбес, еңбекқор өнерпаз ретінде бағалауға тиіспіз. Елбасымыз классикалық ән өнеріне, операға өзгеше көңіл бөлуде. «Астана-Опера» театрын көріп, қайран қалдым. Өкінішке қарай, облыс орталығындағы билік буындарының басшылары, зиялы қауым, ардагерлер өкілдері операға келмейді. Жастарды қалай тәрбиелемекпіз сонда? Рас, көзіқарақты, операсүйер көрер­мендер көбейіп жатыр. Мұ­ғалімдер, дәрігерлер сияқты опера әншілерінің де жалақылары жартымсыздау. Келешекте бәрі жөнделеріне, бекзат өнерге, ән әлемінің шыңындай шынайы операға көзқарастың кемел­де­неріне сенімдімін. Озық 30 елдің қатарына қосылу оңай емес. Ол үшін өзге салалармен бірге өнердің де биіктеріне шығу ләзім. Үрәлханның әңгімесі де үй­лесімді, әрине. Иә, операға, опера ән­ші­леріне деген көзқарас, ынта-ықы­лас өзгеру үстінде. Шырай­лы Шым­кен­тіңіздегі небір ме­рекелік кон­церттерде опера ән­шілері шық­қанда ше, ел елең ете қалады. Тіпті, тойларда да опе­ра шеберлері өзгеше қабыл­да­натынға айналды. Көпшілік бүгінде біздің кейіп­керіміз Үрәлханды іздейтін болды. Бұған бәріміз бірге қуа­найық, ағайын. Мархабат БАЙҒҰТ. ШЫМКЕНТ.