27 Наурыз, 2015

Өскемен – жұмыссызы аз қала

331 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Фото Т.КсымжановӘлемдегі күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, Өскемен қаласында 2014 жылдың қорытындысы бойынша тұрақты даму көрсеткіштеріне қол жеткізілді. Соның нәтижесінде өнеркәсіптік өндіріс көлемі 9,5 пайызға, ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі – 20 пайызға, бөлшек саудадағы тауар айналымы – 17 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі – 2 пайызға, тұрғын-үйлерді қолданысқа беру көрсеткіші 4 пайызға өсті. Қаладағы жұмыссыздар саны азая түсті. Осы жетістіктерге байланысты қала әкімі Темірбек Қасымжановпен әңгімелесудің сәті түсті. Мұндай жетістіктерге қа­лай қол жеткіздіңіздер? – Мемлекет басшылығы алға қойған міндеттерге сәйкес облыс басшылығының тапсырмаларын мүлтіксіз орындауға ұмтылдық. Мәселен, Үдемелі ин­дустриялық-инновациялық да­му бағдарламасы, «Жұмыспен қамту-2020», «Бизнестің жол картасы-2020», «Қолжетімді баспана-2020», «Терможаңғырту-2020», «Ақбұлақ» сынды мемлекеттік бағдарламалары аясында қа­был­­данған тиісті шараларды орын­дауға тырысып бақтық. Қаладағы шағын және орта бизнестің жағдайы туралы айта кетсеңіз. – Егер деректерге назар ау­дарсақ, 2014 жылы шағын жә­не орта бизнестің белсенді субъек­тілерінің саны 3,5 пайызға өсіп, 4,5 мыңды құрады. Олардан жергілікті бюджетке 58 млрд. теңгенің кірісі кірді. Бұл қала бойынша салық түсімі көлемінің 37 пайызын құрады. Қазіргі күні «Бизнестің жол картасы -2020» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында жалпы құны 42,7 млрд. теңгені құрайтын 215 жоба жүзеге асырылуда. Өткен жылдың сәуір айынан бас­тап қаламызда «Даму Өндіріс-2» бағдарламасы жүзе­ге асырыла бастады. Аталмыш бағдарлама аясында 1,8 млрд. теңгені құрайтын 22 жоба қар­жы­ландырылды. 2014 жылдың қараша айынан бастап аталмыш бағдарламаны қайта қар­жы­ландыру, яғни екінші рет қаржыландыру ісі жанданды. 2015 жылы жоғарыда аталған бағдарлама аясында «Өскемен конденсатор зауыты» АҚ және «Сапа» Медорталық» ЖШС-нің 2 жобасын қаржыландыру жос­парлануда. «Өркен-КШТ» биз­несті дамыту аумағында 3 кәсіпорынның жобасын, Армату­ра зауыты бизнесті дамыту аума­ғында 5 кәсіпорын жобасын жүзеге асыру жоспарланған.  2015 жылы осындай бағдарламаларды жүзеге асыру аясында қосымша 1200 жаңа жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр. Қала бойынша өнеркәсіп, шағын және орта бизнес өкіл­дерімен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде, өткен жыл қоры­тындысында бюджетіміздің кіріс көлемі 12 пайызға өсті. Ағымдағы жылы осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Қазір кейбір ірі қалаларда азық-түлік бағаларының өскен­дігі сезіледі. Өскеменде оны ауыздықтау бағытында қандай шаралар қолданылуда? –Бағаның негізсіз өсуін бол­дырмау мақсатында тиісті жұ­мыс­тар атқарылып жатыр. Қала­ның ірі сауда нүктелерінде бағаларға мониторинг жүргізіліп, мәліметтерге талдау жасалып, тиіс­ті шара қабылдап отырмыз. Мәселен, қала бойынша әлеу­меттік маңызды тауар баға­сына сатушылар үстемесі 10 пайыз­ға аспайтын 21 дүкеннің жұмысы ұйымдастырылған. Жеке кәсіпкерлердің бастамасымен әлеуметтік сауда орындары ашылуда. Қаланың ресми сайтында осындай нүктелердің орналасқан мекенжайлары туралы тұтынушы халыққа толық ақпарат беріліп отырады. Тауар үстемесіне ең төмен­гі баға қосу туралы сауда орталық­тарының басшыларымен 359 меморандум жасалынды. 2014 жылғы қараша айынан облыстық жеміс өнімінің тұрақтандыру қоры жұмысын жандандырды. Бұл қорға 5,7 мың тонна өнім арзан бағамен сатып алынды. Соның нәтижесінде барлық кезеңнің аралығында 2014 жылғы қараша мен 2015 жылғы нау­рыз аралығында жемістер бағасы өзгеріссіз қалды. Жыл көлемінде «Фрешмаркет» сауда орталығының ауласында 51 ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде азық-түлік және өзге өнімдер бекітілген бағамен ұсынылды. Жалпы, қала тұрғындарының өздеріне қажетті заттар мен азық-түліктерді сатып алу әлеуеті жаман емес. Біз бұл жөнінде де есеп жүргізіп, қала тұрғындарының әл-ауқатын қадағалап отырамыз. Мәселен, қала бойынша орта айлық еңбекақы көрсеткіші 108 мың теңгені құрап, өткен жылмен салыстырған 9 пайызға өсті. Нәтижесінде, бір қала тұрғынының орташа айлық сатып алу көлемі 74 мың теңгені құрады. Қалада баспана салу, оларды инженерлік желілермен жаб­дықтау ісі қалай шешім табуда? – Өткен жылы қаламызда 102 мың шаршы метр баспана пай­далануға берілді. Баспана салу оның алдыңғы жылымен салыс­тырғанда 4 пайызға өсті. Құрылыс мекемелері 38 млрд. теңгенің жұмысын атқарды. Соның ішінде бюджет қаражаты есебінен мем­лекеттік бағдарлама бойынша көлемі 49,4 мың шаршы метрді құрайтын 8 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Сөйтіп мемлекет көмегімен 582 отбасы үйлі болды. Бұл ретте 2015 жылға жос­парлап отырған жұмыстарымыз тіпті ауқымды. Бұл жылы мем­ле­кет­тік бағдарлама бойынша аумағы 106,2 мың шаршы метрді құрай­тын 14 көппәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беруді көздеп отырымыз. Сөйтіп, мемлекеттің қол­дауымен 1446 отбасыны жаңа пәтерге кіргіземіз деген жоспарымыз бар. Мұның сыртында ТКШ жаң­ғыр­ту бағдарламасының іске қосылуынан бастап 143 көппәтерлі үй жөндеуден өтті. Соның ішінде 2014 жылы қайтарымды қаражаттар есебінен 67,7 млн. теңгеге 8 үй жөндеуден өтті. Өт­кен жылы Өскемен қаласының аумағына кіретін шағын аудан­дарды электр қуатымен қамтама­сыз ету шаралары қолға алынды. Ахмер ауылында электрмен қамтамасыз ету желілеріне ағым­дық жөндеу жұмыстары басталды. Соның нәтижесінде 125 тұрғын үй электрмен жабдықталса, Жаңа Согра кенті орталық жылумен қамтамасыз етілді. 2015-2016 жылдары қаланың алыс аудандарының электрмен қамту мәселесін шешу үшін Ах­мер ауылында электрмен қамту желілеріне ағымдық жөндеу жүргі­зу, Әуежай ауданы және Баб­кина Мельница ауылын электрмен қамту желінің құрылысын жалғастыру жоспарланған. Жалпы, Үкімет назарын­дағы әлеуметтік проблемалар қалай шешілуде? – Бірауыз сөзбен жаман емес деп айтар едім. Өйткені, білім бе­ру мен денсаулық сақтауға бө­лі­не­тін қаржы көлемі жылдан-жылға артуда. Былтыр 2 балабақша және 120 орындық «Азамат» бала­бақ­шасында 4 қосымша топ ашылды. 2015 жылы 420 орынды жеке балабақша пайдалануға енгізіледі. 160 орынды бақшаның ғимаратын қайтару мәселесі қаралатын болады. Мемлекет-жекеменшік серік­тестігі аясында 1890 орындық 6 бала-бақшаның құрылысы қолға алынады. Сондай-ақ, АЭС компаниялар тобымен қол қойылған меморандум аясында салынатын балабақша қалаға тарту етіледі деп күтілуде. Бұл балабақшаға арнап жер телімі бөлініп, коммуникация­лары тартылған. Сөйтіп, 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту ісі қазірдің өзінде толықтай шешімін табуда. Бүгінгі күні қаланың мектеп оқушылары толықтай ыс­тық тамақпен қамтамасыз етіл­ген. Ыстық тегін тамақпен тұрғын­дардың әлеуметтік қорғалмаған бөліктердің барлық балалары қамтамасыз етілген. Бұған 126 млн. теңге қаражат бөлінді. Біздің қалада 1-4-сыныптың оқушылар бюджеттен бөлінген қаражаттар есебінен бал және сүтпен тегін қамтамасыз етіледі. Бұл шара балалардың денсаулық жағдайын жақсартуға бағытталып, қолға алынып отыр. Өскеменде жыл сайын саламатты өмір салтын ұстануға жағдайлар жақсартылуда. Бұқаралық спортпен айналысатын азаматтар үлесі 30,4 пайызды құрайды. Сөйтіп, бұл мәселе жөніндегі Елбасы тап­сырмасын орындауға елімізде алдыңғылар қатарында Өскемен қаласы қол жеткізді. Бұған өз кезегінде облыс орталығындағы 416 спорт нысандарының жұмысы өз септігін тигізуде. 2014 жылы жүзу бассейні, жеңіл атлектика ма­нежі мен спорттағы дарынды балаларға арналған интернат ашылды. Тұрғын үйлері мен мектептер жанында 38 футбол мен хоккей ойындарына арналған алаңдар жұмыс істеуде. Былтырғы жылы Шығыс ауылында, Жамбыл мектеп-интернатында, 16 және 19 мектепте де алаңдар ашылды. 12 арнайы хоккей алаңы бар. Қала ішінде тұрғындарға қысқы спорт түрлерімен айналысуға барлық жағдай жасалған. 1, 1,5 шақырымдық шаңғы тебу жолдары, коньки тебуге арналған каток ұйымдастырылған. Қалалықтар спортпен айналысып қоймай, ыс­тық шәй ішіп, сырғанақ теуіп, қыс қызықтарына кенелді. Қалада халықты жұмыспен қамту жайы қалай? – Жұмыспен қамту органдарына жұмыспен қамту мәселелері бойынша 6612 адам жүгінген, оның 4485-і жұмыспен қамтылды. Қоғамдық жұмыстарға 1375-і жұмыссыз адам, жастар іс-тәжіри­бесіне – 147 жас маман, әлеуметтік жұ­мыс орындарына 162 адам тартылды. Өткен жылы барлық сектор бойынша 6170 жұмыс орындары құрылды. 5 рет өткізілген жал­пықалалық бос орындар жәрмең­кесінде 238 кәсіпорын қатысып еді. Жұмыс сұрап келушілер қатары көп болмады. 402 адам жұмыспен қамтылды. 2015 жылдың басына қаладағы ресми тіркелген жұмыссыздар саны 215 адамды құрады. Бұл 2014 жылдың осы мерзіміндегіден 2,7 пайызға төмен. Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».