27 Наурыз, 2015

Ли Куан Ю

4238 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
ef483d01888e7729c23b04515814bc6b 23 наурыз күні бүкіл әлемнің ақпарат кеңістігін «Сингапур экономикалық кереметінің әкесі» атанған ұлы саясаткер Ли Куан Юдың жасы 92-ге қараған шағында ауыр науқастан кейін өмірден өткені жайындағы хабар кезіп кете барды. Ли Куан Юдың қайтыс болуына байланысты Сингапурда жеті күндік (23-29 наурыз аралығында) аза тұту жарияланды. Ел халқы ұлт көсемімен сәрсенбіден бері  үш күн бойы қоштасуда. Жерлеу рәсімі жексенбі күніне, 29 наурызға белгіленген. «Әлемге әйгілі» авторлық айдарының аясында дүние дидарында ірі істерімен ізін қалдырған  қандай тұлға туралы жазсақ та жарасады, әрине. Ал Ли Куан Юдың жөні тіпті бөлек. Экономика ғылымдарының докторы, Постиндустриялық қоғамды зерттеу орталығының директоры  Владислав Иноземцевтің: «Ли Куан Юдың өмірден өтуімен дүние жүзі  ХХ ғасырдың аса көрнекті реформаторынан айырылдытегінде, онымен тек Дэн Сяопин ғана қатар тұра алатын болар», деп жазуы, Бүкіләлемдік банк президенті Джим Ён Кимнің: «Аз ғана жылдардың ішінде ол Сингапурды артта қалған ұлттан әлемдегі ең табысты да бай елдердің біріне айналдырды. Ол білімнің, кешенді түрде жоспарлаудың және жоғары кәсіби қоғамдық қызметтің арқасында табиғат ресурстарына өте кедей қала-мемлекеттің өзі әлемдік сауда және қаржы хабына айнала алатынын дәлелдеп берді» деуі көп жайды аңғартады. Сингапурдың сәтті тәжірибесі осыдан жарты ғасырдай ғана уақыт бұрын еркегі де, әйелі де мақта күпәйке киіп, велосипедке мінсе автокөлікке отырғандай күпиіп жүретін Қытайдың бүгінде әлемдегі екінші экономикаға айналғанындай, Хиросима мен Нагасаки апатынан кейін арада отыз жылға да жетпейтін уақыт ішінде «жапон кереметінің» дүниені таң-тамаша қалдырғанындай, корей электроникасының барша жұртқа ауыз ашқызып, көз жұмдырғанындай, бір кезде атын біреу біліп, біреу білмейтін Малайзияның экономикалық реформаларының әлем университеттерінде зерделене бастағанындай құбылыстардың қатарына< /em> қосылады, бұл елдердің тамаша табыстары байлықтан басы айналған Батыстың бір кездегі «артта қалған Азия» туралы тозыңқы, тар түсінігінің тас-талқанын шығарды. АҚШ Президенті Барак Обаманың Сингапур үкіметінің тұңғыш басшысын «тарих титаны» атауы соның бір дәлелі Ли Куан Юдың мемлекет құрудағы қажыр-қайраты қайран қалдырады, экономикалық реформаларды жүзеге асырудағы біліктілігі, батылдығы тәнті етеді, оның ұлтты ұйыстырудағы ұлылығы үлгі тұтарлықтай. Жер жүзіне жайылып кеткен мына бір сөздеріне назар аударайықшы. «Мені азаматтардың жеке өміріне араласады деп жиі кінәлап жатады. Соны жасамағанымда ғой біз бүгінде қолымыз жеткеннің ешқайсысын да жасай алмас едік. Егер мен адамдардың жеке өміріне араласпағанымда мұндай экономикалық ілгерілеуге жетпес едік дегенді ешқандай өкінішсіз айта аламын. Көршіңіз кім, қалай өмір сүріп жатырсыз, неге улап-шулайсыз, неге түкіресіз, қай тілде сөйлейсіз – осының бәрінде ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін біз шешеміз. Адамдардың не ойлайтынының маңызы шамалы», деді ол елде бақылау тым күшейіп кеткен деп санайтындарға. 1988 жылы, Премьер-министр қызметінен кетуіне екі жыл қалғанда: «Табытта жатқан күйімде де, мені бейітке тығып тастауға әрекет жасап жатқан кезде де егер бірдеңе көңілдегідей  болмай тұрғанын сезсем мен орнымнан тұрып кетемін. Премьер-министр ретінде үкіметтен кеткеннен кейін мені өмірінің соңына дейін зейнеткер болып өтеді дейтіндер табылып жатса, ондайлардың дәрігерге көрініп, тексерілгені дұрыс», деп те айтқаны бар. Солай етті де. Өзі құрған мемлекетті 31 жыл бойы басқарған Ли Куан Ю өмірден өткенше «аға министр» деген құрметті лауазымды атқарып, ел өміріне қатысты мәселелердің бәріне араласып, ақсақалдық ақылын айтумен болды. Сингапур кереметі – сол мемлекетті тақыр жерден құрып, қалыптастырып, қуатты етіп, құрметті етіп, дәулетті етіп берген саясаткерге қойылған ең ғажайып ескерткіш. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сингапур Республикасының Премьер-министрі Ли  Сянь Лунға жолдаған көңіл айту жеделхатында Сингапур мемлекеттілігінің негізін қалаушы, жаһандық ауқымдағы көрнекті саяси қайраткер Ли Куан Юдың қайтыс болғаны туралы хабарға жаны күйзелгенін жазды. «Біз жиі кездесіп тұрдық. Мен оны жақын дос санадым, одан көп тәжірибе алдым», делінген жеделхатта. Елбасымыздың «Қазақстан жолы» кітабында Ли Куан Юдың егемендіктің елең-алаңында, тәуелсіздікке дейін-ақ Алматыға келгені айтылады. Ол сонда Қазақстанда бес күн болып, елдің жағдайымен танысқан, Нұрсұлтан Назарбаевтың өтініші бойынша бір топ жас экономистердің алдында сөз сөйлеген. «Сингапур Премьер-министрі өзінің ерекше мінезімен, жігерлі сөзімен және жарқын бейнесімен аудиторияны бірден баурап, үйіріп әкетті. Шығысқа тән биязылығымен және өрнекті ойымен Ли Куан Ю үлкен мемлекетті үлкен кемеге теңеп, оның ебдейлі қимылы үшін кең жер және қауіпсіз тереңдік қажет екенін, әйтпесе кеме төңкеріліп қалатынын айтты. Басқаша айтқанда, КСРО мен Қытай секілді тұғырлы мемлекеттер үшін түбегейлі экономикалық реформаларды, содан кейін саяси реформаларды жүргізуге ұзақ уақыт және түбегейлі есептеулер қажет екен. Сонымен бірге, Сингапур мен Қазақстан секілді елдерден Тарих түбірлі өзгерістер мен қатал тәсілдерді талап етеді екен, ұзақ ойлану мен толғануға уақыт бермейді екен», деп жазған болатын кітап авторы. «Тәжірибелі саясаткер және мемлекеттің көшбасшысы Ли Куан Ю КСРО-ның сөзсіз құлайтынына, алайда соған қоса, ол Қазақстанның болашағы зор екеніне күні бұрын, таза сенімде болды. Дегенмен, жұрттың көбі сол кезде оның біздің елдің атына айтылған сөзін тек шығыстық қонақтың дипломатиялық сыпайылығы деп қабылдады, алайда Уақыт оның көрегендікпен айтылғанын көрсетті» – бізді наурыздың мерекелі күндерінде бұрын оқыған кітаптарымызды қайтадан парақтатқан, Интернет шұқылатқызып, ақыры компьютер алдына отырғызған осы сөздер. Тарихтың тар кезеңінде елімізге келіп, көмегін көрсеткен, болашағымызға болжау айтып, бағасын берген, тәжірибесінен тағылым алған адамға бір ілтипатымызды білдірейік дедік.  Мақалаға Ли Куан Юдың әлемдік саяси әдебиетте бестселлер саналатын «Сингапур хикаясы: 1965-2000 жылдар. Үшінші әлемнен – бірінші әлемге» атты кітабындағы, Том Плейттің «Ли Куан Юмен сұхбаттарындағы», қазақстандық «Еркін қоғам» институтының Астана клубы әзірлеген «Азиатский прорыв» жинағындағы деректер арқау етілген.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ. 

Әлем картасындағы ең кішкентай елдердің бірі болып табылатын Сингапур – өз аймағындағы алып ел әрі әлемдік экономикалық көшбасшылардың бірі. Бір кездері өзінен әлдеқайда әлеуетті көршілері қоршап тұрған шағын мемлекет осындай табыстарға жететінін ешкім елестете алған да емес. Осыдан шамалы ғана уақыт бұрын өңірдегі ең кішкентай елдің алдында қолдан келместей көрінген екі міндет – өз мемлекеттілігін құру және экономиканы дамыту міндеттері тұрды. Бүгінде барлық қиындықтар еңсерілді, мұны Сингапурдың қазіргі бет-бейнесінен айқын көре аламыз. Әрине, елдің өсіп-өркендеуі Сингапур халқының жанқиярлық еңбегінің арқасында мүмкін болды. «Арал-мемлекет» тарихында бүгінгі табысы онсыз мүмкін емес болатын бір адам бар. Ол адам – Ли Куан Ю, Сингапур ғажайыбының «сәулеткері». Аралдың қазіргі заманғы тарихы өз бастауын ХІХ ғасырдан алады. Шамамен 1860 жылдан, Суэц каналының ашылуы нәтижесінде Сингапур Еуропа мен Шығыс Азия аралығын жалғастыратын кемелер үшін ірі порт маңызына ие болады. Порт мәртебесі Сингапур үшін пайданың басты көздерінің біріне айналады. Тұрғындар саны артып, олардың әл-ауқаты да жыл сайын өсе түседі. 1874 жыл мен 1913 жыл аралығында қаланың сауда айналымы сегіз есе ұлғаяды. Сингапурдың жаңа тарихында екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы жапон басқыншылығы кезеңі көңіл құлазытады. Жапон басқыншылығы үш жарым жылға созылып, соғыстан соң ағылшындар іс жүзінде басқа елге оралғандай болды. Халық өз тағдырын өзі шешу құқын талап етті. Ұлттық сана-сезімнің өсуі соғыстан кейінгі кезеңдегі бүкіл Азияға тән сипат болды. Бұл тәуелсіздік үшін, жаңа саяси бағыт үшін күшті күрес жылдары еді. Малайзия одағы осылайша пайда болды. Сингапур мен Малайзияның алдында өз мемлекеттілігін құру міндеті тұрды. Бірақ Малайзияға ұсынылған жоспар, Британия өзінің осы қалаға ықпалын сақтап қалғысы келгендіктен, Сингапурды толықтай қанағаттандыра қоймады. 1950-ші жылдары Сингапур заң шығарушы жиналыс сайлауға мүмкіндік беретін конституцияға ие болды. Сингапурды басқару қағидаты сол кезден бері парламент құрушы партия­лар үлгісіндегі британ ықпалын сақтап келеді. Солардың бірі Ли Куан Ю жетекшілік еткен Халықтық Іс-қимыл партиясы (ХІП) болды. Бұл оның үлкен саясатта алғаш көрінуі еді. 1955 жылғы сайлауда ХІП заң шығарушы жиналыста үш орын алып, өз саясатын ілгері жылжыту үшін күрес бас­тады. Бірте-бірте британ әкімшілігі Сингапурға толық өзін-өзі басқару тізгінін беру туралы шешімге келіп, 1959 жылғы сайлауда ХІП парламенттегі 51 орынның 48-іне қол жеткізіп, кабинет жасақтау мүмкіндігіне ие болды. Билеуші партия «Малайзия малайлар үшін» деген ұранды қос қолдап қолдады. Мұндай жағдайда ең ірісі қытайлар болған ұлттық азшылықтарға орын жоқ еді. Тұйықтан шығар жалғыз жол бөлініп, өз мемлекетін құру болатын. Ли Куан Юдың алысты болжайтын ақылман саясаткер ретінде мұны түсінбеуі мүмкін емес еді. Ол өзінің ғұмырбаянында былай деп жазады: «Бізде таңдау жасайтын шама қалмады». Ли Куан Ю мойнына ауқымын өзі де нақты болжай алмаған үлкен жүк артты. Тәуелсіздік жаңа мемлекет құрудың тек басы ғана болды. Барлық қиындық алда тұр еді. «Біздің дербес тіршілік ету мүмкіндігіміз өте-мөте аз еді» – бұл Ли Куан Юдың өз сөзі. Сол уақытта Сингапур қандай ел еді? Жан басына шаққандағы ІЖӨ 400 АҚШ доллары шамасында аралдағы кішкентай ел болатын. Сингапурда іс жүзінде ештеңе болмады. Тіпті ауыз суға дейін сырттан әкелінді. Экономика құлағалы тұрды. Индонезия мен Малайзия секілді бұрынғы әріптестер сауда-саттық операцияларын Сингапурды айналып өтіп жүргізді. Ал енді даму үшін Сингапурдың қолында не болғанына қарайық. Ли Куан Ю: «Ол шикізат та, ақша да, сырттан көмек те емес еді. Біздің ең құнды активтеріміз адамдардың сенімі болды», деп жазады. Сенімнің үмітпен тығыз байланысты екені белгілі, ал бұл сол кезде Ли Куан Ю басшылыққа алған басты сезім еді. Оның орнында болса, талай адамның салы суға кетер еді, бірақ оптимизм мен өз халқына сенім реформаторды қолдап қана қоймай, елді қазіргі деңгейге жеткізген ұтымды үлгінің негізіне жатты. Ли Куан Ю халыққа арқа сүйеп, оның мүмкіндігін пайдалануда бір қарағанда оғаш, тіпті саяси тұрғыдан сыпайылыққа жата қоймайтын шешімдер қабылдады. Соған қарамастан, олар халық талап еткен тиімділік берді. Айтарлықтай кейін, 1980-ші жылдары ол жұртшылықтың жағасын ұстатқан, сонымен бірге, басшылықтың елді дамытудың жаңа бағытына жақындығын жарқын көрсеткен мәлімдеме жасады. Телевизиядан тікелей эфир кезінде Ли Куан Ю былай деп мәлімдеді: «Егер біздің ер адамдарымыз – жоғары оқу орындарының түлектері – өздерінің балалары да өмірде өздері сияқты бір нәрсеге қол жеткізсін десе, білімі және интеллектуалдық деңгейі төмен әйел таңдау олар тарапынан асқан ақымақтық болар еді». Ли Куан Юдың сөзінен кейін ол жасаған мәлімдемеге «Ұлы неке пікірсайыстары» деген айдар тағылып, ел көшбасшысының ұсынысы жұртшылық арасында талай-талай әңгіме туғызды. Шикізат ресурстары мен өнеркәсіп жоқ кезде тек адамдарға және олардың сана-сезіміндегі өзгеріске ғана иек артуға болатын еді. Білімді және еңбексүйгіш халық ел дамуының негізгі қайнар көзіне айналды. Сонымен бірге, бәсекеге қабілетті экономика құру үшін талантты адамдар талап етілді. Ли Куан Ю ондаған жылдар бойы түрлі ұлттардан тұратын кәсіби мамандарды іздеп, тартуға және Сингапурда жұмыс бастауға жақсы жағдайлар туғыза отырып, дамыған Батыс елдеріне қоныс аударған өз азаматтарын қайтаруға ерекше назар аударды. Көрші елдердегі талантты студенттерді іздеумен айналысатын арнайы топтар құрылды. 1990-шы жылдардың ортасында мамандардың иммиграциясы 1970-ші жылдары орын алған «ақылды бастар ағынынан» үш есе асып түсті. Бүгінде ел тұрғындарының 75%-ын –  қытайлар, 14%-ын – малайлар, 8%-ын – үнділер, қалғандарын – армяндар, индонезиялықтар, арабтар және басқалар құрайды. Сингапурда төрт ресми тіл бар, араларындағы ағылшын тілі бизнес пен әкімшілік тілі болып табылады. Жаңа адамдар ұлтын құруда, мейлі ол білім беруде болсын, мейлі ол шылым шегуге қарсы күресте және айналаңа бет-алды түкіруге немесе сағыз шайнауға тыйым салуда болсын, Ли Куан Ю үшін ұсақ-түйек деген жоқ еді. Бұл шаралар батыстық саясаткерлер тарапынан келемеж тудырғанымен, ел көшбасшысы өз ұстанымынан танған емес. Бүгінде Сингапур – әлемдегі ең күтіп-бапталған және таза қалалардың бірі. Әдемі парктер мен гүлзарлар, тоғандар мен каналдар – Сингапур ғажайыбы сәулеткерінің жеке еңбегі. Замандастары оны Ұлы көшбасшы және Сингапурдың Әкесі деп атады. Ли Куан Юдың есімі қытайшадан еркін аударғанда «айналасының бәріне шуақ шашатын шапақ» деген ұғымды білдіреді. Ли Куан Ю 1923 жылдың 16 қыркүйегінде дүниеге келді. Ол сол кездің өзінде сингапурлықтардың төртінші ұрпағы болды. Оның бабасы Гуандундағы туған округі – Дапуды 16 жасында тастап шыққан екен. Лидің атасы Хун Леонг ағылшын мектебіне түсіп, дәріханашы болады. Лидің әкесі Чин Кун зергерлік дүңгіршек ұстаған. Бұл балаларын оқытуға қаржысы бар көпестік, саудагерлік отбасы еді, оған қытайлықтар қашанда үлкен маңыз береді. Болашақ ел басшысының атасы өсиет еткеніндей, ол қазіргі заманғы еуропалық білім алды. Раффлздағы колледжді тәмамдағаннан кейін Ли Куан Ю Кембриджде құқықтануды оқып, білімін жалғастырды. Оның Англиядағы оқуға кеш түсуі соғыстың басталуымен байланысты. Оқуды ерекше дарындылығы үшін берілген жұлдыз  белгісімен үздік аяқтаған ол 1949 жылы Сингапурға оралып, танымал «Лэйкок және Онг» фирмасында заңгерлік тәжірибесін бастады. Ли Куан Юдың саяси қызметі 50-ші жылдардан басталады. 1951 жылғы сайлау­да ол Прогресс партиясына үндеді. Ақыр аяғында Лидің жақтастары дегендеріне жетті – олар ХІП-те үстем позицияға ие болып, партияны көшбасшылыққа алып шықты және 1959 жылы Ли Куан Юды премьер-министр қызметіне жеткізді. Осы сәттен бастап Ли солшылдармен қатынасын үзіп, оның тобы партияны да, үкіметті де жеке бақылауына алды. Билікке толықтай қол жеткізген Ли өз өмірінің басты мақсаты – қуатты Сингапур құру ісіне жұмылды. Бір саясаткердің дөп басып айтқанындай, ол Сингапурды «әуелі ел жасады, содан кейін оны бай ел жасады». Лидің интеллектісі мен күш-қуаты Сингапур ұлтын, «сингапурлық біртектілік» түсінігі аясына біріккен көпұлтты және көптілді қоғам құруда айқындаушы жағдайға айналды. Ол басшылыққа алған негізгі идеялардың бірі оның ойынан қашанда шықпайтын «Азияны қайта жаңғырту» идеясы еді деуге болады. Ли саясатының нәтижесінде Сингапур өмірдің барлық дерлік саласында тамаша табыстарға жетті. Экономикалық өсу деңгейі 8,5% болып, жан басына шаққандағы табыс Ұлыбританиядағы көрсеткіштен асып түсті. Әлем оның табысын жоғары бағалады. Ли Куан Ю Тынық мұхит жағалауының Томас Джефферсоны, жүз жылдықтың екінші жартысындағы аса жарық та қуатты интеллект иесі, тіпті «Азия Моисейі» атанды. Ли үшін экономикалық саясат бәрін де айқындайтын факторға жатпайды. Азиялық құндылықтар – өзін-өзі бекем ұстау, ұқыптылық, үлкендерге, отбасы құндылықтары мен билікке құрмет, бәтуаға келуге бейім тұратындық, білімнің беделі – шын мәнінде адамдардың өндірістік қызметіне айтарлықтай психологиялық серпін берді. Ли сондай-ақ ұлтты дамыту тұжырымдамасына өзінің жеке арман-аңсарлары мен өмір туралы ұғым-түсінігін енгізді. Міне, нақ осы жайт оған жаңа Сингапурды құруға мүмкіндік берді. Ол оппоненттеріне өзінің дұрыстығын дәлелдеу үшін Батыстағы теріс әлеуметтік және экономикалық үдерістерді жиі салыстыратын. Ли Куан Юдың жақтастары батыстық құндылықтарды тікелей әкелу Азия қоғамы үшін зиянды екеніне сенімді-тін әрі бұл көзқарастарын оларды қабылдау қоғам өміріне қатер төндіретіндігіне, сондықтан  олардан бас тартылуы тиістілігіне негіздейтін. Қоғам – бірінші орында, өйткені, ақыр аяғында қоғам игілігі – оны құрайтын адамдар игілігі. Міне, сондықтан да дәстүрлі Азия қоғамына демократиялық құқықтар мен еркіндікті тықпалау үдерісі соншалықты қажетті емес. «Егер батыстық үлгідегі демократияны қабылдайтын болсақ, бізді не күтеді?» деп сұрайды Ли Куан Ю. Бұл сұрағына өзі жауап береді: «Есірткі, қылмыс, жалғызілікті аналар… саны арта түсетін болады». Ли Куан Ю өзінің естеліктерінде былай деп жазады: «Азияда ақ түстілердің басқару дәуірі аяқталды». Сонымен бірге, тұтас бір кезең келмеске кетті. Соғыстан соңғы әлем әу бастан жаңа жолдар мен шешімдер талап еткен қатерлі қарқынмен және жедел дамуға бағытталды. Сингапур экономиканы дамытудың бұрынғы жолдары көкейкестілігінен айырылған сындарлы кезеңде тұрды. Индустрияландыру қажеттілікке айналып, бұл ұстаныммен барлық үкімет мүшелері келісті. Экономикалық проблемаларды шешу үшін барлық әдіс-тәсілдер қарастырылды. Айтқандай, тығырықтан шығудың жолдарын іздеп шарқ ұрудың бір нәтижесі Сингапурды әлемдік туристік орталыққа айналдыру болды. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бас­тап Ли Куан Ю елдегі кәсіпорындар үшін қолайлы жағдай туғызып, инвестициялар тартудың стратегиясын жасауға кірісті. Әуелі Сингапурда өндірілген автомобильдер, тоңазытқыштар, кондиционерлер, радиоқабылдағыштар, теледидарлар мен магнитофондарды қорғау үшін қолтыққа алып қолдау шаралары енгізілді. Бірақ мұндай өндіріс елде әлі жоқ еді, сондықтан бәрі де «болашақта оларды біз өзімізде өндіре аламыз деген үмітпен» жасалды. Әзірше азға қанағат етуге, мәселен, өсімдік майы, косметика, шыбын-шіркей аулайтын торкөз, шаш кремі, ойыншық, тоқыма өнімдері, т.б. өндірумен шектелуге тура келді. Сингапур Оңтүстік Азиядағы мешеу қалған отарлы ел деген қатып-семген қасаңдықты бұзу оңайға соққан жоқ. Мысалы, инвес­торларды өркениетті де келешегі бар елге келгендеріне сендіру үшін әуежайдан қонақ­үйге және Ли Куан Юдың офисіне дейінгі жолдар тұрақты түрде тазалықта ұсталды. Жолдардың қос қапта­лына ағаштар отырғызылды. Ли Куан Юдың саяси әдіс-тәсілдерін көрсететін кейбір қызықты сәттерге тоқталайық. Ол былай деп жазады: «1961 жылдың шілдесі мен 1962 жылдың қыркүйегі аралығында Сингапурда 153 ереуіл орын алды, бұл Сингапур үшін «рекорд» еді, ал 1969 жылы екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейінгі кезеңде алғаш рет бірде-бір ереуіл болған жоқ. Біз бұған қалай жеттік?». Табыс себебі мынада еді: Ли Куан Ю қоғамдағы жікке бөлінушілік жедел экономикалық даму идеяларымен үйлеспейтінін түсінгендіктен әу бас­тан қатаң саясат ұстанды. Мысалы, кәсіп­одақтар туралы заң өзгертіліп, оған еңбек қарым-қатынасының нақты регламенттерімен қатар, ереуілдер өткізуге тыйым салу енгізілді. Оның 1960-1970-ші жылдардағы Сингапур қоғамындағы өмірден алған әсерін «мәдениетті түрде естен тандыру» түсінігімен айқындайтыны кездейсоқ емес. Қала қазіргі қалпында енді-енді қалыптаса бастаған-тын, оның жаңа тұрғындары қала өмірі жабайы көрінетін, өзінің өзгешелігімен ашық үрейлендіретін күні кешегі шаруалар, фермерлер болатын. Жүздеген жылдар бойы олардың ата-бабалары өзгермейтін ортада өмір сүріп келсе, енді бәрінен бас тарту қажет болды. Ли Куан Ю былай деп еске алады: «Жаңа жағдайларға икемделу оңайға соқпады, олар кейде езуге күлкі үйіретін, тіпті сандырақ дегізетіндей  нәтижелерге алып келетін… Шошқа өсіретін бірнеше фермер өздерінің малдарынан айырылғысы келмей, оларды көп қабатты үйлеріне бірге кіргізген. Олардың кейбіреулерінің шошқаларын көп қабатты ғимараттың баспалдақтарында қуалап жүргенін көзбен көру керек еді… Ұзақ уақыт бойы көптеген қытайлар, малайлар мен үндістер лифтілерді пайдаланбады, бой жазуға деген құштарлықтан емес, әрине, лифтілерден қорыққандықтан. Электр жарығының орнына керосин шамдарын пайдаланған адамдар да болды. ...Бұл адамдардың барлығы да мәдениетті түрде естен тандырудан зардап шекті». Ли Куан Юдың келесі жетістігі үкімет пен енді бүршік жара бастаған бизнес өте қажет еткен мамандар дайындау ісінен көрінді. Елдің қазіргі заманғы билеуші элитасы Ли Куан Юдың реформалары жылдарында өсіп шыққандардан тұрды және өмірлік қалып шұғыл ауысқан ортада қалыптасты. Үкімет жастарға басымдық берді. Сондықтан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан жас таланттарды шет елдерде оқыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама жұмыс істей бастады. Мектептердің үздік түлектері Ұлыбритания, Германия, Франция, Жапония университеттеріне жіберілді. Осы жастардың арасынан Сингапурдың қазіргі саяси және экономикалық элитасы өсіп шықты. Жастарға білім беру үкіметтің ұзақ мерзімді негізгі бағытына айналды. Ли Куан Ю өзімен бірге реформалар жүргізуге қатысқан өз кабинеті мүшелерінің ішінде мектептен кейін Сингапурда оқыған жалғыз адам өзі болғанын айтады. Басқаларының бәрі білімді шет елдерден алған. Демографиялық проблема Ли Куан Юды қашанда толғантатын. Ол елге жай ғана халық өсімі керек емес, елдің дамуы үшін ақылды да талантты адамдар қажет деп есептеді. Ол адамның тұлға ретінде қалыптасуының 80 пайызы табиғаттан, тұқым қуалаушылықпен беріледі, ал тек 20 пайызы ғана тәрбиелеудің нәтижесі болып табылады деген теорияны ұстанды. Сондықтан ел пайдасы үшін бірінші кезекте жоғары білімді әйелдер босануға тиіс, деп есептеді Ли Куан Ю. Сол кезде оның ұсынысымен үш баласы бар жоғары білімді аналарға озық мектептерді таңдау басымдығын беру туралы шешім қабылданды. Пікірлер екіге жарылып, көпшілікке мұндай шаралар әділеттілік тұрғысынан шын мәнінде кемсітушілік болып табылатындай көрінді. Нәтижесінде ымырашыл шешім қабылданды – тұрмысқа шыққан әйелдерге арнайы салықтық жеңілдіктер қарастырылып, ол жоғары және арнаулы орта білімі бар әйелдерге де қатысты болды. Осының нәтижесінде үш-төрт балалы отбасылар көбейе түсті. Ел жаһандану үрдістерінің пойызына басқалардан бұрын «секіріп мінуге» қол жеткізе алды. Ли Куан Ю қашанда жаңа әлемдік үрдістер мен бастамаларға сергек қарайтын. Сингапурда қаржы орталығын құрудың бастамашысы нақ Ли Куан Ю болып табылатыны да сондықтан. Ли Куан Юдың кеңесшісі доктор Винсемиус 1968 жылы өзінің досы, сол кезде Лондонда жүрген «Бэнк оф Америка» Сингапур банкі бөлімшесінің вице-президентіне телефон соғып: «Ван Онен мырза, біз алдағы он жыл мөлшерінде Оңтүстік-Шығыс Азияда қаржы орталығы болуын қалаймыз», – десе Ван Онен былай деп жауап қайтарыпты: «Жақсы, Лондонға келіңіз. Сіз бұған бес жылдың ішінде қол жеткізесіз». Винсемиус шұғыл Лондонға жеткен кезде оны Ван Онен мәжіліс залында тұрған үлкен глобусқа алып келіп, былай дейді: «Қараңыз, қаржы әлемі Цюрихте басталады. Цюрихтің банктері таңертеңгі 9.00-де ашылады, одан сәл кейін Франкфурттегі банктер, одан да кейінірек Лондондағы банктер ашылады. Түстен кейін Цюрихтегі банктер жабылады, содан кейін Франкфурттегі және Лондондағы банк­тер жабылады. Бұл уақытта Нью-Йорктегі банктер әлі ашық тұрады. Осылайша Лондон қаржы ағынын Нью-Йоркке бағыттайды. Түс қайта Нью-Йорктегі банк­тер жабылған кезде олар қаржы ағынын енді Сан-Францискоға аударады. Осы уақыт ішінде Сан-Францискодағы банк­тер жабылады да, швейцариялық банктер қайтадан ашылатын швейцария уақытымен таңертеңгі 9.00-ге дейін қаржы әлемінде ешқандай операциялар жүрмейді. Егер біз ортаға Сингапурды орналастырсақ, Сан-Францискодағы банктер жабылғанға дейін Сингапур олардан эстафета қабылдай алады, ал Сингапурдағы банктер жабылғанда, олар қаржы ағынын Цюрихке аудара алады. Осылайша тарихта тұңғыш рет жаһандық тәулік бойғы банктік қызмет көрсету мүмкін болады». Сингапурдың әлемдегі ірі қаржы орталықтарының бірі ретіндегі өркендеуі осы идеядан басталады. Сингапур жаһандану үдерістеріне қоян-қолтық араласып, жоғары тиімділікті қоғамдық жүйе құруда көшбасшылардың бірі болды. Сингапур Азиядағы ең бір бәсекеге қабілетті экономикасы бар және сыбайлас жемқорлық деңгейі аса төмен әрі аса қауіпсіз елдердің бірі болып танылған. Бұл табыстардың барлығы ең кішкентай «Азия айдаһарының» келешегі мол мүмкіндіктерін тамаша айғақтайды. Әңгімемізді түйіндесек, Ли Куан Юдың саңлақ саясаткерлігі нені көрсетеді? Жауаптың басы ашық – Вольтердің «Мемлекетті мемлекет ету үшін бір ұлы адамның болуы жетіп жатыр» деген сөзінің дұрыстығын көрсетеді. Солай. Дәл солай.