27 Наурыз, 2015

Мүмкіндік деген міне, осы!

446 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
26-03-02 Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қа­зақстан облысындағы жұмыс сапарында көкөніс өнді­ру­мен айналысатын «Аделя» шаруа қожалығына ар­найы келді. Ордабасы ауданының Бадам елді мекенінде орналасқан бұл жылыжай кешені 2011 жылы құрылып, бастапқыда 5 гектар алқапта өзінің жұмысын бастаған еді. 2014 жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ы арқылы 2200 млн. теңге көлемінде қаржы алып, үдемелі-индустриялы ин­новациялық даму бағдарламасы ая­­сында шаруашылық басшы­лары жылыжай көлемін қосым­ша 11 гектарға ұлғайтты. Қазір еліміздегі ең ірі көкөніс кеше­нінің бірі болып отырған бұл ша­руашылық франциялық «Richel» компаниясының қондыр­ғы­ларымен жабдықталған. Мұнда жылына 8,5 мың тонна өнім алы­нып, 160 адам жұмыспен қамты­лып отыр. Сондай-ақ шаруашы­лықта 72 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісімен интенсивті 14 мың түп алма сорттары және 6 мың түп алқоры егілген. Олар да қазір жақсы өнім беруде. Заманауи қондырғылармен жабдықталып, мақтаулы мем­ле­кеттердің жылыжайларымен бәсекеге түсуге қабілетті кешенді Елбасына облыс әкімі Асқар Мырзахметов қысқаша таныс­тырып өтіп, әңгіме барысында өңірдегі ауыл шаруашылығы жағ­дайын баяндап берді. Мем­лекет бас­шысы өз кезегінде осы шаруа­шылықта облыстағы ша­ғын және орта кәсіппен айналысып, табысқа жетіп жүрген кәсіп­кер­лермен пікірлесті. Олардың Елбасына айтары көп еді. Өткен жылы 325 млрд. теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілсе, ол осы адамдардың маңдай терінің өтеуі.  Мәселен, «Қайып ата» серіктестігінің басшысы С.Ертаев әу баста ірі қара бордақылайтын шаруашылық ашқанда ферманы 80 бас өгізден бастаған. Бүгінде мемлекеттік қолдау арқылы 3 000 бас ірі қара бордақылайтын жағдайға жетті. Былтыр Өзбекстанға 100 тонна ет экспорттаған. Шаруашылық басшысының ендігі межесі – Ресей нарығына кіру. Қолдан келмейтін іс деуге болмайды, бір күнде екі отар қойды түскі тамақ асханаларының қажетіне жаратып жіберетін Мәскеудің үлкен кәсіпорын басшылары Оңтүстік Қазақстандағы осы жерге де келіп, бірге жұмыс жасаймыз деп уағдаласып кеткен. Жүздесу барысында облыстық мәслихаттың депутаты, белгілі кәсіпкер Ә.Досболов, «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС директоры Т.Шыңтасов, «Амангелді» кор­по­ра­циясының президенті Н.Құра­лов сөз алып, шаруаларға мемлекет тарапынан бөлініп жатқан кө­мекке ризашылықтарын білдірді. 26-03-01 – Мен жеміс-жидек өсіретін фер­мер­лік қожалықтың жетек­шісімін. Біз Мақтаарал ауданында бұрын ол өңірде болмаған 300 гектарға ірі өндірістік бау жобасын іске асырып отырмыз. Мұнда толығымен италиялық интен­сивті техноло­гиялар әкеліп орналастырылды. Бұл жоба тікелей Өзіңіздің бер­ген бағытыңызбен іске асып отыр. Осыдан 8 жыл бұ­рын Сіз бастаған бір топ қазақ­стандық кәсіпкерлермен бірге Гол­лан­дияда өткен бизнес форумға қатыс­қан болатынбыз. Сіз сол фо­румда: «Осылардың істеген тірлігін сендер неге жасамай­сыңдар? Қолдарыңнан келеді, мүм­кіндіктер бар», деген едіңіз. Енді бүгін біз сол екі елдегі техно­логияның керектілерін игеріп, ірі шаруашылыққа айналып отырмыз. Егер бұрын қарапайым әдіспен 1 гектар баудан 5-7 тонна жеміс алынған болса, жаңа технологиямен 1 гектардан 100 тоннаға дейін өнім алып жатырмыз. Жоспарымыз келесі жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақтың нарығын игеру. Қазірдің өзінде бақша өнімдерін Ресей мен Германияға экспорттаудамыз деді «Қаршыға» шаруа қожалығының басшысы Қ.Ақтөреева. Мемлекет басшысы облыс­тың кәсіпкерлерімен және ауыл шаруашылығы тауарын өндіру­шілермен әңгімелесіп болғаннан кейін, өңірдің әлеуметтік-эко­номикалық оң көрсеткіштерін атап өтті. – Оңтүстік Қазақстан облысында агроөнеркәсіп кешені үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Мемлекет ауыл шаруашылығын дамыту ісіне жан-жақты қолдау көрсетіп, қажетті қаражат бөлуде. Бес жылда өңірде 2,3 миллион тонна көкөніс өндірілді. Қазақстанда мұндай жоғары көрсеткіштері мен табиғи жағдайлары бар басқа өңір жоқ. Қазір біз Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен шекарамызды ашып жатырмыз. Осыған байланысты бізге өзімізді ғана емес, көрші елдерді де өніммен қамтамасыз ету қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы әңгіме барысында елімізде көлік инфра­құрылымын дамытудың қажет­тігіне де назар аударды. – Егер елде жақсы жолдар болмаса, сауда дамымайды, сәйкесінше экономика да өркендемейді. Сондықтан біз қазір республиканың барлық өңірінде көлік желілерін салып жатырмыз, мыңдаған жұмыс орындары ашылуда. Әр өңірдің алдына нақты міндеттер қойылған, соны орындау жұмыстарын жалғастыру қажет, – деді Елбасы. Аграрлықтар Нұрсұлтан Назарбаевқа ауыл шаруашылығы саласындағы шағын және орта бизнес кәсіпорындарына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау үшін ризашылықтарын білдірді. Мемлекет басшысы Оң­түс­тікке келген бір сапарында: «Шағын және орта кәсіпті Оңтүс­тіктен үйрену керек», деген. Бұл сөз шаруалар­дың құлағына жағып тұр. Бүгін­де облыс әкімі Асқар Мырзах­метовтің басшылығымен егіс­тік­ті әртараптандыру, шаруашы­лыққа озық заманауи технология­ларды ендіру, бос жатқан телім­дерді игеру, мал және балық шаруашылығын дамыту жөніндегі арнайы іс-шаралар қабылданып, кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Диқандар суармалы жерлерге қолы жетпей жүрсе, оларға қорыс басқан, айналымнан шығып қалған 21,6 мың гектар аумақты игеру тапсырылды. Нәтижесінде мұндай телімдер суармалы жер дәрежесінде іске қосылып, қосымша 140 мың гектар ауылшаруашылық  жері игерілді. Үш жылдық мал шаруа­шылығын дамыту іс-шарасының арқасында 2166 жобаға 5,8 млрд. теңге несие беріліп, 7,3 мың тонна ет, 12,8 мың тонна сүт, 5,9 млн. дана жұмыртқа өндіріліп, жаңадан 4482 тұрақты жұмыс орны ашылды. Өңірдегі жалпы өнім көлемі қазір 324,6 млрд. теңгеге жетіп, 28 млрд. теңгеге артты. Өнім көле­мінің үлесі жөнінен респуб­ли­када екінші орында келе жат­қан облыстың біз тек ауыл шаруа­шы­лығында ғана атқарылып жатқан жұмыстарын ғана сөз еттік. Суы шипа Сарыағашқа бет алсаңыз жол бойы жылыжайлардан көз тұнады. Әр үйдің екіншісі Үкіметтен көмек алып, шағын шаруашылығын дөңгелентіп отыр. Жалпы, Оңтүстікте жылыжай шаруашылықтары аумағы 910 гек­тарға жетіп, ол еліміздегі көрсет­кіштің 87 пайызын құрайды. Был­тырғы жылы осындай шаруа­шылықтарында 150 мың тонна өнім жиналды. Өңірімізде қарқынды бау шаруашылығы 550 гектарға артты. Тамшылатып суару әдісімен егілген егістік көлемі 34 мың гектарға жетті. Бұл – республикалық көрсеткіштің 84 пайызы. Бүгін Мемлекет басшысының жұмыс сапары Шымкент қала­сында жалғасады. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.