Салық • Бүгін, 08:10

Салық кодексі: Алғашқы айдағы кіріс қандай?

0 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елімізде жаңа Салық кодексі күшіне енгелі екі ай уақыт өтті. Үкіметтің болжамынша, реформаның нәтижесінде биыл бюджетке қосымша 4,4 триллион теңге түсуге тиіс. Көлеңкелі экономикадан да шамамен 3–4 трлн салық алуға болады. Бұл межеге шынымен жете аламыз ба? Алғашқы айлардағы түсімдер қандай болды, қазынаға қанша қаржы құйылды?

Салық кодексі: Алғашқы айдағы кіріс қандай?

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Биылғы қаңтар айының қорытындысы бюджетте екі түрлі көрініс бар екенін көрсетті. Жалпы, салық түсімдері жоспардан асып түскен. Бірақ қосылған құн салығы жоспардағыдан шамамен 20%-ға кем жиналған. Мұның себебі неде? Бұл уақытша жағдай ма, әлде жыл бойғы фискалдық тәуекелдің алғашқы белгісі ме? Мәселенің мәнісін түсіну үшін сандарға үңілуге тура келеді.

Қаржы министрлігінің дерегі­не сәй­кес жылдың алғашқы айын­­да рес­пуб­ликалық бюджет кіріс­тері 1,270 трлн теңге болды. Негізгі жос­пар 1,348 трлн теңге еді. Яғни орын­далу деңгейі – 94,2%. Салық­тық түсімдер 851,4 млрд теңге жос­пар­­дың орны­на 941,9 млрд теңге тү­сіп, 110,6% орын­далды. Бұл жал­пы ал­­ғанда жос­пардан 10,6% жоға­ры. Сал­ық құ­рылымына келсек, кор­по­ра­тивтік табыс салығы 436,4 млрд тең­ге болды. Жоспар 418,7 млрд тең­ге еді. Жалпы, жаман нәтиже емес.

Мәселе –  қосылған құн салы­ғында (ҚҚС) болып отыр. Мұн­дағы көрсеткіш әлсіз. Жоспарда 311,8 млрд теңге болғанымен, нақты 249,9 млрд теңге ғана түскен. Орын­далу деңгейі – 80,2%. Биыл ҚҚС-тан 10 трлн теңге жинау жоспарланған. Бұл былтырғы 6,5 трлн теңге жоспармен салыс­тырғанда 53,8%-ға жоғары. Өткен жылы нақты 6,1 трлн теңге жинал­ған еді.

Салықтық емес түсімдер 23,1 млрд теңге болып, 102,5% орын­далды. Ұлттық қордан бөлін­ген трансферттер 400 млрд теңге жоспардың орнына 230 млрд теңгені құраған. Яғни 57,5% ғана орындалған. Биыл Ұлт­тық қордан 2,8 трлн теңге алу көз­дел­ген. Былтыр бұл көрсеткіш 5,2 трлн теңге болған. Бюджет шығыстары 1,6 трлн теңге деп жоспарланғанымен, нақты 1,3 трлн теңге жұмсалды. Шығыстар 17%-ға орындалмай қалды. Соның арқасында бюджет тапшылығы 260 млрд теңге орнына 60,5 млрд теңге болды. Мұнайсыз тапшы­лық 315 млрд теңгені құрады.

Экономист Руслан Сұлтанов бұл көріністі жыл басындағы қалыпты үдеріс деп бағалай­ды. Себебі қаңтарда бюджет шығыстары әдетте баяу жүреді. Мемлекеттік бағдарламалар то­лық іске қосылып үлгермейді, төлемдер бірден қарқын алмайды. Сондықтан шығын аз болған кезде бюджет тапшылығы да кем болып көрінеді.

«Салық түсімдерінің жоспардан асып орындалуы мемлекеттің негізгі кіріс көздері әлсіз емес екенін көрсетеді. Демек бизнес те жұмыс істеп жатыр, экономика толық тоқтап тұрған жоқ. Алайда ҚҚС-тан 80,2% ғана салық жинау – алаңдатарлық мәселе. Өйткені ҚҚС халықтың сатып алуына, саудаға, импортқа тікелей байланысты. Егер бұл салық жоспардан төмен түссе, онда тұтыну немесе айналым ойдағыдай болмаған деген сөз. Ал жылдық жоспар –
10 трлн теңге, өте көлемді сома. Егер қаңтарда кемшілік болса, қалған айларда оны өтеу керек болады. Ол үшін екі шарт қажет. Біріншісі – салықты дұрыс әрі қатаң бақылау. Екіншісі – экономикада белсенділік жоғары болуы керек. Халық сатып алып, бизнес сауда жасап, өндіріс өсіп тұруға тиіс. Қысқасы, қаңтардағы көрсеткіштер жаман емес. Бірақ ҚҚС жоспары өте үлкен болғандықтан алдағы айларда мемлекетке де, экономикаға да жоғары талап қойылып отыр», дейді сарапшы.

Демек Р.Сұлтановтың айтуынша, мәселе тек бір айлық көрсет­кіште емес. ҚҚС – эконо­ми­калық белсенділіктің негізгі инди­каторларының бірі. Нақты теңге­рім екінші және үшінші тоқсанда айқындалады. Сол кезде шығыстар толық қарқынға шық­қанда, кіріс базасы жарияланған параметрлерді ұстап тұра ала ма, жоқ па, сол маңызды.

Экономист Алмас Чукин биылғы қаңтарда бюджет кірісінің былтырғымен салыстырғанда аз көрінуін экономика әлсіреді деп қабылдауға болмайды дейді. Оның ойынша, бұл құлдыраудың емес, басқа факторлардың әсері.

«2026 жылғы қаңтар айының есебі шықты. Жалпы бюджет кірісі былтырғы қаңтармен са­лыс­тырғанда шамамен 14%-ға азайған. Ә дегенде «экономика әлсіреп кетті ме?» деген ой келеді. Өйткені салық мөлшерлемелері көтерілді, ақша көбірек түсуі керек сияқты еді. Бірақ мәселе басқада екен. Негізгі айырмашылық – Ұлт­тық қордан алынатын ақшада. Былтырғы қаңтарда бюджетке қордан 550 млрд теңге алынған. Биыл небәрі 230 млрд теңге ғана тартылған. Айырма 320 млрд теңге. Яғни мемлекет бұрынғыдай қордағы қаржыға сүйенбей, қолда барын үнемдеп, «қоржынға қол салмайық» деген ұстанымға көшкен. Мұның ішінде бір маңызды жайт бар. Егер трансферт 320 млрд теңгеге азайса, бюджет кірісі де дәл солай құлдырауы керек еді. Бірақ жалпы кіріс шамамен 200 млрд теңгеге ғана төмендеген. Демек қалған бөлігін салық жауып отыр», деп түсіндірді экономист.

Яғни елдің өз экономикасынан түсетін ақша өсіп жатыр. Бұл – жай сан емес, құрылымдық өзгеріс. Бюджет біртіндеп өз аяғына тұруға тырысып жатыр деген сөз. Қаңтарда салық түсімдері өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға артқан. Жоспардан да 10% жоғары орындалған. Әсіресе заңды тұлғалардың табыс салығы жақсы нәтиже көрсеткен. Бұл кәсіпорындардың өткен жылдың соңында табысты жұмыс істегенін білдіруі мүмкін. Немесе ҚҚС өседі дегенді естіген бизнес желтоқсанда белсенді сауда жасап үлгерген шығар.

«Рас. Әлсіз тұсымыз – қосыл­ған құн салығы болып отыр. ҚҚС жоспарға жетпеген. Бірақ бір айдың нәтижесімен қорытынды жасау ерте. Бәлкім, халық та, кәсіпкерлер де желтоқсанда ескі мөлшерлемемен көбірек сатып алып қойған шығар. Сондықтан қаңтарда қозғалыс баяу көрінуі мүмкін. Импорттың әлсіреуі де әсер етуі ықтимал. Жалпы, мұның себебі біреу ғана болмайды. Кірістің азаюын экономиканың әлсіреуі деп қабылдауға келмейді. Бұл – фискалдық саясаттың өзге­руі. Егер биыл Ұлттық қорды аз пайдалану жалғасып, ал салық түсімдері өсіп отырса, бұл бюджет жүйесінің біртіндеп сау бағытқа бет алғанын білдіреді. Арнайы са­лық режіміне тіркелгендердің саны күрт көбейген. Бұрын үш түр­лі режім болса, қазір біреуі ғана қал­ды. Өзін-өзі жұмыспен қам­ты­ғандар да артқан», дейді А.Чукин.

 Ал жалпы режімге көшу қарқыны әзірге анық емес. Пәтер мен көлік сияқты ұзақ­мер­зім­ді тауарлардың сатылымы баяу­лағаны сезіледі. Бірақ сонымен бірге құрылыс қарқыны өсіп жатыр. Тасымал артып келеді. Электр энергиясын тұтыну көбей­ген. Бұл экономиканың толық тоқтап тұрмағанын көрсетеді.

Халықаралық экономикалық теорияға сүйенсек, бүгінгі жағдай тосын емес. Экономист Оливье Бланшар бюджет ұзақ мерзімде қор мен қарызға емес, тұрақты салық базасына сүйенуі керек дейді. Осы тұрғыдан қарағанда, Ұлттық қордан трансферттің азаюы – әлсіздік емес, керісінше, бюджет өзін-өзі ұстауға бет бұрды деген белгі. Дүниежүзілік банк зерттеулерінде бір ғана табыс көзіне тәуелді болу қауіпті екені айтылады. Сондықтан қордан аз алып, салықты көбейту – бюджет мо­делін сауықтырудың бір жолы. Қысқасы, қаңтардағы сандар үрей ту­ғызатындай емес, бірақ еркін­суге де болмайды. Бюджет енді «қорға қарап» емес, «экономикаға қа­рап» өмір сүруге көшіп жатыр. Ал бұл көштің қаншалықты сәтті бо­ла­тынын алдағы айлар көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар

Ағайынды алғырлар

Қоғам • Бүгін, 08:55

Абылай заманынан қалған көрік

Жәдігер • Бүгін, 08:50

Күй күмбірлеген кеш

Өнер • Бүгін, 08:45

Зиялылық заңғары

Тарих • Бүгін, 08:15

Еламанның есті жырлары

Руханият • Бүгін, 08:02