14 Тамыз, 2015

Қайырымдылықты насихаттайтын «Алтын жүрек»

647 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
000 (28) Қоғамда қайырымдылық қағидасын насихаттау ниетімен жыл сайын тапсырылатын ұлттық «Алтын жүрек» сыйлығы биыл тоғызыншы мәрте ұйымдастырылып отыр. Осы орайда жобаны ұйымдастырушылар Алматыдағы Қазақстан баспасөз клубында журналистермен кездесті. «Бауыржан» қайырымдылық қоры, Мүгедек балалардың ата-аналары ассоциациясы және «Ана үйі» орталығы мен аталмыш сыйлықтың бұдан бұрынғы иегерлері қатысқан баспасөз отырысында ұйымдастырушылар тоғызыншы мәрте өткізілгелі отырған қайырымдылық сый­лығын тапсыру рәсіміне енгізілген жа­ғымды жаңалықтар туралы айтып берді. Биылғы рәсімнің бір ерекшелігі, сыйлықты салтанатты түрде тапсыру кешінде қайырымдылық аукцио­н­ы өткізіліп, аукцион лоттарына әйгілі «Милан» футбол командасы ойыншыларының қолтаңбасы бар футбол добы, әлем­дік және отандық спорт жұл­дыз­дарының бұйымдары мен құрал-жабдықтары секілді бағалы сыйлықтар қойылады. – «Алтын жүрек» сыйлығын тапсыруды алғаш қолға алған кезімізде еліміз бойынша 90 адамнан ғана өтініш түскен еді. Былтыр сыйлыққа ұсынушылар саны 200-ге жетсе, биыл бізге 10 күннің ішінде ұсынылған үміт­керлер саны 100-ден асып отыр. Біздің қоғамда шіріген байлар емес, қарапайым адамдар қайы­рымдылықпен тұрақты түрде айналысатындығын да біздегі көрсеткіштен байқауға болады, – дейді «Бауыржан» қайырымдылық қорының президенті Жұлдыз Омарбекова. Қайырымдылық жобасы мемлекеттен қаржыландырылмайтын болғандықтан биылдан бастап демеушілік көрсетушілер үшін «Форте Банктен» арнайы жарна-қайырымдылық есебін ашып, қаржылық қолдау қорын құрып отыр. Бұл қаржылық қордың мақ­саты келешекте отандық ме­це­наттарға қаржылық көмек көрсету. «Алтын жүрек» ұлттық қо­ғам­дық сыйлығы 2007 жылы меценаттық және қайырымдылық идеяларын насихаттау мақсатында «Бауыржан» қайырымдылық қорының бастамасымен тағайын­далған болатын. Осы уақыт аралы­ғында елімізде сан мыңдаған қайырымдылық істер атқарылып, қоғамда бауырмалдық пен игі шаралар атқару ниеті едәуір артты. Аталмыш сыйлық тапсырыла бастаған кезден бері 100-ден аса мектеп, 300 спорт және ойын алаңдары, 70 балалар бақшасы бой көтеріп, он мыңдай адамның өмірі құтқарылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, құрамында қайырымдылық ұйымдарының басшылары, Қазақстан Республикасының қоғам және мәдениет қайраткерлері бар сараптамалық және қоғамдық кеңес өтініштерді қарап, үміткерлерді іріктейді және анықтайтын болады. «Алтын жүрек» ұлттық-қоғамдық қайырымдылық сый­лығы «Жетім балаларға көрсеткен қамқорлығы үшін», «Білімге қолдау көрсеткені үшін», «Мүгедек жандарға көрсеткен қамқорлығы үшін», «Ақпараттық қолдаушы», «Қазақстанның өркендеуіне қосқан үлесі үшін», «Жыл меценаты» секілді 11 номинациядан тұрады. Биылғы жобаға өтініш қабылдау уақыты тамыз айының басынан қыркүйек айына дейін жүргізіліп, сыйлықтарды салтанатты түрде тапсыру рәсімі қазан айында Алматы қаласында өтеді. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.