Ресейдегі Қиыр Шығыс гвардиялық жоғары жалпы әскери командалық училищесінің курсанты «Қазақ халқының Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қосқан үлесі» тақырыбында ғылыми еңбек жазып, байқауға қатысқан болатын. Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шараға 700-ден астам әскери-ғылыми жұмыс ұсынылған. Солардың ішінен үздік шыққан Әділет Серікбай Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің грамотасымен марапатталды.
«Менің зерттеуімде Қазақстан жауынгерлерінің майданда көрсеткен ерлігі мен табандылығы, тылдағы жанқиярлығы туралы деректер берілді. Ел тарихын халықаралық деңгейде таныстыру – мен үшін абыройлы іс. Біз ата-бабамыздың ерлігін ұмытпауымыз керек», деді болашақ офицер.
Айта кетсек, Әділет Серікбай 2003 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Сәтбаев ауылында дүниеге келген. 2020 жылы Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институтына түсіп, кейін Қиыр Шығыс гвардиялық жоғары жалпы әскери командалық училищесінің «Теңіз жаяу әскерлері бөлімшелерін басқару» мамандығына ауысты. Алдағы уақытта ол еліміздің Қарулы күштері Арнайы операциялар күштері қатарында қызмет етуді жоспарлап отыр.