Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегіне қарағанда, үшемнің әке-шешесі Мақат ауданында тұрады. Үш бұрымдыны жүктіліктің 35-аптасында босанған.
– Ата-ана үшін де, медицина саласындағы қызметкерлер үшін де үшемнің өмірге келуі – ерекше оқиға. Алайда Атырау облысында үшем сирек кездеседі. Биылғы үшемнің ата-анасы бұрыннан екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Дүние есігін енді ашқан нәрестелерін Қымбат, Сымбат, Қарақат есімімен атады. Үшемнің салмағы бірдей емес. Бірі – 1 921, екіншісі – 2 275, ал үшіншісі – 2 204 грамм. Бойлары 44–45 см аралығын құрады, – деп хабарлады басқарма басшысының орынбасары Әлия Жанғалиева.
Үшемнің анасы Әселхан Кеңесованың айтуынша, өзінің де, күйеуінің де әулетінде егіздер болған. Дәрігерлер үшемнің өмірге келетінін алдын ала ескертіпті.
– Бұл хабарды естігенде қуандық әрі қобалжыдық. Дегенмен бір күнде көпбалалы отбасы атандық. Дәрігерлер үшемнің аман-есен өмірге келуіне жан-жақты қолдау көрсетті, – дейді Ә.Кеңесова.
Атырау облысы