Фотолар: freedom-travel.kz
Овербукинг деген не?
Овербукинг – әуе кемесіндегі орын санынан артық билет сату тәжірибесі. Әуе компаниялары статистикаға сүйеніп, кей жолаушылар рейске келмей қалады деген болжаммен қосымша билет өткізеді. Бұл тәсіл – бос орын қалдырмау, шығынды азайту, рейс рентабельділігін арттыруды көздейді.
Аталған тәжірибе алғаш рет 1950-жылдары АҚШ-та пайда болған. Зерттеулер бойынша кейбір рейстерде жолаушылар толық жиналмайтыны байқалғандықтан, әуе компаниялары табысты арттыру мақсатында овербукинг жүйесін қолдана бастаған екен.
Овербукинг заңсыз емес, оны Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) реттейді. Сондықтан мұндай жағдайға тап болған жолаушы өтемақы талап етуге және өз құқығын қорғауға құқылы. Статистикаға сәйкес, барлық жолаушылардың шамамен 1%-ы ғана овербукингке ұшырайды екен.
Әлемдік ірі тасымалдаушылар мұндай жүйені бұрыннан пайдаланып келеді. Ұшақтағы әр орын – табыс көзі. Бір орын бос қалса, компания шығынға батады. Сондықтан «келмей қалатын» жолаушылар есебінен артық билет сату – коммерциялық есептің нәтижесі.
Алайда есеп нәтижесі қате шықса қалай болмақ? Барлық жолаушы дер кезінде әуежайға келген кезде олардың кейбірі орын жетіспеушілігіне тап болса, адам билетімен де ұшаққа отыра алмайды. Міне, мәселе осында.

Халықаралық тәжірибе және Қазақстандағы заңнамалық өзгеріс
Еуропа елдерінде жолаушы құқығы нақты қорғалған. Еуроодақтың №261/2004 регламентіне сәйкес, тасымалдаушы кінәлі болса, жолаушыға 250-ден 600 еуроға дейін өтемақы төленеді. Бұдан бөлек, тамақ, қонақүй, байланыс шығындары қамтамасыз етіледі. АҚШ-та өтемақы мөлшері нақты бекітілмегенімен, билет құны толық қайтарылады.
Ал, Азия елдерінде талап әртүрлі, бірақ Түркия, БАӘ, Сингапур секілді мемлекеттерде еуропалық үлгіге ұқсас жүйе бар.
Соңғы жылдары Қазақстанда да овербукинг салдарынан ұшаққа отырғызылмай қалғандар саны артқан. Әсіресе, мереке және демалыс күндері, сұраныс жоғары бағыттарда мұндай жағдайлар байқалған.
Бұған дейін жауапкершілік тек халықаралық рейстерге қатысты ғана қарастырылса, Прокуратураның ұсынысымен Мәжіліс Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске өзгеріс енгізіп, жауапкершілікті ішкі рейстерге де таратуды мақұлдады. Енді жолаушыларды, багажды және жүкті тасымалдау қағидаларын бұзған әуе компаниясына 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Нәтижесінде ішкі рейстердегі құқықтық олқылық жойылды және тасымалдаушылардың тәуекелді коммерциялық саясатына тежеу қойылды.
Ұшақ ұшпай қалатын кездер болады
Ұшақ ұшпай қалған сәттерде жолаушыны келесі рейске ауыстыру қаншалықты тез жүзеге асады деген сұрақ туындауы заңдылық. Осы ретте біз Vietjet Qazaqstan әуекомпаниясына сауал жолдаған едік. Аталған компанияның мәліметінше, байланыс орталығына немесе компания өкілдеріне сұрау жіберген мезеттен бастап жолаушы келесі рейске ауыстырылады.
«Қазақстанда компенсация ретінде қайта броньдау немесе айыппұлсыз қайтарудан бөлек, әуе компаниясы алдағы рейске арналған 30 000 теңге сомасы көлеміндегі ваучерді ұсынады. Аталған ваучерді әуебилет сатып алу кезінде немесе қосымша қызметтерді алу кезінде сайтта қолдануға болады», дейді Vietjet Qazaqstan әуе компаниясы өкілдері.

(Фото: vietjetqazaqstan.kz)
Егер рейс әуе компаниясының кінәсінен (техникалық ақау, жоспарлау қателігі, экипаж жетіспеуі) орындалмаса, жолаушы – билет құнын толық қайтаруға, балама рейспен тегін жеткізілуге, тамақ, қонақүй, трансфер алуға, заңнамаға сай ақшалай өтемақы талап етуге құқылы.
Еске салайық, Қарағанды қаласының тұрғыны Вьетнамға демалуға аттанбақ болған. Алайда ұшуға бір тәулік қалғанда әуе тасымалдаушы оған рейстің тоқтатылғанын хабарлаған. Овербукинг үшін сапарға ұша алмай қалған жолаушы әуе компаниясынан келтірілген моральдық зиян үшін өтемақы өндіріп алды.
Овербукинг: Қарағандылық тұрғын әуекомпаниясынан өтемақы өндіріп алды
Ал рейс ауа райы, төтенше жағдай, әуежайдың жабылуы секілді форс-мажор себептермен тоқтатылса, ақшалай өтемақы төленбейді. Бірақ билет құны қайтарылуы немесе басқа рейс ұсынылуы тиіс.
«Әуе компания овербукинг себебінен жолаушыны тасымалдаудан бас тартқан жағдайда оған билетті айырбастау немесе қайтару құқығы және компенсациялық ваучер беріледі. Келесі рейсті күту кезінде қажет болған жағдайда әуе компаниясы жолаушыға тамақ және қонақүйде орналасу қызметін қамтамасыз етеді. Овербукинг жағдайында жолаушыға билетті айырбастау, қайтару, тамақтану және жатын орынмен қамтамасыз етуге қатысты барлық нұсқалар түсіндіріледі. Таңдау жолаушыға беріледі», дейді Vietjet Qazaqstan әуе компаниясының мамандары.
Рейсі ұшпай қалған жолаушы не істеуі керек?
1) Растайтын құжаттарды сақтау. Рейстің ұшпай қалғанын дәлелдейтін барлық материалды жинап қойыңыз: билет, отырғызу талоны, әуе компаниясынан келген SMS, email немесе сайттағы хабарлама. Бұл құжаттар өтемақы талап еткенде қажет болады.
2) Балама рейс не ақша қайтаруды талап ету. Әуежайдағы әуе компаниясы өкілдігіне жүгініңіз немесе онлайн өтініш жіберіңіз. Сізде екі таңдау бар – басқа рейспен жеткізу немесе билеттің толық құнын қайтару. Жауапты жазбаша түрде алған дұрыс.
3) Шығындарды дәлелдеу. Егер компания тамақ, қонақүй немесе трансфер ұсынбаса және шығынды өзіңіз өтесеңіз, барлық түбіртекті сақтаңыз. Олар ресми шағымға қоса тіркеледі.
4) Әуе компаниясына ресми шағым жолдау. Қазақстан заңнамасына сәйкес («Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заң, 86-бап), шағымды 6 ай ішінде беру қажет. Әуе компаниясы 10 күн ішінде жауап беруге тиіс.
Әуе компанияларының шағым беру арналары
Air Astana – сайттағы өтемақы формасы арқылы «Рейстің кешігуі және тоқтатылуы» бөлімін таңдаңыз. Жауап 7-14 күнде берілуге тиіс.
FlyArystan – кері байланыс бөлімінде өтемақы санатын таңдаңыз.
Qazaq Air – info@flyqazaq.com поштасына хат жіберу қажет.
SCAT Airlines – ресми сайттағы форма арқылы өтініш.
Turkish Airlines – Flight disruption / Cancellation бөлімі арқылы.
Emirates – ресми өтемақы формасы, жауап шамамен 14 жұмыс күні.
Flydubai – Compensation for flight disruption бөлімі.
Qatar Airways – Flight disruption немесе cancellation формасы.
Lufthansa – Flight irregularities бөлімі.
Wizz Air – Claim for flight delay or cancellation формасы.
Рейстердің себепсіз кешігуі: Депутаттар әуе тасымалына қатысты тұтынушылар шағымын талқылады
Егер билет агенттік арқылы алынған болса, сол компанияға да шағым жіберіңіз
Егер өтемақы беруден бас тартқан жағдайда мынадай кеңестер ұсынылады:
- Сотқа дейінгі талап жіберіңіз: Рейс нөмірін, күнін, себепті және шығындарыңызды көрсетіп, ресми хат жолдаңыз. 30 күн ішінде жауап берілуі тиіс.
- Құзырлы органға шағымданыңыз: Қазақстанда – Азаматтық авиация комитетіне eOtinish.kz арқылы.
Еуропада – ұлттық авиация органдарына немесе European Union Aviation Safety Agency (EASA). - Сотқа жүгініңіз: Әуе компаниясының өкілдігі орналасқан жердегі сотқа талап арыз беруге болады. Сот тек өтемақыны ғана емес, қосымша шығындарды да өндіріп беруі мүмкін.
Қаласаңыз, өтемақы өндіріп беретін сервистерге жүгіне аласыз: AirHelp, Skycop. Олар өтемақы өндірілген жағдайда ғана комиссияға ақша ұстайды.

Маңызды кеңес
Әуе компаниясының хабарламаларын сақтаңыз;
Барлық шығын түбіртектерін (тамақ, қонақүй, жол ақысы) жинаңыз;
Дауды сабырмен шешуге тырысыңыз;
Қажет болса, ресми шағым жазыңыз немесе сотқа жүгініңіз.
Егер балама рейспен ұшсаңыз да, күту кезіндегі шығындарыңызды өтеуді талап етуге құқығыңыз бар.
Ең бастысы – өз құқығыңызды біліп, дәлелдерді сақтап жүру.
Заңның жүзеге асуы: Жауапкершілік мәдениеті
Қазақстандағы жаңа айыппұл мөлшері – алғашқы қадам. Бірақ бастысы – құқықтық мәдениет болса керек. Біріншіден, жолаушы өз құқығын білуі керек, көбі өтемақы талап етуге болатынынан бейхабар. Екіншіден, тасымалдаушылар ашық жұмыс істеп, рейс тоқтатылса, жедел әрі толық ақпарат беруі қажет. Үшіншіден, шағым қарау рәсімі жеңіл әрі қолжетімді болуы тиіс.
Қазақстанда овербукинг деген атау сирек қолданылады, көбіне рейс техникалық себеппен кейінге шегерілді деп түсіндіріледі.
Дегенмен кез келген жолаушы мұндай жағдайға тап болуы мүмкін. Сондықтан тіркеуден ертерек өтіп, әуежайға уақытылы келіп, өз құқықтарыңызды біліп жүрген маңызды. Ең бастысы – сабыр сақтау, бірақ заңды талабыңыздан бас тартпау.
Қазақстанда ішкі рейстерге де жауапкершілік енгізілуі – азамат мүддесін қорғауға бағытталған маңызды қадам. Ендігі міндет – осы нормалардың нақты орындалуын қамтамасыз ету.
Билет – келісім. Ал келісімнің басты қағидасы – сенім. Егер жолаушы билетті сатып алса, ол өз орнын алуға тиіс. Нарық заңы да, мемлекет ұстанымы да осы қарапайым ақиқаттан аттамаса, овербукинг болған кездегі мәселелер жақсы мәмілемен оң шешіле бермек.
