Қоғам • Бүгін, 09:48

Жанар-жағармай импорты салықтан босатыла ма?

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Жобалық кеңсенің алтыншы отырысында жаңа Салық кодексі нормаларын іске асырудың өзекті тетіктері қаралды. Жиында жанар-жағармай материалдарын импорттау кезінде қосылған құн салығынан (ҚҚС) босату, бау-бақша кооперативтеріне салық салу тәртібі, резидент еместердің қызметі бойынша шот-фактура рәсімдеу, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтығандармен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жанар-жағармай импорты салықтан босатыла ма?

Фото: Үкімет, телеграм

Бау-бақша кооперативтері және ҚҚС

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – бау-бақша қоғамдарының ҚҚС бойынша есепке тұру міндеті. ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегінің 40 млн теңгеге дейін төмендеуіне байланысты тұтыну кооперативі түрінде тіркелген коммерциялық емес ұйымдар арасында алаңдаушылық туындаған.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың түсіндіруінше, тұтыну кооперативі мүшелік жарна есебінен ортақ шығынды жабу үшін құрылған азаматтар бірлестігі болып саналады. Мүшелік жарналар тауар не қызмет үшін төлем ретінде танылмайды, тиісінше ҚҚС салынатын айналымға жатпайды. Сондықтан мүшелік жарна түскен кезде ҚҚС есептелмейді және шот-фактура жазылмайды.

Демек, кооператив тек жарна жинаумен және оны мүшелерінің ортақ қажеттілігіне жұмсаумен шектелсе, ҚҚС бойынша есепке тұру талабы қойылмайды. Ал қосымша кәсіпкерлік қызмет жүргізіп, тауар не қызмет сатудан табыс тапқан жағдайда ғана салық міндеттемесі туындайды.

Ірі салық берешегі бар тұлғаларға елден шығуға тыйым салынады

ЖЖМ импорты кезінде ҚҚС-тан босату

Жиында халықаралық тасымалдауда әуе кемелері пайдаланатын жанар-жағармай материалдарын импорттау кезінде ҚҚС-тан босату мәселесі де қаралды. Жаңа Салық кодексінің 479-бабында мұндай операцияларға қатысты дипломатиялық немесе консулдық мекемелердің отынды мақсатты пайдаланғанын қосымша растау талабы көзделген.

Алайда отырысқа қатысушылар бұл шартты артық әкімшілік кедергі деп бағалады. Нәтижесінде артық рәсімдерді болдырмау мақсатында аталған талапты қолданбау жөнінде шешім қабылданды.

Резидент еместердің қызметі бойынша шот-фактура

Сонымен қатар 2026 жылдан бастап резидент еместерден жұмыстар мен қызметтерді сатып алу кезінде шот-фактура рәсімдеу талабы енгізіледі. Бұл ретте ҚҚС төлеушілер мен төлемейтіндер үшін тәртіп әртүрлі болмақ. Мемлекеттік кірістер комитеті аталған нормалардың қолданылу тәртібі жөнінде алдағы уақытта ресми түсіндірме береді.

Халық пен салықтың есебін түгендеген жоба

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандармен өзара іс-қимыл

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандармен жұмыс істеу барысында шығыстарды шегерімге жатқызу мәселесі де жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтайшысы болып табылатын жеке тұлғамен, егер ол өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолданса, жасалған шарт бойынша шығыстарды корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша шегерімге жатқызу мүмкіндігі қарастырылды.

Қолданыстағы Салық кодексінде мұндай шығыстарды шегеруге тыйым салынбаған. Жеке тұлғаның, оның ішінде құрылтайшының қосымша мәртебесі шегерімнен бас тартуға негіз болмайды.

Дегенмен өзін-өзі жұмыспен қамту режимі бастапқыда өзге кәсіпкерлік қызмет жүргізбейтін азаматтарға арналғаны, ал еңбек қатынастарын азаматтық-құқықтық шарттармен алмастыруға жол берілмейтіні атап өтілді. Бұл мәселе алдағы отырыстарда қайта қаралмақ.

Ауыл шаруашылығы өнімін растау тетіктері

Жиында арнайы салық режимін қолданатын шаруа қожалықтарының өнім өндірісін растау тетіктері де сөз болды. Мұндай шаралар ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу кезінде «сұр» импорттың жолын кесу үшін қажет.

Мал шаруашылығында малдың шығу тегі ақпараттық жүйелер арқылы айқындалады, ал егін шаруашылығында қадағалау жүйесі жұмыс істейді. Дегенмен өнімді растау механизмін нақтылау қажеттігі айтылды. Мәселе бейінді мемлекеттік органмен бірлесіп пысықталып, Жобалық кеңсенің келесі отырысына ұсынылады.

Жобалық кеңесте қаралған бастамалар салықтық әкімшілендіруді оңтайландыруға, артық кедергілерді азайтуға және көлеңкелі айналымды қысқартуға бағытталған. Жаңа Салық кодексін тиімді іске асыру осы ұстанымдарға негізделмек.

Қаржы секторына салық салу жайы қаралды

Соңғы жаңалықтар