«Халқымыз сізді беделді қоғам қайраткері әрі талантты публицист ретінде жақсы біледі және құрметтейді. Айтыс өнерін жаңғыртуға қосқан үлесіңіз айрықша. Ел бірлігі мен халықтар достығын арқау еткен шығармаларыңыз оқырманға жақын әрі түсінікті. Сізге зор денсаулық пен шығармашылық табыс тілеймін» делінген Президент құттықтауында.
Қасиетті Ұлытау топырағында дүниеге келіп, халықтық өнерді қайта тірілткен өнер жанашырының ерен еңбегі осы жылдарда айтыссүйер қауымның көз алдында өтті. Айтыс қайта түлеген тұста естияр баладан еңкейген қарияға дейін ұлттық өнердің жанкүйеріне айналды. Ол Ұлытаудан Алатауға дейінгі дархан дала дарындарын танытып, қазақтың төл өнері – айтысты ғана емес, ұлттық руханиятымыздың сан-саласына қан жүгіртіп, талай-талай өнер иесін бәйгеге қосты.
Айтыс өнерін өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап телевизия саласына әкеліп, көрерменмен қауыштырды. Бұқаралық сипат алып, республикалық-телевизиялық айтыс қайта жанданды. Елдік мүдде, ерлік мұра, қоғамдық мәселелер, халықтың әлеуметтік тұрмысы, тіл, діл мен дін мәселесі айтыс тақырыбына арқау болды. Осы жылдарда айтыс жаңа деңгейге көтерілді. Рухани мектепке айналды.
Руханият жанашыры ұйымдастырушылық бастамасымен республикалық деңгейде айтыстар өткізіп, асыл мұрамызды жаңғыртты. Осы жылдарда от ауызды, орақ тілді ақындар көркем сөздің құнарын келтіріп, көрігін қыздырды. Айтыс өнері тәуелсіздіктен дейін жаңа сипатта дамыды. Ол аймақтағы ақындар мектебінің жандануына ықпал етті. Сөз сайысына түскен жас ақындар азат ой, еркін пікірлерімен көрермен жүрегіне жол тауып, елдік мәселелерді еркін жырлай бастады.
Жүрсін ақынның қаламынан туған жыр жинақтары, публицистикасы оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Шығармаларында ұлттық рух, туған жерге деген сүйіспеншілік, елдік мұрат өрнектелді. Ол өлеңдеріне қоғам шындығын, адам тағдырын арқау етті. Ақынның тұңғыш өлеңдер жинағы – «Жанартау» 1983 жылы жарық көрді. Ізінше «Арайлы күн, армысың», «Ұлытауға бардың ба?..», «Екі тізгін, бір шылбыр», «Құдіретке жүгіну» сияқты бірнеше кітабы оқырманға жол тартты. Ақындар айтысы жинағын шығару, зерттеу ісі де үнемі қаперінде тұрды. Бір сұхбатында «Қаламға жастау кезде ұмтылғанда жазарым әлдеқайда көп болар ма еді. Десем де жазған дүниелерімнің өзіне ризамын» деген белгілі қаламгер айтыстың өз шығармашылығына әсері, ұлттық фольклорлық мұраларды игеруге ықпалы туралы жағымды пікір білдірген болатын.
Осы жылдарда ұлт руханиятына қосқан еңбегі еленіп, халқының құрметіне бөленді. «Құрмет», «Парасат», «Отан» ордендерінің иегері атанды. Қазақстан Жазушылар одағы тағайындаған Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықпен екі мәрте марапатталды.
Қазақ руханиятының қабырғалы өкілдері, қоғам қайраткерлері, жырсүйер қауым қатысқан салтанатты кеште тұлғаның ғұмыр жолы мен шығармашылық белесін арқау еткен деректі фильм көрсетіліп, өлеңдері оқылып, көрермен сахналық қойылымдарды тамашалады.
Осы мерейлі күнде ұстазын құттықтаған шәкірттері мен ізбасарлары өлең арнап, құрмет көрсетті. Мерейтой кешінде 30 жылда ақындарға 300-ден астам автокөлік мінгізген айтыс абызына шәкірттері темір тұлпар сыйлады.
АЛМАТЫ