Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, бұл жұмыстар бұған дейін реконструкциядан өткен нысандарда жүргізіледі. Жоба шеңберінде механикалық гидрожапқыштар автоматтандырылып, оларға су көлемі мен деңгейін нақты есепке алатын заманауи құрылғылар орнатылады. Нәтижесінде 502 шақырымнан астам суару желісі цифрлық басқару жүйесіне көшеді.
Цифрландыру су бөлуді дәл жоспарлауға, шығынды азайтуға және су пайдаланудың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе егін шаруашылығы дамыған өңірлер үшін аса маңызды.
Саладағы жаңғырту жұмыстары мұнымен шектелмейді. Вице-министр Аслан Абдраимовтің айтуынша, биыл Ислам даму банкі қолдауымен оңтүстік өңірлердегі 103 канал бойынша жаңғырту жұмыстары басталады. Соның нәтижесінде 2027 жылға қарай 900 шақырымнан астам канал қайта жаңартылып, автоматтандырылады.
Бұдан бөлек, 2026 жылдың бірінші жартысында тағы 263 каналдың реконструкциясы мен автоматтандырылуына арналған жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталады. Бұл алдағы жылдары ирригациялық инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңғыртуға негіз қалайды.
Су ресурстарын үнемдеп, тиімді пайдалану – ауыл шаруашылығының тұрақты дамуының басты шарты. Жаңа жобалар осы мақсатқа қол жеткізудің нақты қадамы болмақ.
Су ресурстарын басқару саласын цифрландыру тетіктері қаралды