Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Салықты үш жыл артық төлеген
Таңғы сағат – 10.00. Кеңсе ішінде кісі қарасы қалың екен. Бірі қағаздарын қобыратып, енді бірі телефонға телміріп, электронды жүйенің тілін таппай әлек. Елорда тұрғыны, зейнеткер Айгүл Орынбаймен аз-кем тілдестік. 2011 жылдан бері тігін ісімен айналысып келе жатқан кейіпкеріміз киім-кешекті реставрация жасайды. Табысы тұрақты емес, айына шамамен – 200 мың теңге. Жеке кәсіпкерлікті жауып, өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде тіркелу мақсатында «Халық бухгалтері» акциясына жүгінбек ниетте. Акция аясында кәсіпкерлерге тегін кеңес беретін бухгалтер Асхат Асылханұлы құжаттарды қарап отырып сәйкессіздікті байқаған. Бухгалтердің айтуынша, кәсіпкер ұзақ жыл бойы патентпен жұмыс істеген. 2023 жылы салық режімін ауыстырған. Бірақ дәл сол кезде жүйеде маңызды белгі дұрыс қойылмай, салық жоғары мөлшерлемемен есептелген. Ол үш жыл бойы салықты 3 пайызбен төлеп келген. Негізі 1 пайызбен ғана төлеуге тиіс еді.

«Көп жағдайда салық режімін ауыстырғанда жүйеде бір белгі дұрыс қойылмай қалады. Кәсіпкер оны байқамайды. Нәтижесінде, есеп басқа мөлшерлемемен кетеді. Адамдар не төлеп жүргенін толық түсінбейді. Кейін бірнеше жыл өткен соң ғана мәселе шығады. Айгүл апамыздың барлық 910-есебі қайта қаралады. Олар кері қайтарылып, түзету арқылы жаңадан рәсімделеді. Себебі ол кезде салық заңнамасы дұрыс қолданылмаған. Сондықтан артық 2 пайызы кәсіпкерге қайтарылуы керек. Одан кейін 911-есепті қайта тапсырамыз. Алайда бұл үдеріс оңай емес. Өйткені есеп тапсыру мерзімі өтіп кеткен. Қазір электронды түрде өткізу мүмкін болмай отыр. Барлық құжат қағаз жүзінде, салық органдарының мамандары арқылы рәсімделуге тиіс. Содан кейін ғана артық төленген 2 пайызды қайтаруға өтініш береміз», дейді бухгалтер.
Акцияға келгендердің арасында жеке кәсіпкерлігін жаба алмай жүрген азаматтар да аз емес. Солардың бірі – кірпіш зауытында жұмыс істейтін Айдын Солотов. Ол бірнеше айдан бері баяғыда ашқан жеке кәсібін ресми түрде жаба алмай жүр. Себебі кезінде қызметін тоқтатқанымен, жүйеде арнайы белгі дұрыс қойылмаған. Соның салдарынан қағаз жүзінде жабылғандай көрінгенімен, деректер базасында әлі де белсенді күйде қалып қойған. Заң бойынша арнайы өтініш беріп, кәсібін жабу керектігін білмеген.
Құжаттарды тексеру барысында оның деректері бірнеше базада әртүрлі тіркелгені анықталған. Бір жүйеде «жоқ» деп көрсетілсе, екіншісінде «бар» болып шығады. Кей деректері басқа өңірдің базасынан табылған. Айдынның айтуынша, негізгі қиындықтың бірі – электронды порталдағы өтініш жүйесі.
«Бір өтініш жібергеннен кейін, оның қаралуын ұзақ күтуге тура келеді. Кейде қабылданбайды, кейде техникалық себеппен кері қайтарылады. Ал алдыңғы өтініш толық өңделмейінше, жаңасын жіберу мүмкін емес. Сосын өтінішті кері қайтарып, басқа нұсқаға ауыстырғым келді. Бірақ жүйе оған мүмкіндік бермейді. Бұрын бір жерде қате кеткен. Сол өшпей тұр. Қанша рет жіберсем де бәрібір жүйеден «шешілмеді» деген хабарлама келіп тұрады. Арасында портал істемей қалады», дейді кәсіпкер.
Осы қиындықтың салдарынан Айдын бірнеше рет әртүрлі маманға жүгінуге мәжбүр болған. Бір бухгалтерге барса, ол басқа мекемеге жібереді, екіншісіне барса, қайтадан осында жолдайды. Екі ортада жүріп, әбден тауы шағылған. Бухгалтер А.Асылханұлы мәселенің ұшы – жүйеде екенін айтып, шешілетінін жеткізді.
Кәсіпкерлер де кеңеске зәру
Қарап отырсақ, бұл орталыққа зейнеткерлер жиі келеді екен. Көпшілігінің бұрын жеке кәсібі болған. Қазір жаңа жүйеге көшіп, өзін-өзі жұмыспен қамтушы мәртебесіне өтуі қажет. Бірақ оны өздері жасай алмайды. Көбі бухгалтерге жүгінбейді, қымбатсынады. Ал өз бетінше порталға кіре алмайды. Осының бәрін бізбен бірге бақылап отырған бухгалтер А.Асылханұлының айтуынша, «Халық бухгалтері» акциясы басталған кезде негізгі мақсат – халыққа кеңес беру, түсіндіру, бағыт көрсету болған. Алғашында жұмыс тек кеңес беру бағытында жүргізілген. Қандай салық режімі бар, қалай тіркелу керек, қалай өзін-өзі жұмыспен қамтыған деген мәртебеге өтуге болады, қандай есеп тапсыру қажет – осының бәрі ауызша түсіндірілетін.

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
«Біз бастапқыда тек ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргіземіз деп ойладық. Бірақ адамдарға теория керек емес екен. Оларға салыққа, кәсіпкерлікке байланысты бетпе-бет келген мәселелерін шешіп беру керек. Сондықтан біз практикалық көмекке көштік. Қазір акция барысында адамдарға тек кеңес берілмейді, оларға тікелей көмек көрсетеміз. Телефонға қалай тіркелу керек, порталға қалай кіру керек, есепті қалай жіберу керек, банк арқылы қалай шот ашу керек, QR қабылдау қалай жұмыс істейді – бәрі нақты іс жүзінде үйретіледі. Кейбір адамдар телефон арқылы тіркелудің өзін білмейді. Біз отырып, бәрін басынан бастап көрсетеміз. Қай жерге кіру керек, қай батырманы басу қажет, қалай есеп ашу керек – бәрін бірге жасаймыз», дейді ол.
Халық арасында жүріп, оны қатты таңғалдырған мәселе – халықтың жауапкершілік туралы білмеуі.
«Көбі жеке кәсіп аштым, бірақ жұмыс істемедім, ештеңе болмайды деп ойлайды. Бұл – қате пікір. Кәсіп ашылғаннан кейін міндетті түрде медициналық сақтандыру, есеп, әлеуметтік төлемдер жүреді. Жұмыс істемесе де. Кейбір адамдар бес-алты жыл бойы есеп тапсырмаған болып шығады. Сосын мәселе ушыққан соң, «тезірек жабу керек» деп келеді. Қарасақ, 25 есеп тұр. Соның бәрін жасау керек. Бұл – сауатсыздықтан емес, дұрыс ақпарат болмағаннан. Мысалы, жолаушы тасымалдайтын азаматтар статистикалық есеп тапсыруы керек екенін көбі білмейді. Соның салдарынан ай сайын 40-50 мың теңге айыппұл келеді», дейді ол.
Жағдайды көзбен көріп, әбден қанық болғасын, мұндай жағдайдың алдын алуға қатысты бухгалтерден кеңес сұрадық. Асхат Асылханұлы адамдарға бір ғана кеңес береді:
«Біреудің сөзіне сеніп, соған еріп кетуге болмайды. Ақпаратты міндетті түрде тексеру керек. Ашық дереккөздер бар. eGov, e-Salyq, Uchet.kz, Paragraf бар. Солардан қарау керек. Сосын маман таңдайтын кезде арзан бухгалтер де, қымбат бухгалтер де мәселе емес. Ең бастысы – сапа. Баға емес, нәтиже маңызды. Кәсіпкер тыныш жұмыс істеуі керек. Ал кейбірі үстірт түсіндіреді, тереңіне бармайды. Ол адам өзі де дұрыс білмеуі мүмкін. Сондықтан әр адам өзіне, кәсібіне қатысты заңдық нормалармен, ережелермен таныса жүргені дұрыс», дейді ол.
«Халық бухгалтері» акциясы жұмысын бақылағаннан кейін бұл бастаманың жай ғана «ақпарат тарату» емес, нақты көмек көрсететін құралға айналғанын аңғардық. Қабылдауға күн сайын 70-80 адам келіп кетеді. Осы жұмыстың басы-қасында жүрген, үдеріске жауапты тұлға ретінде Сарайшық ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқарма басшысының орынбасары Дархан Молдажанның айтуынша, бұл акцияның басты миссиясы – халыққа барынша түсінікті етіп жеткізу.
«Акция 5 қаңтардан басталып, 30 маусымға дейін жалғасады. Қазір осы жобаға жұмылған бухгалтерлер бастапқы келісім бойынша маусымға дейін тұрақты жұмыс істеп отыр. Егер қандай да бір себеппен мамандар ауысса, біз басқа білікті мамандарды шақырамыз. Бірақ жұмыс тоқтамайды. Себебі «Халық бухгалтеріне» деген халықтың сұранысы жоғары, бұл жерден адам арылмайды, күнде келіп жатыр. Біз бухгалтерлерді таңдағанда біліктілігін алдын ала тексердік, сұхбат жүргіздік. Қазір отырған мамандардың деңгейіне өзіміз де таңғалып отырмыз, жұмысы өте сауатты», деді Д.Молдажан.

Республикалық акция қазір облыс орталықтарында, сондай-ақ Астана, Алматы мен Шымкент қалаларында, мемлекеттік кірістер басқармаларының базасында офлайн форматта тегін өткізіледі. Жоба аясында мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері мен 120-дан астам аккредиттелген кәсіби бухгалтер халыққа қызмет көрсетеді. Осы уақытқа дейін 17,5 мыңнан астам салық төлеуші кеңес алып, 160-тан аса кездесу өткен.
Ресми дерекке сүйенсек, бетпе-бет форматтағы жұмыс тиімділігін көрсеткен. Қатысушылар бухгалтерлік есеп, салық есептілігі, электронды жүйелермен жұмыс, арнайы салық режімдері, ҚҚС мәселелері, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың қызмет түрлері, электронды шот-фактуралар және салық міндеттемелерін орындау тәртібі бойынша нақты практикалық кеңес алған.
Біздің бір аңғарғанымыз, қарапайым халық, құжатқа, есеп-қисапқа ықтият бола бермейді. Көбіне құқығы мен міндетінен де бейхабар. Ал салық тәртібі жүре тыңдап, енжар қарайтын мәселе емесі анық. Сондықтан халық пен салықтың есебін түгендеген осындай акция өте-мөте қажет екені айтпаса да түсінікті.