Саясат • Бүгін, 08:48

Сенат халықаралық келісімдерді мақұлдады

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Мемлекет басшысының Жарлығымен осы жылдың 15 наурызында өтетін жаңа Конституция жобасы бо­йынша республикалық референдумды қолдайтындарын білдірді. Сон­дай-ақ отырыста күн тәртібіне шығарылған халықаралық келісімдер қаралып, мақұлданды.

Сенат халықаралық келісімдерді мақұлдады

Отырыста Сенат төрағасы бұқара­лық ақпарат құралдарында жария­ланған жаңа Конституция жобасы кең ауқымды қоғамдық талқылаудың нәти­жесі екенін атап өтті. Палата спикері бұл құжат «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты нәтижесі екенін де тілге тиек етті.

– Мемлекет басшысы 15 наурызда жаңа Конституциясының жобасы бо­йынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – ел дамуының жаңа кезе­ңін айқындай­тын маңызды оқиға. Жаңа Конституция жобасы ашық әрі жан-жақты талқыланып, мұқият пысық­талды. Талқылау барысында азамат­тардың ұсыныстары ба­рынша ескерілді. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзін­дегі жарқын көрінісі екені сөзсіз. Сол арқылы Әділетті Қазақстанның конс­ти­туциялық моделі қалыптасып келе­ді. Алдағы уақытта Сенат депутаттары жаңа Ата заңымыз туралы рефе­рен­­­дум­ды ілгерілету жұмыстарына бір кі­сі­­дей атсалысады. Осы ретте Әді­лет­ті Қазақ­станның құқықтық негізі қала­на­­тын жауапты кезеңде барша отандас­­тары­­мыз өздерінің азаматтық ұстаным­­дарын білдіріп, референдумға белсен­ді қа­ты­сады деп сенеміз, – деді М.Әшімбаев.

Бұдан соң палата отырысында Наурызбай Байқадамовтың Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры болып тағайындалуына байланысты Сенат депутаты ретіндегі өкілеттігін тоқтату туралы мәселе қаралды. Сенат төрағасы Наурызбай Байқадамовқа палатаның заң шығару ісіне белсенді атсалысқаны үшін алғыс білдіріп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

Сонымен қатар сенаторлар Қырғыз­станның Ыстықкөл аймағындағы меншік құқықтарын реттеу туралы келісімді және жер учаскелерін жал­ға беру туралы келісімді ратификация­лады. Енді Қазақстан Қырғыз Республикасында орналасқан санаторий, екі демалыс үйі мен спорттық-дене­шынықтыру орталығына иелік етеді. Спорттық орталықтан өзге 3-4 жұл­­дызды қонақ­үйлерде жаңғырту жұ­мыс­тарын одан әрі жүргізе алады.

– Аталған заңдар Қырғыз Респуб­ликасы аумағында орналасқан курорт­тық-рекреациялық нысандарға – «Қазақстан» санаторийіне, «Самал» демалыс үйіне, «Университет» спорттық-сауықтыру лагеріне және «Олимп» спорт­тық-сауықтыру орталығына – Қазақ­стан Республикасының меншік құ­қығын реттеуге және айқындауға ба­ғыт­талған. Сонымен қатар жалпы ауданы 58,8 гектарды құрайтын осы нысандар орналасқан жер телімдерін жалға алу шарттарын өзектендіру көзделген, – деді сенатор Бекбол Орынбасаров.

Мұндағы жер учаскелері 49 жыл мерзімге жалға беріледі. Ал қырғыз тарапы нысандарды тәркілемеуге, олардың мақсатқа сай пайдаланылатынына кепілдік береді. Барлық әрекет «2006 жылғы 4 шiлдедегі Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының аумағында ор­наласқан курорттық-рекреациялық шаруашылық объектiлерiне Қазақстан Республикасының меншiк құқықтарын реттеу туралы келiсiмді және 2006 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Респуб­ли­касы­ның Үкiметi мен Қырғыз Рес­пуб­ликасы­ның Үкiметi арасындағы Қырғыз Республи­касы Ыстықкөл об­лысының аумағында орналас­қан курорттық-рекреациялық шаруашы­лық объектiлерiне Қазақстан Республи­ка­сының меншiк құқықтарын реттеу туралы келiсiмге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хатта­маны ратификациялау туралы» және «2009 жылғы 1 желтоқсандағы Қазақ­стан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасын­дағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының Ыстықкөл ауданындағы жер учаскелерін жалға беру туралы шартты және 2009 жылғы 1 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі ара­сын­­дағы Қырғыз Республи­ка­сы Ыстық­­көл облысының Ыстықкөл ауданын­дағы жер учаскелерін жалға беру туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң аясында жүзеге асырылады.

Құжатта сондай-ақ материалдық-техникалық базаны нығайтып, көрсе­ті­летін қызмет сапасын арттыру үшін инвес­тиция тарту мүмкіндігі қарасты­ры­лған. Жалпы, бұл заң туризм сала­сы­ның дамуына серпін беріп, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы екіжақты ын­ты­мақтастықты одан әрі нығайта түспек.

Сондай-ақ Сенат депутаттары Еуразиялық экономикалық одақ пен Моңғолия арасындағы Уақытша сауда келісімін ратификациялады. Бұл әсіресе отандық тауарлардың Моңғолия нарығына кедендік баж салығынсыз шығуына жол ашты. Жалпы, келісім ЕЭАО елдері мен Моңғолия арасында 367 тауарларға қатысты импорттық кедендік баждарды жоюды көздейді.

– Елімізден Моңғолияға темекі өнімдері, нан және кондитерлік өнімдер, кофе мен шай, дәрілік заттар, теледидарлар, мониторлар мен проекторлар жеткізіледі. Ал Қазақстан Моңғолиядан жылқы етін, картоп, пошта маркалары мен өзге де бағалы қағаздарды, шұлық тауарлары, аяқкиім және басқа да тауарларды импорттайды. Сондықтан келісімді ратификациялау ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп секторларының дамуына оң әсерін тигізеді, – деді сенатор Әлібек Нәутиев.

Сенаторлардың айтуынша, ЕЭАО елдері мен Моңғолия арасында алыс-беріс артып, өзара сауда көлемі ұлғаймақ. 

Соңғы жаңалықтар