«Таза Қазақстан» • Кеше

Ерікті жастар елдік бастамаға атсалысты

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Таза Шым» жобасы іске асырылып, оған қа­ланың белсенді жастары атсалысып келеді. Жақында жастар Тұран ауданына қарас­ты Ақтас елді мекеніне барып, аумақты қоқыстан тазалады. Өз кезегінде аудан әкім­­­дігінің мамандары да жастарға қолғабыс көрсетті. Қажетті құрал-сайман, техни­камен қамтамасыз етті.

Ерікті жастар елдік бастамаға атсалысты

Жалпы, қыс мезгілінде қала тұр­ғын­дары Ақтас ауылына келіп сырғанақ тепкенді ұнатады. Алайда кей жағдайда табиғат аясында де­малу­шылар тазалық ережелерін ұмыт қал­дырып жатады. Соның салдарынан қор­шаған ортаның кейпін бұзған қоқыстар пайда болады. Оларды жинауға жалғыз ауыл тұрғындарының шамасы жетпейді. Сол себепті қала жастары ақтастықтарға көмек­ке келді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның мақсаты – айналаны тек қоқыстан тазарту емес, сонымен бірге, тұрғындарды қаланы таза ұстауға шақыру. Тазалық акция­сы сонысымен де маңызды. Айнала мұнтаздай таза болса, біріншіден, туған жердің экологиясына пайда, екіншіден, тұрғындардың қоғамдық жауапкершілігінің жоғары екенін көрсетеді. Мұндай бастамаға жас­тардың тартылуы келешек сапалы ұрпақ­тың қалыптасуына негіз қалайды.

«Тазалық әр отбасынан басталуы керек. Осы орайда жастардың белсенді араласуымен шаһарда «Таза Шым» жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Тазалық іс-шарасында ерекше көзге түскен ерікті жастарға айтар алғысымыз зор. Жоғары оқу орындарының студент­тері жұмыс та істеп, ара­сында флешмоб ұйым­дастырып та үлге­ріп жүр. «Таза Қазақстан» акциясы қала, елді ме­кендерді қоқыс­тан тазартумен қатар, адам­дардың бойын­­да тазалық мәдениетін қалып­т­астыруға үн­дейді. Қоршаған ортаның тазалығына мән беру адам бойында Отанға деген сүйіс­пеншілік сезімін оятады. Жастарды таби­ғатты аялауға үйретеді. Сол тұрғыда «Таза Қазақстан» акциясы, оның аясында іске асып жатқан «Таза Шым» жоба­сы әрі таза­лықты көздеген, әрі рухани кемел­­дікке үндеген маңызды бастама. Ақтас елді меке­нін­де ұйымдастырылған тазалық іс-шара­­сына Шымкенттің екі жүзге жуық ерікті жасы қатысты»,  дей­ді мегаполистегі Жастар ресурс­­тық орталығының басшысы Жансерік Жұман.

Акция барысында қатысушылар «тазалық­ты сақтау бір күндік науқан емес, күнделікті дағды болуға тиіс» деген пікірді алға тартып, бар­­шаны осы қағиданы қалыпты ұстануға шақырды. Жастардың ұйымдасуымен өткен іс-шара шаһардың тазалығына ғана емес, қоғам­ның экологиялық санасының оянуына да өз септігін тигізеді.

 

ШЫМКЕНТ 

Соңғы жаңалықтар