Фото: time.kz (архив)
Депутат жаңа жоба «Әділетті Қазақстан» қағидатын мемлекеттік дамудың іргелі бағдары ретінде айқындағанына назар аударды.
«Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы алғаш рет Преамбула мен жалпы ережелер деңгейінде мемлекеттік дамудың іргелі бағдары ретінде «Әділетті Қазақстан» құндылығын белгіледі. Әділетті Қазақстан қағидаты Қазақстан Халық партиясы толық қолдайтын әлеуметтік әділеттілікті білдіреді. Әділетті Қазақстан – «Заң мен Тәртіп» қағидатын сөзсіз ұстанатын, тең мүмкіндіктер ұсынатын ел», деді Магеррам Магеррамов.
Оның сөзінше, құжатта тарихи сабақтастық пен ұлттық құндылықтарға айрықша мән берілген. Преамбулада этносаралық және конфессияаралық келісім қоғамдық тұрақтылық пен орнықты дамудың басты негізі ретінде көрсетілген. Сондай-ақ еңбек ету құқығына қатысты норма ерекше қолдауға ие болған.
Институционалдық өзгерістер де жобаның маңызды бөлігі саналады. Депутат мемлекеттік билік құрылымының жаңаша үлгісі ұсынылғанын айтты. Бірпалаталы Парламент құру, «Халық кеңесі» атты жоғары консультативтік орган қалыптастыру сияқты бастамалар жаңа саяси бағдардың айғағы ретінде бағаланды. Магеррамовтың пайымынша, ендігі жерде мемлекет тек үдерістерді басқарушы емес, азаматтарға қызмет ететін институтқа айналуға тиіс.
Ол құжаттың қоғамда кең қолдау тапқанын атап өтті.
«Ел тұрғындарының басым көпшілігінің жаңа Конституция жобасын толық қолдайтынын сеніммен айта аламын. Мұны тек Комиссияның ғана емес, сонымен қатар еліміздің барлық өңірлеріндегі жаңа Конституция жобасын әртүрлі қоғамдық, әлеуметтік топтармен, қоғамдық ұйымдармен және еңбек ұжымдарымен талқылау аясында кездесулерді өткізген Халық партиясы филиалдарының жұмысына байланысты айтып отырмын», деді депутат.
ҚХП аймақтарда жаңа Конституция жобасын талқылауды жандандырды
Мәжілісте Қазақстан Халық партиясы фракциясының бастамасымен барлық өңірлік филиалдар, сарапшылар, ғылыми және заңгерлік қауымдастық өкілдері, кәсіпкерлер мен үкіметтік емес ұйымдар қатысқан кеңейтілген отырыс өткен. 100-ге жуық адам қатысқан жиында жаңа Конституция жобасына бірауыздан қолдау білдірілген.
«Жаңа Конституцияның жобасы – өткен кезең мен бүгінгі басымдықтарды түсіне отырып, Қазақстанның болашақтағы жаңа бағдары туралы шешім қабылдаған халықтың бірлігі мен біртұтастығының белгісі деп айтуға болады. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, біз жаңа Конституцияның жобасын жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынамыз», деп түйіндеді Магеррам Магеррамов.
Вице-президент және Халық кеңесі: Жаңа Ата Заң жобасы Варшавада таныстырылды