13 Тамыз, 2015

Атырауда полиция қызметкері адам өлтіру күдігімен қамалды

329 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
13-08-2015-police 01АТЫРАУ. 13 тамыз. Атырау облысында полиция қызметкері адам өлтіру күдігімен қамауға алынды. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Ішкі істер басқармасына жергілікті азамат туысының із-түссіз жоғалғаны туралы шағымданған. «Өзбекстан Республикасының 1987 жылы туған азаматы, үй иелері демалысқа кеткенде осында тұрып қалған. Арызданушының айтуынша, тамыздың 5-нен бастап туысының телефоны өшірулі, байланыс болмаған. Пәтер құлпы бұзылмаған, бірақ ішінде ақшасы мен алтын бұйымдар сақталған темір жәшік болмай шыққан. Жедел уәкілдермен жоғалған азаматты іздестіру барысында бұл қылмысқа полиция қызметкерінің қатысы бар деген ақпарат алынды», – деп хабарлады облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнәзира Мұхтарова. Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасарының жетекшілігімен құрамында өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметкерлері бар жедел тергеу-іздестіру тобы құрылып, қылмысқа күдікті 1989 жылы туған Өзбекстан азаматы ұсталып, одан айғақ заттар, алтын бұйымдар табылып, тәркіленді. Сонымен бірге, осы қылмысқа күдікті 1993 жылы туған полиция қызметкері де  анықталып, ұсталды. Іздестіру шараларының нәтижесінде қаладан 33 шақырым қашықтағы Атырау-Индер тас жолының Алға ауылы тұсында, далада көміліп тасталған жәбірленушінің денесі табылып алынды. Қазір күдікті екеу, бірі – полиция қызметкері, екіншісі – Өзбекстан Республикасының азаматы уақытша оқшаулау орнына қамауға алынды. Оларға Қылмыстық кодекстің үш бірдей бабымен, атап айтқанда, 125-бап «(Адам ұрлау), 192-бап (Қарақшылық) және 99-бап (Адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүруде. Жолдасбек Шөпеғұл. Дерек: Атырау облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі. Сурет: azh.kz.