Фото: egemen.kz/ Ерлан Омар
Олжас Бектенов Мемлекет басшысының ел экономикасын одан әрі нығайту жөніндегі алға қойған міндеттеріне, Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген стратегиялық мақсаттарға сәйкес Үкімет 2025 жылы жүйелі өзгерістерге бағытталған іс-шаралар қабылдағанын атап өтті.
«Салық, тариф және бюджет саясатында, цифрлық және құрылыс секторларында, сондай-ақ әлеуметтік салада қабылданған шешімдер экономиканы дамытуға тосқауыл болып отырған құрылымдық диспропорцияларды жоюға бағытталды. Салық және бюджет реформасы Ұлттық қордан нысаналы трансферттерді алмай-ақ, еліміздің үш жылдық бюджетін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Ол 2028-ші жылға қарай бюджет тапшылығын ішкі жалпы өнімнің 0,9%-на дейін қысқартуға ықпал етеді. Жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі 2025-ші жылғы 50%-дан 2028 жылы 34%-ға дейін төмендейді», деді Олжас Бектенов.
Жүзеге асырылған реформалар кезеңінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың орнықты өсімін сақтап қалуға қол жеткізілді. Құндық мәнде ІЖӨ-нің өсуі $20,1 млрд-ты құрады.
Жалпы, 2025 жылы ІЖӨ өсімі 6,5%-ды құрады. Экономикалық өсімді негізгі салалардың жедел дамуы қамтамасыз етті. Оның ішінде көлік – 17,8%-ға, құрылыс – 14,6%-ға, тау-кен өнеркәсібі – 17,4%-ға, өңдеу өнеркәсібі – 12,2%-ға, сауда – 26%-ға және ауыл шаруашылығы – 5,9%-ға өсті.
Айта кетейік, дәл қазір Президент төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.