Парламентте салық реформасы талқыланған кезде мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа алатын ұйымдарға қатысты ереже өзгертілді. Депутаттардың ұсынысына сәйкес, биылдан бастап мұндай қызметкерлерге төленетін еңбекақы қорының 51%-ы корпоративтік табыс салығы бойынша жеңілдік ретінде есептеледі. Бұған дейін есту, сөйлеу, көру қабілеті бұзылған адамдар жұмыс істейтін арнайы ұйымдарда 35% мөлшері қолданылған еді. Енді бұл норма өзгертілді.
Жаңа тәртіп жұмыс берушілерге таңдау жасаудың қажеті болмайтындай етіп енгізілді. Ұйымның түріне қарамастан, мүгедектігі бар адамды жұмысқа алу мүмкіндігі кеңейеді. Сонымен қатар қызметкерлердің жеке табыс салығына берілетін жеңілдігі бұрынғыдай толық сақталады. Бұл өзгерістің басты мақсаты жұмыс берушілерді жаңа жұмыс орындарын ашуға әрі оларды тұрақты сақтауға ынталандыру болып отыр.
Сонымен қатар Салық кодексіне алғаш рет мүгедектік тобына байланысты жеке табыс салығында әлеуметтік шегерімді бөлек есептеу тәртібі енгізілді. Бұған дейін жұмыс істейтін мүгедектігі бар адамға шегерімнің жалпы шегі 882 АЕК болатын. Жаңа өзгерістер бойынша бұл мөлшер үшінші топқа сақталып қалды. Ал бірінші және екінші топтағыларға шегерім көлемі 5000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Осы жаңа норманы қолдануға байланысты мемлекеттік органдарға өтініштер түсе бастаған. Мысалы, егер бір жыл ішінде қызметкердің денсаулығы нашарлап, үшінші топ бірінші немесе екінші топқа ауысса я керісінше өзгерсе, сол жылға жеке табыс салығын қалай есептеу керек деген сұрақтар туындады. Салық кодексінің 404-бабының 2-тармағына сәйкес, әлеуметтік шегерім сол негіз пайда болған немесе бұрын қолданылған күнтізбелік жылға есептеледі.
Осы мәселенің әлеуметтік маңызын ескере отырып, Жобалық кеңсенің отырысында нақты шешім қабылданды. Егер мүгедектік тобы бірінші мен екінші немесе үшінші топ арасында өзгерсе, сол жыл үшін толықтай 5000 АЕК мөлшерінде әлеуметтік салық шегерімі қолданылады. Бұл шешім жұмыс істейтін мүгедектігі бар адамдардың табысын қосымша қорғауға, салық жүктемесін азайтуға, әділетті жүйе қалыптастыруға бағытталған.
Ең жиі көтерілетін мәселелердің бірі – салық төлеушінің жеке шотында артық төлем болған жағдайда, қосылған құн салығын төлегеннен кейін электрондық шот-фактураны қандай тәртіппен және қандай мерзімде рәсімдеу керек деген сұрақ. Осыған байланысты Мемлекеттік кірістер комитеті жақын уақытта өз ресми ақпараттық ресурстарында арнайы түсініктеме жариялауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар Жобалық кеңсенің отырысында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен тағы бір мәселе көтерілді. Ол – квазимемлекеттік компанияларды сатып алу кезінде салық төлеушінің шығындарын есепке алу тәртібі. Әсіресе оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режімін қолданатын кәсіпкерлерден алынатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтерге қатысты шығындарды корпоративтік табыс салығы бойынша шегеруге жатқызу мәселесі талқыланды. Бұл бағытта қосымша талдау жасап, заңға тәуелді құжаттарға өзгерістер енгізу және жеткізушілерге қойылатын талаптарды қайта қарау қажет екені айтылды.
Сондай-ақ өткен аптада мемлекеттік органдарға және Мемлекеттік кірістер комитетіне call-орталық пен Salykbot Telegram-арнасы арқылы шамамен 14 мың өтініш түскені хабарланды. Бұл көрсеткіш алдыңғы аптамен салыстырғанда 2,1 мыңға азайған.